Су – су ма әлде у ма?

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
3453

Көкшетау жұрты бактериологиялық және радиологиялық сараптамадан өтетін ауыз судың сапасына күмәнмен қарайды.

Су – су ма әлде у ма?

Көкшетау қаласының тұрғындары сапасы сын көтермейтін кран суын қойып, ауызсуды қаланың шеткi ауданындағы жерасты ұңғымасынан тасып iшетiн жағдайға жеттi.

Дәл қазір қала халқын сапалы ауызсу мәселесі қатты толғандырып отыр. Себебі үйге келіп тұрған ауызсу сапасыз болғандықтан, тек тұрмыстық қажеттілікке ғана қолданылып жүр.

"Көпқабатты үйде тұрсам да, үнемі бұлақ суын пайдаланамын. Ыдыс пен кір  жуғанда пайдаланатынымыз болмаса, кранның хлор қосылған суын ішпейміз. Бұл судың түсі сап-сары, дәмі тат татиды. Ал ыдысқа құйып қойсаң, түбіне тұнба тұнады. Мұндайда суды ішкеннен ішпегенің артық. Су ішеміз деп у ішіп, денсаулығымызды құртқымыз келмейді", – дейді қала тұрғыны Ермек Құсайынов.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары болаттан құйылып салынған су құбыры мен кәріз жүйесінің пайдалану мерзімі 20 жыл екен.1986 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген қаладағы су құбыры жаппай ауыстыруға сұранып тұр. Тозығы жеткен су құбыры қайта-қайта жарыла береді. Ал "Көкшетау су арнасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Зейнұр Әлібековтың мәлімдеуінше, ауызсу сапасы талапқа сай. "Біз нақты мекен-жайы көрсетілген жерге ғана тексеріске шығамыз. Егер ауызсу санитарлық талапқа сай болмай шықса, су құбырына жөндеу, дезинфекция жұмысы жүргізіледі. Зертхана қызметкерлері судың сапасын үнемі бақылап отырады. Осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан судың сапасына қатысты арыз түскен жоқ", – дейді бас директор Зейнұр Әлібеков.

Мекеме басшысының сөзін "Көкшетау су арнасы" МКК Өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Александра Подзигунова растап отыр. Оның айтуынша, тазарту бекетіндегі зертханада ауызсу 100%  тазартылады.  "Ауызсу Көкшетауға "Шағалалы" және "Сергеевка" су қоймасынан тазартылған күйде жеткізіледі. Судың сапасын зертханада бірнеше рет тексереміз. Бізден кейін оны тұтынушының құқын қорғайтын мамандар қайта  қарайды.

Ашығын айтайын, ауызсу  талапқа сай. Өйткені 30 жылдан астам уақыт пайдаланылып, апатты жағдайда тұрған коллектор мен №4 кәріздік насос станциясы  жаңартылды. Сонымен қатар биологиялық тазарту станциясынан Мырзакөлсор су жинағышына дейінгі қысым коллекторы іске қосылды. Алдағы уақытта су желісінің сүзгілерін ауыстыру жұмысы  аяқталады",–дейді бөлім басшысы Александра Подзигунова.

Ақмола облыстық тұтынушылардың құқын қорғау департаменті басшысының санитариялық-гигиеналық мәселе бойынша орынбасары Айнагүл Мусина қаладағы ауызсу күрделі бактериологиялық және радиологиялық сараптамадан өткізілетінін айтты. "Ара-тұра ауызсудан  хлордың дәмі мен иісі шығуы қалыпты жағдай. Өйткені  көктем, күз маусымында суды хлормен залалсыздандырады. Өзен-көлдің суына жерасты суы қосылып, құрамындағы элементтерді тіршілікке қажетті минералмен және тұзбен байытады. Егер су барлық  минералдан тазартылса, оның ағзаға еш пайдасы болмай қалады. Судың құрамындағы түрлі микроэлементтер адамның  денесіндегі әрбір мүшенің қызметіне әсер етеді. Адам минералдан тазартылған суды ғана іше берсе, ағзадағы пайдалы элементтер шайылып кетеді. Соның кесірінен ағза әлсірейді", – дейді Айнагүл Мусина.

Су мәселесі Көкшетауда айтыла-айтыла әбден жауыр болды. Бұл күнде ауызсудың  сапасына күмәнмен қарайтындар су тазартқыш фильтр  сатып алуға көшкен. "Біз орталықта тұрамыз. Күнделікті тұтынып жүрген ауызсудың сапасы жайлы ешқашан ойланған емеспіз. Бірнеше ай бұрын желілік маркетингпен айналысатын адам келіп, ішіп отырған ауызсуымыздың  сапасы сын көтермейтінін дәлелдеп берді. Ол өзімен бірге су тазартатын қондырғы ала келіпті. Бағасы – 200 мың теңге екен. Қолымызда мұндай қомақты қаржы болмағандықтан ұсынысынан бас тарттық. Қазір осы күнге дейін тұтынған ауызсуды ішіп отырмыз", – дейді қала тұрғыны Қымбат Хаметова.

Қалаға келетін суды пәтерге келетін сумен салыстыруға болмайды. Тұрғындар үйге келетін суға хлордың шамадан тыс қосылатынына шағымданады. Ал мамандар суды хлорламауға болмайтынын айтады.

"Орталықтандырылған су жүйесінің көзі микробиологиялық ластанудан толық қорғалған. Бұған жыл сайын жүргізілетін зертханалық талдау нәтижесі бірден бір дәлел. Әйтсе де түрлі жұқпалы ауруға тап болмас үшін тұрғындарға суды қайнатып ішуге кеңес беремін", – дейді "Ұлттық сараптама орталығы" Ақмола бөлімшесі зертханасының меңгерушісі Мейрамгүл Рамазанова.

Құрамында металы көп кран суын қайнатып ішкеннен пайда жоқ. Кір-қоқысқа толы ассуды тазалауға фильтр де шақ келмейтін көрінеді.

Бүгінде Көкшетауда ауызсу мәселесін әркім әрқалай шешіп жатыр. Жеке көлігі барлар көлігімен, басқалары жаяулап, жалпылап барып, Куйбышев көшесі мен Жайлау шағын ауданындағы су ұңғымасы мен қала шетіндегі бұлақтан суды әлі күнге дейін тасып ішіп жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу