Швецияның НАТО-ға өтінімін бұғаттаған Венгрия Америкадан "таяқ жеді"

1481

Қырсықтығынан арылмайынша, Венгрия басшылығы АҚШ-тың озық қаруын ала алмайды әрі жаңа санкцияларға тап болуы ықтимал. 

Швецияның НАТО-ға өтінімін бұғаттаған Венгрия Америкадан "таяқ жеді" Фото: yamal-media.ru

Сарапшылардың айтуынша, Швецияның Солтүстікатлантикалық Альянсқа мүше болу өтінімін Венгрия бұғаттап отыр. Осыған байланысты Құрама Штаттар Республикалық партиядан сайланған сенатор Джеймс Э.Риш арқылы Венгрияға америкалық қаруды сатуды бұғаттап тастады.   

The Washington Post жазуынша, АҚШ пен Венгрияның арасы ушығып барады, себебі Будапешт Украинаға Батыстың толыққанды көмек көрсетуіне барынша кедергі жасап келеді. Ол енді тағы бір теріс қылығымен әлемдегі №1 державаны кіжіндіріп отыр: Түркиямен бірге Венгрия да Швецияның НАТО-ға кіру өтінімін ратификациялауға асығатын емес.

Анкараның талабы белгілі: Түркиядағы тұрақсыздыққа, лаңкестік актілерге қатысы бар деген тұлғалары, күрдтер Швециядан пана тауып келді. Ердоған билігі соларды елге қайтаруды талап етіп отыр.

Оның үстіне даниялық делқұлы, исламофоб саясаткер Расмус Палудан 2023 жылғы қаңтарда Швецияға арнайы келіп, Түркия елшілігінің алдында Құранды өртеді. Оның бұл жексұрын әрекетін жүзеге асыруына швециялық полиция кедергі жасау орнына, оған қорған болған. Негізі, сарапшылар даниялық бұл саясаткерсымақты Кремль қаржыландырады деп тұспалдайды: ол Мәскеу нақты бір еуропалық жобаға кедергі жасағысы келсе, сол жерден табылады. Бұл жолы да ол дәл Швецияның НАТО-ға өтінімі қаралып жатқан тұста өз елінде қалмай, көршісінің астанасы Стокгольмге арнайы келіп, қаскөй қарекетін жүзеге асырды. Расист Р.Палудан Ердоғанға үндеу жолдап, мұндай арандатушылық акцияларын жалғастыратынын мәлімдеді. Бұған жауабы ретінде Түркия Швецияның өтінімін ратификациялауды доғарды.

Венгрияның жағдайы басқаша: бұл елдің іс жүзіндегі басшысы және премьер-министрі Виктор Орбанға өз саясатын швециялық саясаткерлердің қатты сынайтыны ұнамайды. Бұдан бөлек, мұның астарында Швецияның НАТО-ға мүше болуына Кремльдің қарсылығы да жатуы мүмкін.

Мысалы, Батыс елдері бойкот жариялаған Петербург халықаралық экономикалық форумына кеше Венгрия делегациясын бастап келген Сыртқы істер министрі Петер Сийярто Мәскеуді қолдайтындарын ашық паш етті. Ол Венгрияның Украинаны қолдамайтынын білдірді. Бұл аз болғандай, Венгрия "Киевті Батыстың қолдауы салдарынан Украинадағы соғыс ұзаққа созылып кетеді" деген теріс ұстанымын жария етті. Яғни, олардың байламынша, Батыс және дамыған елдер Украинаға көмектесуін тоқтатуы керек, сонда өз азаттығы үшін күресуге қауқары қалмай, Киев тізе бүгеді, Мәскеу қайтадан бұл елге өз үстемдігін жүргізе алады.

Бұдан бұрын премьер-министр Виктор Орбан да Кремльдің ұстанымын қайталап, Украинаның жеңуге еш мүмкіндігі жоғын мәлімдеді.

Шыдамы таусылса керек, АҚШ Конгресіндегі Халықаралық қатынастар комитетінің басшысы сенатор Джеймс Э.Риш Американың Венгрияға 735 миллион доллар көлемінде қару жеткізілімі тоқтатылатынын жария етті.

"Бұл – Швеция өтінімін мақұлдаудан бас тартқаны үшін Венгрияның жазасы. Мұндай ашықтан-ашық жүргізілген шара – сирек кездеседі. Осы арқылы Вашингтон Будапештті Альянстың кеңеюін құптауға мәжбүрлемек. Себебі, Швеция НАТО-ға осы әскери блоктың алдағы шілде айындағы саммиті аясында қосылуға тиіс еді. Бірақ оны Венгрия бұғаттап отыр", – деді америкалық саяси шолушы Джон Хадсон (John Hudson).

The Washington Post газетіне түсініктеме берген айдахолық сенатор Риш бұл қадамның Швецияны НАТО-ға жіберуге Будапештті көндіруге бағытталғанын растады. Әйтпесе, Венгрия өз армиясының қаруын жаңғыртатын әскери көмекті ала алмайды. Сенатордың дерегінше, Венгрияға арналған 735 миллион долларлық қару-жарақ пакетіне атақты HIMARS зымыран кешендерінің 24 батареясы, 100-ден аса зымырандар мен блоктар кіреді.

"Жаңа қаруды Будапештке сатуды бұғаттау туралы шешім бір жағынан, НАТО елдері тарапынан өз сапындағы Венгрияға деген жеккөрініштің артқанын паш етеді. Бұл ел басшылығы Кремльдің қолшоқпарына айналып, ұжымдық Батыс арасына іріткі салумен айналысуда. Мен біраз уақыттан бері венгриялық биліктің қарау қарекеттеріне алаңдаушылықты ашық білдіріп келдім. Енді сөзден іске көшетін кез келді", – деген пікірде сенатор Джеймс Э.Риш (James E. Risch).

Заңнама бойынша Американың өзге елдерге ірі көлемде қару-жарақ сатуын ең алдымен Конгрестің қос палатасының – Сенат пен Өкілдер палатасының комитеттері мақұлдауға тиіс. Риштің қарсылығы АҚШ Мемлекеттік департаментіне бұл сауданы ары қарай ілгерілетуге мүмкіндік бермейді.

Венгрия басшылығы ақпарат құралдарының сауалына жауап бермеді. 

Осының алдында, осы сейсенбіде НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Вашингтонға сапарлап, Ақ үйде келіссөздер жүргізген болатын. Риш қадамының содан кейін жасалуына сол да ықпал етуі мүмкін. Өйткені шілде айында, дәл Ресейдің іргесінде, Литвада өтетін НАТО-ның үлкен саммитінде Столтенберг пен АҚШ Президенті Джо Байден Батыстың әскери блогына Швеция кіргенін, яғни соғыс басталғалы НАТО-ның тағы кеңейгенін жариялауға ниетті. Батыс сарапшыларының байламынша, НАТО-ға Финляндия мен Швецияның қатар кіруі – Мәскеуге жасалған тарихи соққы болады. Өйткені В.Путин Украинаға шапқыншылығын НАТО-ның кеңею талпынысын тоқтату талабымен түсіндірген еді. Кремль ойдан шығарған бұл қауіп шындыққа айналғалы тұр.

Бірақ Батыстың бұл әскери блогында шешімдер консенсуспен қабылданады. Тиісінше, бұл үшін Венгрия мен Түркия Швецияның өтінімін мақұлдау туралы ортақ шешімге бас июі шарт. Ендеше алда осы түркітілдес екі елге Батыстың қысымы күрт артуы ғажап емес.

Мысалы, Венгрияның Мәскеумен экономикалық және басқа қатынастарды одан әрі тереңдете түсуге қатысты шешіміне жауап ретінде АҚШ Қаржы министрлігі венгриялық Халықаралық инвестициялық банктің лауазымды тұлғаларына қарсы санкция енгізді. Бұл одақтастарға тән емес әрекет. Бірақ оған бармасқа Американың амалы жоқ. АҚШ-тың Венгриядағы елшісі Дэвид Прессманның айтуынша, аталған банк "Еуропадағы ресейлік шпионаждың базасы ретінде пайдаланылады".

Бұл ретте Венгрия халқы Ресейге емес, Батысқа ұмтылады. Қарапайым мадиярлар (Венгрия халқының байырғыдан келе жатқан атауы, magyarok сөзінен шыққан), жергілікті сарапшылар Орбан билігін "дос және одақтас АҚШ-пен араздастырды" деп сынайды. Бұған билік құлақ аса ма, әлде Кремлдің шашбауын ары қарай көтере бере ме, бұл алдағы уақытта анықталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу