Субсидия сергелдеңі: күркетауық етінің өндірісі мемлекеттің қолдауынсыз қала ма?

Елімізде мұндай екі құс фабрикасы ғана бар. 

Субсидия сергелдеңі: күркетауық етінің өндірісі мемлекеттің қолдауынсыз қала ма? Фото: sagrada.biz

Қазақстанда құс ұстап, одан ет өнімдерін дайындайтын кәсіпорындар санаулы. Сондықтан бұл бағытта импортқа тәуелдіміз. Былтыр шекараның арғы жағынан жалпы сомасы 167,2 млн доллар болатын 168,5 мың тонна құс еті жеткізілді. Мемлекет бұл саланы қаржылай қолдамаса, алдағы уақытта импорттық үлес одан ары артуы әбден мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Екеуі жабылса, не қалады?

Ел Үкіметі бекіткен әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының тізіміне тауық еті ғана кіреді. Сондықтан бұл салаға азды-көпті қолдау көрсетіледі. Ал өзге құс өсірушілерге айтарлықтай көмек жоқ. Солардың қатарында күркетауық ұстайтын Түркістан және Павлодар облысындағы кәсіпорындар бар. Бұған дейін олар мемлекет тарапынан субсидия алып келсе, жаңа талаптар бойынша одан да қағылып отыр. Мұның салдары отандық нарықтағы бар-жоғы екі фабриканың жабылуына әкеледі деген қауіп бар.

Осыдан 13 жыл бұрын іске қосылған "Ордабасы құс" фабрикасы осы уақыт аралығында тәуелсіз, тұйықталған, толыққанды өндіріс циклін қалыптастырып үлгерді. Мұнда құс өсіру, оларға азық дайындау, қасапхана, күркетауық еті мен қалдықты өңдеу жұмыстары оң жолға қойылған. Бастапқыда кәсіпорын жылына екі мың тоннаға жуық ет өндірсе, қазір 10 мың тонна ет пен одан дайындалған 100-ден астам өнім түрін нарыққа жөнелтеді. Сондай-ақ, 500-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Алайда компания құрылтайшысы Сергей Терещенконың сөзінше,  былтыр ресурстың аздығынан ірі фабриканың жұмысын жарты жылға тоқтатуға тура келді. Биыл мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмаса, кәсіпорынның тағы да тығырыққа тірелуі ғажап емес.

Павлодар облысындағы "Turkey PVL" күркетауық фабрикасының да жағдайы оңып тұрған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын 3,5 млрд теңгеге жуық жеке  инвестицияға ашылған кәсіпорын жылына 8 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Алайда іс жүзінде жылына 2,5 мың тонна ет дайындауға әрең шама жетеді. Өндіріс көлемін әу бастағы қуаттылыққа жеткізуге қаржының аздығы қолбайлау болып отыр. Атап айтқанда, тәулігіне 30 тонна таза ет алу үшін қосымша инкубатор мен 9 құс ұстайтын цех керек. Бірақ оны орналастыруға ақша жоқ.

Осылайша, қаржының жоқтығынан екі күркетауық фабрикасының да ертеңі бұлыңғыр. Бұған дейін олар қазынадан берілетін субсидияға иек артып келсе, енді ол да көзден бұлбұлша ұшты. Кәсіпорынның басшылығы бұлай жалғаса берсе, миллиардаған қаражат құйылған жобалардың "ғұмыры" келте болады деген қаупі мен күдігін жасырмайды.

"Біз субсидияны еріккеннен сұрап отырған жоқпыз"

Субсидия мәселесіне тоқталсақ. Қолданыстағы ережеде күркетауық өсіріп, одан ет алатын фабрикалар жылына 20 мың тонна өнімді нарыққа ұсынған кезде ғана инвестициялық субсидиядан үміттене алады деп көрсетілген. Ал кәсіпкерлер мұндай талаппен үзілді-кесілді келіспейді.

"Біз субсидияны еріккеннен сұрап отырған жоқпыз. Кәсіпорын жұмысын кеңейтіп, көлемді арттыруымыз керек. Осының барлығын жіпке тізгендей қылып жазып, соңғы бес ай бойы талай мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырсақ та, еш нәтиже жоқ. Нақты дәйектер мен деректерді, біздің саланың табыстылығын ескеруді сұрадық. Бірақ мемлекеттік мекемелер күркетауықтың әлеуметтік маңызы бар тауарлар санатына кірмеуіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен тізімнің алынып тасталғаны жөнінде ақпарат берумен шектеледі", - дейді кәсіпорын басшысы Ербол Досыбаев.

Ол күркетауық етін өндіргені үшін төленетін субсидия бұған дейін расымен тиімді болғанын, ал жаңа талаптар фабриканың одан әрі дамуына қауіп төндіріп тұрғанын айтады. Сондықтан жыл басынан қабылданған қағидаларды өзгертуді, бұрынғы бағаларды қайтаруды сұрайды. Демеу болмаса, биылға жоспарланған жобалардың да күл-талқаны шығатынын ашына жеткізді.

Қысқасы, фабриканың субсидияға ілігіуі үшін жылына кемінде 20 мың тонна ет шығаруға тиіс. Қазіргі таңда бұл көлемді 5 мың тоннаға дейін азайту қарастырылуда. Бірақ көлем төмендегеннің өзінде кәсіпорынның оған жетер қауқары жоқ.

Ал әзірше құс фабрикасы еттің бағасын арзандату үшін ғана мемлекеттен субсидия алады. Соның өзінде былтырғы демеуқаржы әзірше кәсіпорынға толығымен төленген жоқ.

"2021 жылы асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділікті арттыру және өнімнің сапасын жақсарту ережесі аясында 100 млн теңге субсидия берілді. Былтыр субсидия нормативі тірі салмақтың бір келісіне 200 теңге болды. Одан бөлек, өткен жылы жалпы сомасы 67,6 млн теңге болатын өтініштер күту парағында тұр. Бұл сома наурыз-сәуір айларында төленеді. Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы басқармасы бір келі тірі салмақтағы етке 100 теңге нормативпен 83,2 млн теңге қаражат қарастырды", - дейді аталмыш басқарманың бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.

Машақаты көп – іс

Бүгінде "Turkey PVL" кәсіпорнының өнімдері тұтынушыларға "Павлодарская индейка" деген атаумен танымал. Күркетауықтың еті облыс аумағындағы сауда желілерімен қатар, Астана, Семей, Өскемен, Қостанай, Көкшетау, Петропавл сынды қалалардағы дүкендерде сатылады. Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне де жеткізіледі.

Өнімдердің бағаларын білмек болып Павлодар облысындағы бірқатар сауда орнын аралап қайттық. Айталық, сан етінің келісі 2500-2700 теңге, төс етінің келісі 2400-2600 теңге аралығында сатылады. Ал күркетауықтың тұтас өзінің келісі 1700 теңгеден басталады.

"Тұрғындар күркетауық етін алуға енді ғана бет бұра бастады. Бұрын барлығы бірдей тек тауық етін алса, қазір күркетауыққа да сұраныс бар. Күз-қыс кезінде көбі соғым алатындықтан, күркетауық өнімдеріне сұраныс жиі бола қоймайды. Көктем-жаз кезінде сатып алушылар көбейеді. Әсіресе, диеталық тағамдарды ұнататындар тарапынан сұраныс жоғары. Ал кейбірі мұндай бағаны қалтасы көтермейтінін айтып жатады", - дейді Анар есімді сатушы.

Фабрика жетекшісі Ербол Досыбаевтың сөзінше, күркетауық өсіру – машақаты көп іс. Оны күтіп-ұстауға қыруар қаржы қажет.

"Қазір күркетауықтың жемі өте қымбат. Амин қышқылы мен ақуызға, протеинге бай қоспа болмаса ол ет жинай алмайды. Ал мұндай өнімдер біздің өңірде өндірілмейді. Сол себепті сонау Алматы облысынан соя күнжарасының (шрот) тоннасын 350 мың теңгеден, күнбағыс дәнінің күнжарасын 520 мың теңгеден сатып алудан басқа амал жоқ. Одан басқа да түрлі қоспа керек. Қазақстан бойынша күркетауықтың етін біздің кәсіпорын және Түркістан облысындағы "Ордабасы құс" фабрикасы беріп тұр. Алайда былтыр бидай қымбаттап кеткен уақытта олар күркетауық етін өндіруді уақытша тоқтатып тастады. Себебі, нарықтық жағдайда тиімсіз. Біз болсақ, "өлместің күйін кешіп",  өміршеңдігімізді сақтап қалдық", - дейді кәсіпорын директоры.

Одан бөлек, коммуналдық қызметтер ақысы, жұмысшылардың жалақысы сынды басқа да шығындар бар. Айтпақшы, қаланың іргесінде орналасқан фабрикада бүгінде 150-ге жуық адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Биылға белгіленген жобалар аясында қосымша шамамен 50 жұмыс орнын ашу жоспарланған-ды. Алайда субсидиялаудың жаңа талаптарына сәйкес кәсіпорын қаржыдан қағылар болса, жаңа жобалар мен жұмыс орындары тек жоспар жүзінде қалатын түрі бар. Кәсіпорын басшысы осыған қапалы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу