Шымкент агломерацияға айналды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3375

Қазақстандық алпауыт қалалардың қатары толықты. Әрине, ол бұрыннан болған, бірақ енді ресми құжатқа ие болып отыр.

Шымкент агломерацияға айналды

Ел үкіметі "Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын" бекітті. Үкіметтің тиісті қаулысына премьер Бақытжан Сағынтаев қол қойды. Осыған орай барлық орталық және Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі жергілікті атқарушы органдарға осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдау жүктелді. Құжат күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Схеманы инвестициялар және даму министрлігі әзірлеп шығыпты. Ведомство басшысы Жеңіс Қасымбектің түсіндіруінше, осы жоба бойынша дәл қазір қаржылық шығындар "талап етілмейді". Өйткені ол қаржылық қамтамасыз етілген: бұған дейін әртүрлі бағдарламаларда қарастырып қойылыпты.

Сонымен бірге, осы жобаның арқасында "Шымкент қаласы мен облыстың онымен іргелес бүкіл аумағында инженерлік-көліктік инфрақұрылым, өндіріс, көші-қон ағындары реттеледі, халықты қоныстандыру жүйесі және басқалары өзара үйлесімде, әрі өзара байланыста дамытылады".

Шымкент агломерациясының өңіраралық схемасы аумақты дамыту перспективаларын және оның инфрақұрылымға ұзақ мерзімді қажеттілігін айқындайтын қала құрылысы стратегиясы болып табылады. Құжатта "Шымкент агломерациясының" шекаралары айқындалады. Ол сондай-ақ "аралық" (2020 жылға дейінгі) және "есептік" (2030 жылға дейінгі) жобалау мерзімдеріне аумақтың қала құрылысын перспективалы дамытудың жобалық ұсыныстарын қамтиды.

Шымкент агломерациясы аумағының қала құрылысын игерудің бірінші кезектегі бағыттарына "өңір халқын қоныстандыру", "өндіргіш күштерді орналастыру", "өңірдің инженерлік-көліктік инфрақұрылымын дамыту", "аумақты инженерлік қорғау", "қоршаған ортаны сақтау" және "функционалдық мәні бойынша аумақты аймақтарға бөлу" жөніндегі жобалық ұсыныстар кешені жатады.

Бір айта кетерлігі, Шымкент қаласының қазіргі аумағы 117 000 гектардан асады. Бұл ретте 2013 жылға дейін шымқаланың көлемі небары 40 мың гектардай ғана болған. Содан төрт жылдай бұрын ел үкіметі оның әкімшілік шекараларын өзгерту туралы шешімді мақұлдап, тиісті қаулы қабылдады, осылайша, Шымкент аумағы тағы 76 мың гектарға ұлғайды. Сонда Шымкент қаласының құрамына Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы, Сайрам және Төле би аудандарының бірқатар аумақтары қосылған еді.

Ал енді агломерация ретінде Шымкент бұрын-соңды болмаған ауқымда кең қанат жайғалы тұр. Шымкент агломерациясының көлемі 1

миллион 573 мың 479 гектарды құрамақ! Салыстыру үшін айталық, бұл мысалы, Люксембург мемлекетінің бүкіл аумағынан бес есе үлкен.

Соның ішінде 457 мың 80 гектар – қарқынды агломерациялық процестер аймағына, 931 мың 64 гектар – белсенді агломерациялық процестер аймағына жатпақ. Және бұл көлем келешек перспективада артуы ықтимал.

Шымкент агломерациясының өзегі – Шымкент қаласы болып табылады.

"Шымкент қаласынан басқа, агломерацияның тартылым орталығы (центры притяжения) ретінде Арыс, Сарыағаш қалалары мен Т.Рысқұлов атындағы ауыл тартылыс орталықтары болып белгіленді",- делінген үкіметтік қаулыда.

"Шымкент агломерациясының перспективті экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің көлемі: Шымкент қаласында – 38244 гектарды, Сарыағаш қаласында – 2904 гектарды, Леңгір қаласында – 2047 гектарды, Арыс қаласында – 3327 гектарды, Арыс қаласының қалалық әкімшілігі – 8507 гектарды, Бәйдібек ауданында – 30853,3 гектарды, Қазығұрт ауданында – 39701 гектарды, Ордабасы ауданында – 19854 гектарды, Сайрам ауданында – 59067 гектарды, Сарыағаш ауданында – 15192 гектарды, Төле би ауданында – 45912 гектарды, Түлкібас ауданында – 20550 гектарды құрайды. Шымкент агломерациясы елді мекендерінің жалпы жер көлемі 286158,3 гектарға жетеді. Жобалаудың есептік мерзіміне қарай Шымкент қаласын есепке алғанда, қалалық және ауылдық елді мекендердің жалпы көлемі 291080,15 гектарды құрайды",- деп хабарлайды инвестициялар және даму министрлігі.

Шымкент агломерациясының аумағында 1,8 миллион адам немесе республика халқының жалпы санының 10%-ы тұрып жатқан 367 елді мекен орналасқан. Бұл ретте қала тұрғындары 992,5 мың адамды (56,1%-ы), ауыл халқы – 808,5 мың адамды (44,9%-ы) құрайды. Халықтың тығыздылығы – бір шаршы шақырымға 114,5 адам.

Шымкент агломерациясының 367 елді мекенінің 363-і ауылдық елді мекенге (98,9%) жатады.

Шымкент агломерациясы құрамына кіретін ауылдық елді мекендердің қатарында 39,7%-ы үлкен ауылдарға, 37,7%-ы орташа ауылдарға, 17,1 %-ы ірі ауылдарға және небәрі 5,5%-ы шағын ауылдарға жатады.

Шымкент агломерациясы халқының "жас құрылымы" бойынша балалар үлесінің жоғары екені тіркелген: ол 28,4%-ды құрайды. Бұл елдің басқа өңірлерімен салыстырғанда жоғары туу көрсеткішімен байланысты. Бірақ еңбекке қабілетті жастағы халықтың төмен үлес салмағы байқалады, ол 57,5%-ға тең, ал республика бойынша бұл көрсеткіш 60,8%.

Дегенмен, Шымкент агломерациясы инфрақұрылымға үлкен қаржы салуды қажет ететінге ұқсайды. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының деректері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 837,3 шақырымды құрайды, оның ішінде асфальтбетон жабыны бар жолдар – небары 410,9 шақырым немесе жалпы ұзындықтың 49%-ы ғана. "Шымкент агломерациясы шеңберіндегі автомобиль жолдарының 50%-ы немесе 732 шақырымы жөндеу жұмыстарын талап етеді, сонымен қатар Түлкібас пен Сайрам аудандарында автожолдардың 15 шақырымын реконструкциялау, агломерацияға кіретін барлық дерлік аудандарда ұзындығы 334 км автожолға күрделі жөндеу жүргізу керек",- деп мәлімдейді ұлттық компания.

Ал темір жол саласына келсек, бүгінгі таңда жолаушыларға облыс аумағы арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясының қалаларына жетуге мүмкіндік беретін алысқа қатынайтын поездар өтеді. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының дерегінше, Шымкент агломерациясы бөлінісіндегі темір жолдардың ұзындығы 381 шақырым. Оның ішінде "электрлендірілген бір жолды темір жолдың" ұзындығы – 66,1 шақырым, "электрлендірілген екі жолдысы" – 267 шақырым, "электрлендірілмеген бір жолдысы" – 38,6 шақырым, "электрлендірілмеген екі жолдысы" – 9,9 шақырым.

Ел үкіметі келешекте Шымкент агломерациясы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзит дәлізінің Қытай – Еуропа бағыты және "Қазақстан – Түркменістан – Иран" теміржолдары бойынша "Жаңа Жібек жолы" аумағы арқылы өту нәтижесінде ауыл шаруашылығының жеке экспорттық өнімдерін тиеу үшін құрлықтағы торап ретінде жағдайы берік болатынына сенімді.

Транзиттік әлеуетті ары қарай дамыту мақсатында отандық өндірушілердің өнімдерін сыртқы және ішкі нарыққа шығаруды қамтамасыз ету және Еуропа және Қытай, Орта және Оңтүстік-Шығыс Азия арасында транзит жүк ағынына қызмет көрсету үшін Шымкент қаласында көліктік-логистикалық орталық салу қарастырылып жатыр. Осындай орталықтар Арыс, Сарыағаш қалаларында және Түлкібас аудандарында қызмет етеді.

Ауыл шаруашылығы Шымкент агломерациясы экономикасының басты салаларының бірі болып табылады. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар, көкөністерді, жемістерді, бақша дақылдарын, жүзімді өндіру көлемінің өсімі, жылыжай шаруашылығын дамыту бәсекеге қабілетті агроөндірістік кешенді дамыту үшін алғышарттар жасайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл агломерация аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 1 миллион 56 мың 443,67 гектарды, соның ішінде егіндік жерлер – 499 мың 673,07 гектарды алып жатыр. Соңғысының құрамында суарылатын жерлер – 121 мың 620 гектарлы, шабындықтар – 48 мың 946,8 гектарды, жайылымдар – 386 мың 203,8 гектарды құрайды.

"Мал шаруашылығын дамыту перспективасына байланысты жобалаудың есептік мерзіміне (2030 жылға) қарай Арыс қаласының

(642 га), Бәйдібек (5000 га), Қазығұрт (1358 га), Ордабасы (4000 га), Сайрам (1026 га), Сарыағаш (3287,18 га) және Төле би (394 га) аудандарының запастағы жерлері санатындағы жайылымдар мен шабындықтарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ауыстыру немесе отарлы жайылым ретінде пайдалану керек. Олардың жалпы көлемі – 15 мың 707,18 гектар. Запастағы жерлер мен арнайы жер қорының құрамындағы көлемі 9 мың 412 гектар жыртылған тыңайған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту ұсынылады. 2030 жылға қарай тыңайған жерлер мен қордағы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту есебінен ауыл шаруашылығы жерлерін 1 миллион 81 мың 562,85 гектарға дейін өсіру көзделеді",- делінген жаңа агломерация құжатында.

Агломерацияда сондай-ақ "ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, ғылыми-білім беру және кәсіби қызметтер, сервистік қызметтер, құрал жасау" секілді жоғары технологиялық және инновациялық өндірісті өркендету көзделуде. Олар бірінші кезекте "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы аумағында, "Оңтүстік" индустриалды аймақта және "Тассай" жоспарланған индустриалды аймақта орналастырылмақ.

Схема бойынша Шымкент агломерациясының перспективті мамандануына ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, азық-түлік өнімдері, мұнай мен мұнай өнімдері, тоқыма өнімдері, құрылыс материалдары, металлургия өнімдері, машина жасау, химия өнеркәсібі жатады.

Шымкент қаласы Алматы және Астана қалаларынан кейін еліміздің ірі қаржы, мәдени және іскери орталықтарының бірі ретінде рөл атқаратын еліміздің ірі қаласына айналдырылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу