Тағы бір ел Ресейге қосылғысы келеді

17345

Сепаратистік аймақ Молдовадан "қысым" көріп жатқанына шағымданып, Ресейден экономикалық көмек сұрады. 

Тағы бір ел Ресейге қосылғысы келеді Фото: reuters.com

Бір кездері Молдовадан бөлініп кеткен Приднестровье аймағы сәрсенбіде Молдова үкіметінің "қысымына" төтеп беру үшін Ресейден экономикалық көмек сұрады. Кишиневтағы шенеуніктер болса, басқосуда бұл мәлімдемені үгіт-насихат шарасы деп атады.

Украинамен іргелес жатқан және Ресеймен қатынастарда потенциалдық "ыстық нүкте" ретінде қарастырылып отырған аймаққа шолу жасасақ, оның қысқаша сипаты төмендегідей.

ПРИДНЕСТРОВЬЕ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Мойындалмаған, негізінен орыстілділер тұратын шағын мемлекет Днестр өзенінің шығыс жағалауын алып жатыр.

Бұл аймақ негізінен румынша сөйлейтін кеңестік Молдовадан 1990 жылы бөлініп шықты. Ал 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, жергілікті сепаратистер Молдова үкіметінің күштерімен қысқа уақыт соғысты.

Молдова 1940 жылы Кеңес Одағының бақылауына алынғанға дейін Румыния құрамына кірді. Сепаратистер Молдова Приднестровьемен бірге бір күні Румынияға қайта оралуы мүмкін деп қауіптенді.

Приднестровье экономикасында 2021 жылы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде "Реал Мадридті" ұтқан "Шериф FC" футбол клубының иесі және қуатты да ауқымды "Шериф" конгломераты үстемдік етеді.

РЕСЕЙДІҢ МҮДДЕСІ НЕ?

Мәскеу мұнда 1992 жылы шайқастарды тоқтатуға көмектесті. Приднестровьеде Ресейдің 1500-ге жуық бітімгершілік күштері мен сарбаздары әлі де бар, дейді аймақтық билік өкілдері. Ресейлік жауынгерлер Приднестровьеде Кеңес Одағынан қалған үлкен қару-жарақ қоймасын күзетеді.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Приднестровьенің Ресейге тәуелді статусының шешілмеуі Ресей ықпалынан құтылуға және Еуропа Одағына қосылуға әрекет қылып жатқан ел – Молдованы Мәскеу үшін жаңа плацдарм етуі мүмкін.

Украинаның оңтүстік-батысымен шектесетін және әлі күнге дейін мемлекеттік елтаңба ретінде Кеңес Одағының коммунистік балғасы мен орағын қолданатын аумақтың тәуелсіздігін ешбір ел мойындаған емес. Соған қарамастан, оның өз валютасы, Приднестровье рублі және жеке әскері бар.

Приднестровье кедей әрі ресейлік көгілдір отынға сүйенеді, бірақ ол сол газ үшін ақы төлемейді.

"Газпромның" мәліметінше, бұл сепаратистік аймақтың қарызы 10 миллиард доллардан асып кеткен. Ресей осы қарызды Молдованыкы деп санайды. Ресми Кишинев болса, мұны жоққа шығарып келеді.

Приднестровьегі 450 000 халықтың көпшілігінің бір төлқұжаты бар. Молдова үкіметінің мәліметтері бойынша, жергілікті тұрғындардың 250 мыңнан астамы Молдова, 220 мыңы Ресей, 130 мыңы Украина азаматтығына ие.

ПРИДНЕСТРОВЬЕ НЕЛІКТЕН НАЗАРҒА ІЛІГІП ОТЫР?

Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға жаппай әскер кіргізгеннен кейін, Мәскеу күштері Украинаның оңтүстігі арқылы Приднестровьеге жетіп, ондағы гарнизонымен бірігеді деген қорқынышты туындады. Дегенмен, бұл қауіп 2022 жылы Киев әскерлері Днепр өзенінің шығысында ресейлік күштерге ойсырата соққы бергеннен кейін сейілді.

Айта кетсек, Молдованың Мәскеумен қарым-қатынасы Кишинев Еуроодаққа мүше болу жолына түскен кезде нашарлады.

Молдова үкіметі Приднестровье жанжалын бейбіт жолмен шешуді жақтайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Ресми Кишинев Молдованың "экономикалық реинтеграциясына шағын қадамдар" жасап жатқанын айтады.

Приднестровьенің Украинамен ұзақ шекарасы соғыс кезінде жабылды, яғни оның импорты мен экспорты Молдова арқылы өтуі керек.

Қаңтар айында Молдова Приднестровье компанияларын Молдова бюджетіне импорттық баж салығын төлеуге міндеттейтін жаңа кеден ережелерін енгізді. Сепаратистік аймақ бұның салдарынан өзінің кедендік кірісінің 18%-ға қысқарып кеткеніне шағымданып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу