Қазір бізге осы мәселенің ара-жігін айқындап алу аса маңызды болып тұр. Осыған дейін де "Сүт сусыны" деген термин ресейлік ұлттық техникалық регламентте айқын жазылған еді. Өткен аптадан бастап солтүстік алып көршіміз шөпті шөңгеден айыру үшін сүт өнімдеріне біз тәрізді жалпы қарамай, табиғи сүт немесе сүт өнімдері сусыны деп жіктегенін тағы да еске салды.
Енді солтүстіктегі көршіміз тек өз ішіне ғана емес, Кеден одағындағы (КО) әріптестеріне де осындай талап қоймақшы көрінеді. Олар бұл шешімін тұтынушыны да, өзін де алдауға жол бермейміз деген ұстаныммен түсіндіреді.
Кеден одағына мүше болғаннан кейін біздегі жағдай КО-ға мүше өзге екі елді (Ресей мен Беларусь) таң қалдырса керек. Техникалық регламент жасау үшін сүт пен сүт сусындарының ара-жігін ажырату керек екені туралы мәселе де болған. Бірақ біздің ел осы регламентті кейінге шегеріпті. Себебі бұл бізге тиімсіз көрінеді.
Егер біз дәл қазір "мынау таза сүт, мынау құрғақ ұнтақты пайдаланып жасалған сүт сусыны" деп екеуінің басын ашып алатын болсақ, таяқтың бір ұшы басымызға сарт етіп тиетін көрінеді. Себебі біздің елдегі сүттің 60%-ы құрғақ ұнтақтан жасалады екен.
"Қалпына келтірілген сүт" деген ұғым тиімді болып тұр
"КО техникалық регламентінің сүт және сүт өнімдері тармағынан қашқақтаймыз ба?" деген сұраққа үкімет тарапынан әлі толыққанды жауап берілген жоқ. Соған қарағанда "сүт өнімі" дегеннің орнына "қалпына келтірілген сүт" деген ұғым біз үшін әлдеқайда тиімді. Нағыз сүт пен жасанды сүттің ара-жігін ажырататын болса, үкіметке біраз шаруаның бетін бері қарату қажет болады.
Қазақстанның халықты сүт өнімімен қамтудағы үлесі 9% ғана екен. Ал үкімет "2020 жылға қарай ішкі нарықтағы сұраныстың 80%-ын өз сүтімізбен қамтамасыз етеміз" деп уәде беріп қойыпты. Тап қазір ресейліктер тәрізді "мынау таза сүт, мынау құрғақ ұнтақтан жасалған сүт сусыны" деп ара-жігін айқындайтын болсақ, берілген уәденің "ауылы алыстап кетуі" оп-оңай болады.
"Қаймақ" деп жеп жүргеніміз...
Қазір пайдаланып жүрген сүтіміздің басым бөлігі құрғақ сүт қана емес, оның құрамында сүт майымен қатар өсімдік майы да бар крінеді. Бүгінгі таңда сүт майын тропикалық өсімдік майы, яғни пальма майы алмастырып отыр. Себебі өсімдік майы сүт майына қарағанда 5-8 есе арзан. Дүкеннен сатып алып жүрген сары майдың сыртын байқасаңыз "құрамында таза май бар" деген сөз таба алмайсыз. Бұл жерде мағынасы түсініксіз атау тұрады. Тұтынушылар соған малданып, кәдімгі май жеп жүр екенбіз деп ойлайды. Зертханалық тексеріс кезінде сыртында қаймақ, сүзбе, ірімшік деген атауы бар 19 сүт өнімінің жетеуінің құрамы сыртында жазылған атауға сай болмай шыққан.
Осыдан-ақ тұтынушының қаймақ деп жеп жүргені құрғақ ұнтаққа қосылған пальма майы мен сүттің дәмін келтіретін хош иіс қосылған ақ қоймалжың екенін түсіну қиын емес.
Күнделікті пайдаланып жүрген сүт және сүт өнімдерінің қайсысы кәдімгі таза сүттен, қайсысы ұнтақтан жасалғанын біле алмайсыз. Өйткені тетрапакеттің сыртында ондай мәлімет жоқ. Бәрі нағыз сүттен жасалған секілді. Бірақ шынтуайтында олай емес екен.
Ауылдан шелектеп сүт жинағаннан сүт өндірісі дамымайды
Осыдан 3 жыл бұрын сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков БАҚ-қа арналған семинарда "Қазақстанның сүтке деген сұранысын қамтамасыз ету үшін 400 мың бас жақсы сиыр болса болғаны, елді сүтке шомылдыруға болады" деген болатын. "Қазіргі сиырлар ешкіге айналып бара жатқан секілді, не сүт бермейді, не еті жоқ", - деген министрдің арманындағы сиырларды шаруалар да аңсайды.
Бірақ оған қалай қол жеткізуге болады? Ғалымдардың айтуынша, алдымен жайылымды ретке келтіруіміз керек. Сиыр қанша асыл тұқымды болғанымен оның жем-шөбі жеткілікті болмаса, сүт беруі екіталай. Тіпті сырттан әкелінетін сүтті сиырлар біздің жем-шөбіміздің қазіргі жағдайымен мол өнім бере алмайды. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Рахымжан Елешев алдымен жем-шөп мәселесін шешіп алу қажеттігін алға тартады.
Оның сөзінше, біз жерді тиімді пайдаланумен қатар өсірудің ұлттық дәстүрлерге негізделген төл технологиясын жаңғыртуымыз керек.
"Егер 1990 жылға дейін Қазақстанда жылына 1 млн тонна тыңайтқыш шығарылса, қазір 40-50 мың тонна ғана шығарылады. Ал бізге бүгінгі күннің өзінде кем дегенде 650 мың тонна тыңайтқыш қажет. Болашақта 1,3 млн тонна қажет болады. Таза сүт ішкіміз келсе, алдымен жер-ананың бабын жасап, содан кейін ғана сүтті сиырларды алып келуімізге болады.
Қолымыздағы сиырлардың ешкі құрлы сүт немесе ет бере алмай пұшайман болып тұрғаны айналып келгенде осыған байланысты. Қазір жердің бәрі сатылған. Шаруаларда жайылым қалмады деуге болады. Жем-шөп өсірейін десе бос жер жоқ. Бүгінде оңтүстік өңірлерде бір сиырды ұстауға күніне 600-700 теңге шығындалады. Ал сүт өндірісін ауылдан шелектеп сүт жинаумен дамытамыз деу бекершілік", – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Рахымжан Елешев