Судандағы күш құрылымдарының соғысынан Ресей ізі табылды

3031

Әскерилер басқаратын мемлекетте неге "темірдей тәртіп" жоқ?

Судандағы күш құрылымдарының соғысынан Ресей ізі табылды Фото: yandex.kz

Шығыс Африкадағы 46 миллионнан астам халқы бар Судан республикасын (арабша Джумхурийат ас-Судан) сұрапыл қарулы қақтығыстар дүмпуі теңселтіп тұр. Майдан толқыны жаңа территорияларға тарап жатыр.  

Суданның ұлттық армиясы мен "Жылдам қолдау күштері" (RSF) аталатын қарулы топтар арасындағы шиеленіс өрті өткен аптаның соңында тұтанып, ушығып барады. Жергілікті дәрігерлер кәсіподағының дерегінше, кем дегенде 100 адам қаза тапқан. Өзге деректер бойынша 1100 адам жараланған. Тұрғындар жарылыстардан қашып, ел астанасы Хартумның орталығын паналады. Қарсыластардың әрқайсысы осы қаладағы стратегиялық нысандарды өзі бақылап отырғанын мәлімдеуде.

Өткен жексенбіде қақтығысушы тараптар жаралылар мен бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін Біріккен ұлттар ұйымының ұсынысына мойынсұнып, шамалы уақытқа атысты тоқтатуға келісті. Бірақ соғысты мүлдем тоқтатудан бас тартты. Бітім бірнеше сағатқа ғана созылыпты.

AFP агенттігі жергілікті куәгерлерге сілтеме жасап, тіпті атыс ресми түрде тоқтатылған түскі және кешкі уақытта да Хартум әуежайы ауданында үстемелеткен атыс пен жарылыстар жалғасқанын хабарлады.

АҚШ, көшбасшы араб мемлекеттері және Африка Одағы тайталасушы тараптарды ұрыс қимылдарын тоқтатып, былтырғы желтоқсандағы билікті әскерилерден азаматтық үкіметке тапсыру туралы келіссөздерді жандандыруға шақырды. Алайда Судан армиясы да, жылдам ден қою күштері де бұл үндеулерге құлақ асуға ниет білдіріп отырған жоқ.

"Жылдам қолдау күштерінің" басшысы генерал Мохамед Хамдан Дагало Суданның іс басындағы лидері, генерал Әбдел Фаттах әл-Бұрханды "өз еркімен тұтқынға берілуге тиіс қылмыскер" деп атады. Бұған жауап ретінде армия "Жылдам қолдау күштері" қарулы тобы таратылмай, ешқандай келіссөздер басталмайтынын мәлімдеді.

Осы кезде екі ортада жазықсыз жандар көз жұмып жатыр. Сондықтан шырылдап, халыққа ара түскен судандық дәрігерлер халықаралық қоғамдастыққа қайрылып, қос тарапқа да құқық қорғау және дипломатиялық тұрғыдан қысым жасап, бітімге иліктіруді қиыла сұрауда.

Ауруханалар жаралыларға толған. Ақ халатты абзал жандардың қолында оларға жәрдемдесу үшін қажетті керек-жарақ таусылуға таяған. Судан медициналық қауымдастығы "Хартумдағы және соғыс жүріп жатқан барлық штаттардағы ауруханалар мен медициналық ұйымдарға көмек көрсетуді және медикаменттер жеткізуді" өтінді. Сондай-ақ қауымдастық тараптардан жедел жәрдем көліктеріне тиіспеуді, олардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуді, медициналық мекемелердің ғимараттарын атқыламауды және оларды шабуылдамауды сұрады.

Осы кезде бұл елден БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар қашып жатыр. Жексенбіде БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДАБ) атқарушы директоры Синди Маккейн өздерінің 3 қызметкерінің опат болуына байланысты бұл елден кететіндерін және Судандағы барлық гуманитарлық операцияларын уақытша доғаратындарын жариялады. Солтүстік Дарфурдағы Кабкабия қаласындағы қақтығыс барысында осы ұйымның үш қызметкері жан тәсілім етті, тағы екеуі жараланды. Ұйым өкілі Рейтер агенттігіне өлгендердің барлығы судандықтар болғанын хабарлады. Бұған қоса, Хартум әуежайы үшін болған шайқаста БҰҰ әуе тасымалы гуманитарлық қызметінің ұшағына зақым келген.  

ДАБ оңтүстік өңірлері тарихта теңдесі жоқ тасқыннан зардап шеккен Судан елінде белсенді жұмыс істеп келген еді. Сарапшылар оның бағдарламаларының тоқтатылуы мыңдаған адамның аштыққа ұшырауына соқтыратынын жеткізіп, дабыл қағуда.

Халықаралық ақпарат агенттіктері қазіргі уақытта қандай қалалар мен өңірлер қандай күштердің бақылауында екені анық еместігін, ажырату қиындығын қаперге салды. Қарсыласушы әр тарап осыған қатысты бір-бірінің мәлімдемелерін жоққа шығарып жатыр. Бірақ куәгерлердің айтуынша, ұлттық армия Порт-Суданда Жедел қолдау күштерінің екі базасын өз қолына көшіріп, әскерилер жеңісті тойлаған. Алып елдің әр түкпірінде қарулы қақтығыс жалғасуда, бірақ ақпарат құралдарының жазуынша, елдің солтүстік-шығысындағы Порт-Судан қаласы үшін шайқас аяқталғанға ұқсайды.

Reuters репортерлары Суданның мемлекеттік телеарнасы трансляциясын тоқтатқанын жеткізді. Суданның басылымдары да шығуын доғарған, жаңалықтарды тек әлеуметтік желілерде жариялауда.

Хартум тұрғыны Холуд Хайраның мәліметінше, бастапқыда билік бейбіт тұрғындарды үйлерінен шықпай отыруға шақырыпты, бірақ бұл барлығын бірдей құтқармады. Ерсілі-қарсылы ұшқан беренбұзар оқтар мен снарядтар қаншама үйді қиратқан, баспаналарында жасырынған жұртты жайратып салған.

"Судан – әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Бірақ бай табиғи ресурстары, сонымен қатар Қызыл теңіздің жағалауындағы стратегиялық орналасқан жері оған араб елдерінің және АҚШ-тың қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар елдің режимімен ауыз жаласқан Ресей судандық әскерилермен келіссөздер жүргізіп, оның жағалауларында Америкаға қарсы әскери теңіз базаларын құруға ұмтылып отыр. Вашингтон бұған жол бермеуге тырысады. Батыс Суданның Усама бин Ладеннің "Әл-Қаидасы" сияқты терроршыл топтарға пана болатын аумаққа айналмауын қалайды. Біріккен Араб Әмірліктері Суданды өз өміріне қатер төндіретін ислам экстремизмімен күрестің маңызды буыны санайды", – деп түсіндірді Би-Би-Сидің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшысы Фрэнк Гарднер.

Осылайша, бір елде көптеген ірі державалардың мүддесі тоғысып, бұл судандықтардың сорына айналды. Ф.Гарднер алпауыттар мүдделерінің текетірес алаңына айналып кеткен елдің жақын арада тұрақтылыққа оралуы неғайбыл деп санайды.

Әр держава ел ішіндегі түрлі күштерге иек артады. Салдарынан әскерилер тізгінін ұстаған елдегі билік үшін талас қантөгіске ұласты.

Суданда 2021 жылғы қазанда төңкеріс болды, содан бері мемлекетті қалпымен генералдардан тұратын кеңес басқарады. Бірақ "көп қошқардың басы бір қазанға сыймайды" екен, ақыр соңында сол кеңестегі екі генералдың арасында араздық пен алауыздық туды.

Оның бірі – генерал Әбдел Фаттах әл-Бұрхан елдің Қарулы күштерін басқарады. Мемлекеттің іс жүзіндегі президенті де өзі.

Екіншісі – арнайы мақсаттағы жедел жасақтардың, яғни Жылдам қолдау күштерінің қолбасшысы, президенттің орынбасары генерал Мохамед Хамдан Дагало. Ол шетелде және ел ішінде Хемети (Хемедти немесе Хамедти деп те жазылады) лақап атымен белгілі.

Сарапшылардың дерегінше, қос генерал мемлекетті азаматтық басқаруға көшіруге және елдің болашақ даму бағыттарын бекітуге қатысты келіспей, керісіп қалыпты. Себебі, жоспар бойынша шамамен 100 мыңнан астам элиталы жауынгері бар Жедел қолдау күштері ұлттық армия құрамына қосылуға тиіс. Ал содан кейін армияны кім басқарады? Талас содан туындапты.

Қос генерал арасындағы шиеленіс бірнеше күн бойы ширығып, ақыры 15 сәуірде қақтығыс жаңа белеске шықты. Хеметидің бұйрығымен Жедел қолдау күштері бүкіл ел бойынша тұрақты орналасқан жерлерінен дүрк көтеріліп, құпия орындарға қайта қоныстандырылған. Генерал әл-Бұрхан мұны өзіне төнген қатер деп бағалады.

Егер шынымен ұлттың қамын ойласа, қос генерал келіссөз үстеліне отырып, өзара кикілжіңдерін оңашада шешіп алуға тиіс еді. Олар ымыраласуға қадам да жасамаған.

Содан өткен апта соңында бірінші болып, қай жақтың оқ атқаны белгісіз, бірақ қырғын басталып кетті.

Халықаралық сарапшылар генерал Хемети (Хамдан Дагало) Ресеймен байланысты екеніне екпін түсіреді. Оның Жедел қолдау күштері 2013 жылы "Джанджавид" атты атышулы көтерілісшілер құрылымының негізінде құрылған еді. ВВС жазуынша, бұл қарулы топ Дарфурда өзіне қарсы шығып, қолына қару алған жергілікті тұрғындарды аяусыз қанға бөгіпті. 2003 жылы басталған сол шиеленіс 300 мыңдай адамның қазасына соқтырды. Миллиондаған адам боқшасын арқалап, бас сауғалап, босып кетті.

Содан бері Дагало Йемен мен Ливиядағы қақтығыстарға қатысып, соғыста тәжірибе жинақтаған жауынгерлерден қуатты әскери құрылым құрып алды. Олар Пригожиннің "Вагнері" сияқты Судандағы біраз алтын кеніштерін бақылауда ұстап, асыл метал өндіруде.

Бұл топты жұртшылық мысалы, 2019 жылғы маусымда 120-дан астам шерушіні жаппай қырып салған деп айыптайды. Бұған қоса, ұлттық армияға бағынбайтын әскерилендірілген, ұрыс техникаларымен мұздай қаруланған бұл топ елдің тұрақтылығына үнемі қатер төндіреді, деген байлам жасады Би-Би-Си.

Хемети жауынгерлері армияға қарағанда жақсы қаруланған және әлдеқайда көп жалақы алады.

ВВС де генерал-лейтенант Мохамед Хамдан Дагалоның Ресеймен байланысын алға тартады. Ол Судан билігінде елдің сыртқы саясатына жауап берді және Мәскеумен жақындасып алды.

Дегенмен, 2020 жылы Судан басшылығы Кремльмен арадағы келісімін жүзеге асыруды уақытша тоқтатты. Уағдаластықтарға сәйкес, Ресей Қызыл теңіздегі Порт-Судандағы әскери теңіз базасын 25 жылға жалға алатын еді.

2022 жылғы наурызда судандық шенеуніктер Ресеймен арадағы сол келісімді қайта жандандыруды жоспарлап отырғандарын жариялады. Сол кезде, яғни Украинада сұрапыл соғыс басталғанда Хамданның өзі Мәскеуге келіссөздерге аттанды. РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен кездесті.

Суданның SUNA мемлекеттік ақпарат агенттігі тараптардың бұрынғы барлық экономикалық, дипломатиялық уағдаластықтарды, қауіпсіздік саласындағы келісімдерді қайта жандандыруға келіскендерін мәлім етті.

Суданның әскери режимі биылғы наурызда РФ әскери теңіз флоты базаларының құрылысын мақұлдады. Онда шамамен 300 ресейлік әскери және 4 әскери кеме орналасады. Айырбас ретінде Мәскеу Хартумды қарумен және әскери техникамен жарақтандырады. Дегенмен, Судандағы қарулы қақтығыс және Ресейдің Украинадағы соғыстан бас көтере алмауы әзірге бұл жоспарлардың толыққанды жүзеге асуына кедергі болып тұрған көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу