Табысы "толағайдың", салығы "қомағай" болса игі

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2216

Оффшорлық аймақ мемлекет қаржысын ұрлау мен сыбайлас жемқорлық үшін жиі пайдаланылады.

Табысы "толағайдың", салығы "қомағай" болса игі

Парламент Мәжілісіндегі "Ақ жол" және "Халық коммунистері" фракциясының депутаттары бай-бағландардың қисапсыз қаржысы мен мүлкіне және оған салынатын салыққа қатысты мәселе көтерді.

Халық қалаулысы Азат Перуашев "Оффшорлық аймақ арқылы атқарылатын қызметтерді реттеу туралы" заң жобасын әзірлеуді ұсынды. Ол шенеуніктердің шетелдегі шоттарының құпиясын жою қажеттігін алға тартып, үкімет басшысына оффшорлық аймаққа шығарылған қаржыны Қазақстанға қайтару қажеттігін жеткізді.  

Депутат тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында Қазақстаннан оффшорлық аймаққа 138 млрд АҚШ долларынан астам ақша жөнелтілгенін, осы көрсеткіш бойынша біздің ел  алғашқы ондыққа енгенін тілге тиек етті.

Оның сөзінше, оффшорлық аймақ мемлекет қаржысын ұрлау мен сыбайлас жемқорлық үшін жиі пайдаланылады.

Азат Перуашев "Ақ жол" партиясы алғаш рет 2014 жылы үкіметке Қазақстан экономикасын  оффшорсыздандыруды ұсынғанда сыртқа қаржы шығармаудың қамын жасағанын жеткізді.

"Кипр аралындағы қаржылық дағдарыстың салдарынан жинақталған  тәжірибе салымшылардың ақшасы кез келген уақытта тәркіленуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл жерде Қазақстаннан шығарылған қаржыға төнетін қауіп жоғары. Егер жергілікті билік бізден барған ақшадан секем алатын болса, мәселе таныс-тамырмен я болмаса қоңыраумен шешілмейді. Барлық қаржы қайтарымсыз тәркіленеді. Біз бұл ақшаның мемлекетімізден, халқымыздан ұрланып алынғанын ұмытпауымыз керек", – деді ол.

Ал коммунист Айқын Қоңыров премьер-министрге жаңадан әзірленіп жатқан  Салық кодексіне ауқатты адамдарға қатысты бап қосуды сұрады.

"Елімізде өткен мүлік пен қаржыны жария ету науқаны халық табысы деңгейінің нақты ауқымын айқын көрсетті. Экономикалық белсенді 9 млн  адамы бар республикада қаржыны жария ету мақсатында небәрі 11800 есеп шот ашылған. Оларға 4,1 триллион теңге қаржы түскен, яғни орташа есеппен бір есеп шот бойынша 347 миллион теңге. Бұл Қазақстандағы ресми орташа айлық жалақыдан  2500 есе және жан басына шаққандағы табыстан 4300 есе артық.

Табыстың күрт жіктелуі шығынның жіктелуімен сипатталады. Қарапайым халық барлығынан үнемдейді ал қымбат автокөліктер мен  жылжымайтын мүліктің және қымбат бұйымдардың бәсі күні бүгінге дейін қызып тұр. Бір қызығы табыс пен тұтынудың теңгерімсіздігі жағдайында біздегі салық төлеу жүйесінде тепе-теңдік сақталған, бұл экономикалық және әлеуметтік қисынға қайшы", – деді депутат.

Оның сөзінше, қаржыны жария ету науқанының нәтижелерін ескере отырып, жеке тұлғалардың табысына салық салудың прогрессивті шкаласына көшу және шамадан тыс табысқа салық мөлшерін көтеру қажет. Сонымен қатар жария тұтыну салығын (қымбат жылжымайтын мүлікке, көлікке, қымбат бұйымдарға) едәуір көбейту керек.

Әлеуметтік меценаттықты ынталандыру мақсатында қайырымдылық шығындарға шегерім белгіленуі тиіс. Табыс пен шығынды жалпыға бірдей мағлұмдауға көшіру жоспарына қарамастан, қазыналық жүйенің барлық күшін халықтың жоғары табысты тобына салық салуды басқаруға бағыттау қажет.

"Халық коммунистері" фракциясы Салық кодексінің жаңа тұжырымдамасында жоғары табысқа және жария тұтынуға, жеке тұлғалардан алынатын табыс салығының жеке дара прогрессивті шкаласына көшуді қоса алғанда салық мөлшерін көбейту бойынша іс-шаралар жүйесін қарастыруды сұрайды. Коммунистер аталған шаралар экономикалық нәтиже беретініне және мемлекеттегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенеді", – деді Айқын Қоңыров.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу