Сирия революциясына 10 жыл

3861

Президент Башар Асад билікте отырғанда, Батыс оның соғыстан қираған елін қалпына келтіруге көмектеспейтінін ескертіп отыр. 

Сирия революциясына 10 жыл

Сирияның құлдырауы 2011 жылы қаңтардың  26-ында шағын наразылық шерулерінен басталды. Халықтың көшеге шығуына Тунистің сол кездегі президенті  Бен Али мен Египет басшысы Хосни Мубаракты биліктен құлатқан "Араб көктемі" көтерілістерінің толқыны түрткі болды, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Арада бірнеше ай өткенде, яғни, сол жылы қазанда Ливия лидері, полковник Муаммар Каддафи болса, туған қаласы Сиртте ұсталып, содырлардың соққысынан мерт болды.

Сирияда наразылық білдірушілердің саны тез өсті. Шерулер 15 наурызда  революцияға ұласып, бүкіл қалалар мен елдімекендерге тарады. Алты ай бойы демонстранттар бейбіт түрде демократиялық реформаларды,  Асадтың басшылықтан кетуін және 40 жылға созылған репрессияны тоқтатуды талап етті.

Осы уақыт ішінде Башар Асад кейбір жеңілдіктер ұсынып, саяси реформа жүргізуге уәде берді. Ол 48 жылдық төтенше жағдай режимін доғарып, үш ай ішінде көппартиялы парламенттік сайлауға жол ашатын жаңа конституция бойынша референдум ұйымдастыруға келісті.

Алайда бұл уәделердің ешқайсысы орындалмады. Башар Асад отставкаға кетуден бас тартып, ирандық одақтастарының кеңесі бойынша наразылықтарды басу үшін шамадан тыс күш қолданды.

Бұл жанжал кең ауқымды соғысқа ұласып кетіп, аймақтық және халықаралық әскери интервенцияға жол ашылып, қарулы қақтығыстар елді алапат гуманитарлық дағдарысқа ұшыратты.

6 мыңға жуық адам қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті, соның ішінде үкімет түрмелерінде азаптаудан қайтыс болған 88 мың бейбіт тұрғын бар; 12 млн сириялық немесе соғысқа дейінгі халықтың жартысы үйлерін тастап, босып кетті (Сириядан тыс жерге 5,6 млн, ел ішіндегі өзге аудандарға 6,7 млн); республиканың көп бөлігі мен инфрақұрылымы жермен-жексен болды; рекордтық 12,4 млн сириялық - халықтың 60 пайызға жуығы - азық-түлікке зәру.

"Тиран Асад"

"Сириядағы жағдайға негізгі себеп – тиран Асад режимі және солай болып қала беретінін ұмытпайық", – дейді оппозициялық Сирия Конституциялық комитетінің тең төрағасы және Ыстанбұлда орналасқан Оппозициялық ұлттық коалицияның бұрынғы президенті Хади әл-Бахра.

Оның айтуынша, Башар Асад 2012 жылы түрмелерден "террористер мен экстремистерді" әдейі босатып, Сирияның шекараларын "сырттағы террористік желілер мен содырлардың барлық түрлеріне"  ашу арқылы шетелдік әскери интервенцияға бірінші болып қол жеткізді.

Оппозиция да шет мемлекеттерге сүйенді. Бірақ ол өз ішіндегі дау-дамайлар мен әскери жеңілістерден әлсіреп, біртұтас майдан құра алмады. Сыртқы күштерде де ортақ ұстаным болмады. Құрама Штаттар терроризммен күреске баса назар аударса, Түркия, Сауд Арабиясы, Катар сияқты елдер қарулы көтерілісшілерді өз мақсаттарына пайдаланып бақты.

Асад "қаскүнемдермен күресте", "халықаралық соғыста",  қарулы оппозициямен он жылға созылған шайқаста "жеңіске жеткенін" қазір мақтанышпен жариялап жүр.

"Алайда Иран мен оған жақтас шиит-содырлардың, ең бастысы Ресейдің 2015 жылғы әскери интервенциясының арқасында ғана "қақтығыстың конфигурациясы Асадтың мүддесіне қарай түбегейлі өзгерді", – дейді Париж Америкалық университетінің Таяу Шығысты зерттеу кафедрасының доценті Зиад Маджед UPI агенттігіне берген сұхбатында.

Шетелдің ықпалы

Қазір Сирия үш ықпал ету аймағына бөлінген, онда бес шетелдік армия (Ресей, АҚШ, Түркия, Иран және Израиль) қызмет етіп жатыр. Сонымен қатар, мұнда Ливан, Ирак, Иран және Ауғанстаннан жиналған шииттік содырлар да соғысқа тартылды.

Бахраның пікірінше, Асад өз елін іс жүзінде басқармайды. Өйткені Ресей мен Иран Асад әскерлері басып алған аумақтың 65 пайызында бақылау жүргізіп, оларда қабылданатын шешімдерге және саясатқа қатты әсер етіп отыр. Сонымен қатар, Асад Сирияның "газға, мұнайға және ауылшаруашылығы өнімдеріне бай жерлерінің көбін қарамағынан шығарып алған".

Бүгінде  Сирия президенті өзінің билігін нығайтуға тырысып, алдағы айларда өтетін президенттік сайлауға дайындалып жатқан шақта, тіпті үлкен қауіпке душар болып отыр. Ел экономикасы соғыстан, инфрақұрылымның қирауынан, қарыздардан, сыбайлас жемқорлық пен содырлардың билігінен және ресурстарды дұрыс пайдаланбаудан күйреп барады.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Ливандағы терең экономикалық және саяси дағдарыс кесірінен Сирияда жанармай тапшылығы күшейіп, бағалар өсіп, жергілікті валюта тез құнсызданып, миллиондаған адам жұмыстан айрылып, кедейшілікте өмір сүріп жатыр.

Осы айдың басында World Vision халықаралық көмек агенттігі жариялаған баяндамаға жүгінсек, 10 жылдық соғыстан Сирия экономикасына келген шығын 1,2 трлн доллардан асып, соғыс бүгін аяқталған күннің өзінде, бұл көрсеткіш 2035 жылға дейін 1,7 трлн долларға дейін өсуі мүмкін.

Ресей мен кейбір араб мемлекеттері Башар Асадты оқшаулауды тоқтатуға тырысып жатқанымен, Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық Одақ Сирияда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарына сәйкес еркін және әділ сайлау өтпейінше және билік ауыспайынша, оны қалпына келтіруге атсалыспайтынын ескертіп келеді.

"Мен бұл мәселенің жақын арада шешілетінін көріп тұрған жоқпын. Себебі, халықаралық және аймақтық келіссөздер алға баспай тұр, ал БҰҰ - ның барлық бастамалары сәтсіз аяқталып жатыр. Асад билікте отырғанда, ешқандай саяси өзгеріс болмайды. Ресей мен Иран мұны біледі, бірақ олар қалағанын алғанша, Асадты құрбан етпейді", – дейді Маджед.

Мәскеу Сириядағы саяси процестерді және оны қалпына келтіру жұмыстарын толық бақылауға алуды көздесе, Иран АҚШ-тың санкциялары мен Израильдің шабуылдарына ұшырамайтын әрі Сирияда, Ливанда, Иракта Тегеранның ықпалы мойындалған "аймақтық держава" болуға тырысып жатыр.

"Бірақ АҚШ та, Түркия да, басқа ойыншылар да бұның бәрімен келісе алмас", – дейді Маджед.

Асад болса, саяси процеске қатысу, билікті бөлісу және реформаларды қабылдау өз режимінің аяқталуын білдіретінін жақсы түсініп отыр.

"Ол билігін сақтауға келіскен барлық шетелдік державалармен саудаласуға әзір болғанымен, сириялықтардың ешқайсымен шын диалогқа дайын емес", –дейді Бахра.

Маджедтің ойынша, Сириядағы жағдайды ушықтыру, тараптарды келіссөздер мен ымыраға тарту мәселелерін тек аймақтық және халықаралық ойыншылар шешеді. Солардың ішінде ең ықпалдылары – Ресей, Иран, Түркия. Ал, Асад, Сирия оппозициясы сияқты, бұл проблемаларда  дауыс беру құқығына ие емес.

Cоғыс аяқтала ма?

10 жыл өтті. Соғыс қашан бітеді? Оның соңы әзірге көрінбейді. Барлық тайталасушы тарап жанжалды саяси жолмен тоқтату қажеттігімен келісіп отыр.

Алайда  осы күнге дейін БҰҰ аясында "Женева-2 процесі" деген атпен тоғыз мәрте келіссөз өтіп, олардың барлығы сәтсіздікке ұшырады. Себебі Башар Асад өзінен кетуді талап еткен оппозициямен кездесуге қарсылық білдіріп келеді. 

Сонымен қатар, бір жағынан Ресей, Иран, Түркия да 2017 жылы өздерінің саяси келіссөздерін бастады. Ол "Астана процесі" деген атпен белгілі.  Бұл кездесулер де Араб Республикасындағы әскери жанжалдарға толық нүкте қоя алмай отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу