Солтүстік өңірлер газ жүйесіне қашан қосылады?

Мұндағы тұрғын үйлер мен нысандар әлі күнге дейін пеш арқылы жылытылады. 

Солтүстік өңірлер газ жүйесіне қашан қосылады? Фото: vista.news

Соңғы уақытта әлем елдері көмірден кезең-кезең бойынша бас тартуда. Айталық, Еуропаның бірнеше мемлекеті қатты отынды пайдаланатын жылу-электр станцияларының жұмысын тоқтатты. Ал біздің елдегі бірнеше өңір оған "байланып" отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тапсырма бар, нәтиже жоқ

Еліміздің оңтүстік, батыс өңірлері – табиғи газды тұрақты тұтынушылар. Осыдан біраз уақыт бұрын Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігі де газ жүйесіне ауысты. Сол арқылы тұрғындар көмір әкеліп, от жағып, күл шығару машақатынан құтылды.

Ал Павлодар облысы үшін өркениеттің ауылы әлі де алыс. Соңғы жылдары аймақта газ жүйесіне қосу мәселесі қызу талқыланғанымен, көзге көрінетін іс қолға алынған жоқ.

Былтыр өңірге жұмыс сапарымен келіп, жұртшылықпен жүздескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақты газдандыру мәселесін шешуді тапсырған-ды.

"Тағы бір маңызды мәселе – газдандыру. Үкімет өңірді газбен қамтамасыз ету жолдарын басым тәртіппен әзірлеуі қажет. Бұл "жасыл" күн тәртібін толыққанды іске асыру және нақты тұрақты даму жолындағы маңызды қадам болмақ", - деді Мемлекет басшысы.

Бірақ Үкімет газ желілерін тарту, оған тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды қосу ісіне асықпайтын сыңайлы. Жауапты министрлік әлі күнге дейін екі нұсқаның арасында "сандалып" жүр. Алғашқы нұсқа "Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен" бағытындағы газ құбырының құрылысын бастауды көздейді. Яғни, алдымен Қостанай – Астана, сол арқылы Павлодар – Семей – Өскемен желісін тарту қажет. Энергетика министрлігінің есептеуінше, құбырдың жалпы ұзындығы 2268 шақырымды құрайды. Бірақ ведомство бұл нұсқаның ел қазынасы үшін қымбатқа түсетінін алға тартып, онша-мұнша көңіл бөлмей отыр. Салынған инвестицияны қайтарып алу үшін жоғары тариф белгілеп,  жаңа газ ресурсын айналымға енгізу қажеттілігі тағы бар.

Соған қарағанда министрліктің "бүйрегі" екінші нұсқаға бұрып тұрғанға ұқсайды. Ол – газды Ресейден импорттау. Ведомствоның мәліметінше, "QazaqGaz" бен "Газпром" компаниялары "Ресей – Қазақстан – Қытай" халықаралық газ құбырының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға кірісіп кеткен. Соған сәйкес, Барнауылдан басталған газ құбыры алдымен Семейге жетеді. Бұл – шамамен алғанда кемінде 1 мың шақырым. Одан соң Семейден Павлодарға 332 шақырым, Өскеменге 218 шақырым желі жүргізу керек. Бұл да қомақты қаражатты талап етеді. Соған қарамастан, соңғы геосаяси жағдайларды назарға алмастан, Энергетика министрлігі бұл бағыт анағұрлым тиімді болмақ дегенге тоқталып отыр. Десе де, түбегейлі шешім қабылданған жоқ. Павлодарға газ қашан, қандай жол арқылы келетіні беймәлім. Айта кетейік, жалпы алғанда шығыс пен солтүстіктегі өңірлер бір жылда тұтынатын газ көлемі - 3-4 млрд текше метр. Газдан таршылық болмас үшін өткізу қуаттылығы кемінде 10 млрд текше метр болатын кешенді желі салу керек.

Газбен қамту мәселесіне Энергетика министрлігі тікелей жауапты болғанымен, облыс басшылығы да бұған бейілді. Аймақтың әкімі Асайын Байханов газ желілерін тарту қызметінде негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.

"Президент қабылдауында болған тұста, Үкімет басшысы, министрліктердің қатысуымен өткен жиындарда өңірді газбен қамтамасыз ету жағдайын көтердім. Барлығымыз бірге бұл мәселені талқыладық. Бас қалаға жұмыс бабымен жол түскенде бірінші кезекте көтеретін үш мәселем бар. Олар – инфрақұрылымдық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және газбен қамтуды енгізу. Сондықтан бұл мәселе облыс басшылығының да жіті бақылауында деп нық сеніммен айта аламын. Бірақ әзірше ашық күйінде қалып отыр", - деді Асайын Байханов.

Бағасы шарықтап тұр

Мемлекет амалын тауып, нұсқаларды таразыға салып, оңтайлы жолын таңдады делік. Солай болған күннің өзінде әр үйге газ желісін тартып бермейді. Ол – тұтынушының қалтасынан шығатын шығын. Бірден айтайық, желі жүргізу – қымбат шаруа. Сондықтан қазірден бастап тірнектеп ақша жинай берген дұрыс.

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, еліміздің батыс өңірлерінде үйге дейін газ құбырын тарту қызметі орта есеппен алғанда 500 мың теңге тұрады. Бұл аймақтарға газ таратын орталық желі жақын, сондықтан баға да салыстырмалы түрде алғанда қымбат емес. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары 600-700 мың теңге төлейді. Ал Алматы облысында қызметтің бұл түрі 1 млн теңгеге дейін жетеді. Тұрғын үй газ тарату орнынан алыс болған сайын баға да өсе береді.

Бағаның бұлайша аспандап кетуін таяуда өткен жиындардың бірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алып еді.

"Газ желісіне қосылу кейбір азаматтарымыз үшін қымбатқа түсіп отыр. Сол үшін 2 млн теңгеге дейін ақы төлейтін адамдар бар. Мұндай жағдай елдің барлық өңірінде қалыптасқан. Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігіне Үкіметпен бірге газ құбырына қосылу ақысының түсінікті және ашық жағдайда қалыптасуын қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Қосылудан бөлек, үйін газ арқылы жылытатын жұртшылық ай сайын коммуналдық төлем жасауға тиіс. Мұнда да әр өңірде тариф әр түрлі белгіленген. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғындары бұған дейін қыстан қысылмай шығу үшін 100 мың теңгеге көмір мен ағаш алып келсе, газ жүйесіне қосылған соң, күз-көктем аралығында 10-15 мың теңгеден артық төлемейтін көрінеді. Яғни, ай сайынғы төлем 2-2,5 мың теңгені құрайды. Айтпақшы, жуықта Энергетика және Ұлттық экономика министрлігі көгілдір отынды пайдаланғаны үшін төленетін коммуналдық ақыға сараланған тариф енгізілетінін мәлімдеді.

Ал Павлодар жұртшылығы кемінде жарты миллион теңгеге құбыр тартып, ай сайын газ тұтыну бағасын төлеуге дайын ба?

Павлодар қаласындағы Луначарский көшелерінің біріндегі жеке үйде тұратын Сәмен Болатовтың айтуынша, шағын ғана баспанасын жылыту үшін ай сайын 1,5-2 тонна көмір алады. Бір тоннасы 15 мың теңге екенін ескерсек, айына 30 мың теңге жұмсайды. Демек, қыс мезгілінде қатты отынға жұмсалатын шығын 150 мың теңгеден асып жығылады.

"Павлодарға газ тартылады деген мәселенің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жаңалықтардан нақты тапсырмалардың бергенін де көрдік. Бірақ оның ауылы әлі алыс сияқты. Егер Үкімет игі істі бастап, газ құбыры салынса, алғашқылардың бірі болып қосылуға дайынмын. Қаланың қақ ортасында отырып, күн сайын от жағып, мұржадан түтін будақтатып отырған жарамас. Оған қоса, газдың бағасы көмірге қарағанда анағұрлым арзан болары анық",– дейді ол.

Тағы бір павлодарлық Жайна Тұрғымбекова керісінше газдың пайдасынан зияны көп деп пайымдайды.

"Мен газ желісінің тартылуын құптамаймын. Себебі құбыр жарылса, үйдің күлі көкке ұшуы мүмкін. Оның иісінен уланып, ажал құшуы да әбден мүмкін. Солтүстіктегі ауа райында газ құбыры қатып қалуы да ықтимал. Меніңше, ең қауіпсіз жолы – қалыптасқан дәстүр бойынша қатты отынды пайдалану",– дейді тұрғын.

Байқағанымыздай, тұрғындардың бұған қатысты пікірі сан алуан. Десе де, оларға құбырға қосылу-қосылмау туралы ойлануға әлі көп уақыт бар. Себебі, Президент былтыр берген тапсырманың әлі нақты бір шешімі табылған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу