Су жүргізуге жауапты кәсіпорындар шығынға батуда

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4184

Ал жергілікті билік қомақты шығындарды бюджет есебінен өтеуге мәжбүр. 

Су жүргізуге жауапты кәсіпорындар шығынға батуда

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан халқының 10 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған екен. Негізінен бұл – ауыл тұрғындары. Жергілікті атқарушы органдар ауылдарды орталықтандырылған су жүйесіне қосу мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай келеді. Сөйтсек, бұған кедергі келтіріп отырған себеп өте көп екен.

Ауылдарға инфрақұрылым тартып, оларға қызмет көрсету әзірше қып-қызыл шығын болып тұр. Өйткені аталған инфрақұрылымға қызмет көрсететін мемлекеттік кәсіпорындар шетінен шығынға батуда. Мәселен, аудиторлар Павлодар облысында ауылдарға су құбырын тартумен айналысатын коммунальдық мемлекеттік кәсіпорындардың қомақты шығынға ұшырап отырғанын анықтады. Ал аталған шығын жергілікті бюджет есебінен өтелуде.

Мәселен, Павлодар облысының Ақтоғай ауданында жыл басынан бері аталған шығын көлемі 66,9 млн теңгеге жеткен. Сол секілді Ертіс ауданы – 23,8 млн теңге, Тереңкөл ауданы – 63,5 млн теңге, Май ауданы – 62,7 млн теңге, Аққулы ауданы 21,1 млн теңге қарыз арқалап отыр. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің ішкі аудит қызметінің басшысы Ольга Крупникова мәлімдеді.

"Бұл жердегі басты себеп – пайдаланылатын су көлемін есепке алу тетігінің жоқтығы. Әлі күнге дейін тұтынушылармен келісімшарт жасалмай келеді. Әсіресе, жеке үйлердің иелерімен. Сондықтан, тек заңды тұлғалар, яғни кішігірім бизнес субъектілері мен мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар ғана тұрақты түрде төлем жасап отыр", – дейді Ольга Крупникова.

Сонымен қатар, пайдаланылған су көлемі мен төленген қаржы арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Екеуі бір-біріне сәйкес келмейді. Мәселен, жыл басынан бері Ақтоғай ауданындағы "Ақтоғайсервис" кәсіпорыны 75 мың текше метр су босатқан. Өкінішке қарай, оның тек 5,7 мың текше метріне ғана төлем жасалған. Сонда кәсіпорын 9,5 млн теңгеге шығынға батты. Ал мұның орны бюджеттің есебінен толтырылып отыр.

Әкімдіктің дерегінше, "Ақтоғайсервис" коммунальдық мемлекеттік кәсіпорыны жыл басынан бері үш ауылда су құбырын іске қосқан. Сол себепті мекеменің штат саны 58-ден 115 адамға дейін көбейген. Дәл осы жағдай да кәсіпорынның шығындарын көбейтіп отыр.

Сонымен қатар, ауылдардағы коммунальдық мемлекеттік кәсіпорындарда да түрлі проблемалар анықталған. Атап айтқанда, нақты кірісті жасыру, желілерден судың жоғалуы, жүйеге заңсыз қосылу секілді фактілерді жою үшін бюджеттен тағы да қосымша шығын шығаруға мәжбүр.

Бір қызығы, аудандық әкімдіктің өкілдері суды жүргізуге жауапты кәсіпорындардың шығындарын өтеу үшін келер жылдың бюджетіне тиісті қаржы көлемін де белгілеп қойған. Демек, кәсіпорындардың шығынға бату процесі алдағы жылы да жалғасады деген сөз.

Мәселені қалай шешкен дұрыс? Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, оны реттеудің оңтайлы жолдарының бірі – су жүйесін бәсекелестік ортаға беру.

"Салаға тәртіп орнату кәсіпкерлердің қолынан келеді. Сондай-ақ олар коммунальдық шаруаны табысты бизнес көзіне де айналдыра алады. Сондықтан, алдағы уақытта іске қосылатын су құбырларын бірден сенімді басқаруға беру керек. Бірақ, мұндай бизнес түрі қаншалықты табысты болатынын анықтау үшін алдымен қаржылық есеп жүргізу қажет", – дейді Ольга Крупникова.

Дәл осы жерде тағы бір мәселенің басы қылаң береді. Ол – кәсіпорындар мен бизнес арасындағы өзара байланыстың жоқтығы. Алдымен осы жағын ойластыру керек екен. Өйткені дәл қазіргі сәттегі тәжірибе өз жемісін беріп отырған жоқ.    

"Мәселен, "Аққу-Сервис" коммунальдық мемлекеттік кәсіпорыны ауданның үш ауылындағы су құбырларына қызмет көрсету үшін жеке кәсіпкерліктермен келісімшарт жасасқан. Тұрғындар тікелей кәсіпкермен жұмыс жасайды. Ал төленген ақша кәсіпорынның бас кеңсесіне дейін жетпей, "суға" сіңіп кетеді. Соңында кәсіпорын шығынға батады", – деп нақтылады Ольга Крупникова.

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, 2022 жылға дейін тағы да 138 елдімекенді орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарлануда. Бұл ретте, халқының саны 200 адамға толмайтын елдімекендерге кешенді блок-модульдер орнатылмақ.   

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу