Тағы бір көршіміз астанасын ауыстыруы мүмкін

1763

Қырғыз елінде астананы Бішкектен басқа қалаға көшіру ұсынылды. 

Тағы бір көршіміз астанасын ауыстыруы мүмкін Фото: canva.com

Сонда ғана қаладағы кептеліс пен қолқаны қапқан көк түтін проблемасынан арылуға болады.   

Бұл бастаманы бұрынғы Премьер-министрдің інісі, депутат Бақытбек Марипов жариялады.

24.kg хабарлауынша, ол елорданы Бішкектен басқа қалаға көшіріп, сонда бірден Үкіметті орналастыру керектігін айтты.

Бұған дейін Марипов Бішкекте баспана бағасының тым қымбаттап кеткеніне, бұқара онда үй таба алмайтынына шағымданған болатын.

"Мен астанамызды басқа жерге көшіруді ұсынамын! Бішкекте тіпті екі басты мэр пайда болса да, ол көлік тығынынан, шаһарды тұмшалаған түтінді тұманнан құтыла алмайды. Сондықтан осы мәселені қарастыру керек. Ыстықкөл облысында жаңа Асман қаласы тұрғызылып жатыр. Оның құрылысына 10 миллиард доллар инвестиция тартылуда. Ал, теміржолды Бішкектің сыртына көшіру үшін ғана 550 млн доллар талап етілмек. Бұған қоса, айналма жолды салу үшін 1 миллиард доллардан астам қаражат қажет. Оның қажеті не? Егер астананы ауыстырып, оған Министрлер кабинетін көшіріп тастасақ, Бішкекте кептеліс мәселесі өздігінен шешіледі", – деп мәлімдеді халық қалаулысы.

Жалпы, Қырғыз Республикасының астанасын көшіру мәселесі бұрыннан қарастырылып жатыр. Мысалы, 2021 жылдан бері бастамашыл топ оны шекара жақтағы Ош қаласына қоныс аудартуды ұсынды.

Тарихта бірнеше рет мемлекетаралық қақтығыс ошағы болған Ош шаһары Бішкектен 700 шақырым жерде, елдің оңтүстігінде, Өзбекстанмен шекарада орын тепкен. Идея авторларының айтуынша, сонда шекара жақ қазіргідей жалаңаштана бермейді, қалың ел қонып, ұлттық қауіпсіздік нығаяды.

Бішкек тұрғындары қою түтінді тұманнан ұзақ жылдан бері зардап шегіп келеді. Өйткені қырғыздың қазіргі астанасын Тянь-Шань тауының 375 шақырымдық таулы жотасы – қырғыз Алатауы (Ала-Тоо) қоршап жатыр.

Бішкектегі ауа құрамында зиянды шығарындылардың үлесі рұқсат етілген нормадан бірнеше есе асып кеткендіктен ел Үкіметі амалсыз бірнеше зауытты жауып тастауға мәжбүр болды. Бұл мәліметті Жоғорку Кеңеш отырысында Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Медер Машиев жария етті.

Оның айтуынша, Бішкек – соңғы жылдары дүниежүзіндегі ең лас қалалардың қатарына кірді. Ел астанасындағы экологиялық жағдай ауыр көрінеді. Қала билігі "түтінді тұманмен" (смог) күресті басты басымдығы ретінде белгіледі, бірақ әлі күнге мәселені шеше алмай келеді. Салдарынан жүрек-қантамыры жүйелері және тыныс алу органдары ауруларымен ауыратын бішкектіктердің саны ұлғайып барады.

Сол себепті, Дүниежүзілік банк түтінмен күреске 50 миллион доллар бөліп отыр. Ол қаржының құмға сіңген судай босқа кетпесіне кепіл жоқ.

"Қант цемент зауытында зиянды шығарындыларға қатысты тексеріс жүргізілді. Қорытындысында 5 қазандықтың үшеуінің жұмысын доғаруға тура келді. Зауыт басшылығы шара қабылданғанын және тоқтатылған қазандықтар орнына заманауи пештерді орнату басталғанын мәлім етті. Ол пештер атмосфераға лақтырылатын залалды шығарындыларды азайтуға тиіс", – деді елдің бас экологі Медер Машиев.

Ол сондай-ақ тексерістерден соң "Илина Групп" пен "Байтик Курулуш" компанияларының елорда іргесіндегі Ороқ пен Жал ауылдарындағы кірпіш зауыттары жабылғанын жеткізді.

Депутаттар елді улағандар арасынан "халық жауын" іздей бастады.

"Түтінді тұман – тек астананың ғана емес, бүкіл қырғыз елінің трагедиясына айналды. "Қырғызгаз" компаниясы халық жауына айналды. Ол әдейі халықты газға қоспай тұр. Салдарынан, тұрғын үйлердің 99%-ы Кара-кеченің қоңыр көмірімен жылытылады. Оның сапасы төмен, әрі күлі де көп. Ал, моншалар жиі тігін өнеркәсібінің қалдықтарын жағады. Бұл да экологиялық ахуалды күрделендіреді", – деді депутат Руслан Жақышов.

Бұл сынға жауап берген "Газпром Кыргызстан" директорының орынбасары лауазымын атқарушы Арзымат Алдаяров соңғы жылдары газға қосылуға 60 мың отбасы мүмкіндік алғанын атап өтті.

"Компания газ өндірмейді, Ресейден импорттайды. Соған қарамастан, Қырғызстандағы көгілдір отынның бағасы аймағымыздағы ең арзаны болып қалуда. Арменияда газ құны біздегіден 2 есе жоғары", – деген Алдаяровтың түсініктемесін Economist.kg порталы басты.

Депутат Ақбөкен Таштанбековтің айтуынша, Бішкекте үйлер мен зауыттар жаппай пеш жаға берсе, қаланы қара түтін жаба беретін болады. Сондықтан ол пештен бас тарта алмайтын кәсіпорындарға келтірілген зиянының көлеміне қарай өтемақы төлеттіруді ұсынды.

"20 мың сом (120 мың теңге) мөлшеріндегі қазіргі айыппұлдар тиімсіз. Егер өтемақы 10-100 миллион сомды (60-600 миллион теңгені) құраса, бұл қаражатты халықты орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға, кеңейтуге бағыттауға болар еді. Мысалы, алынған өтемақыға сүзгі-фильтрлер өндіретін зауыт салуға болады. Үлкен пештерге сүзгі орнату 40-50 мың сомға (240-300 мың теңгеге), кішкенелеріне – 15-20 мың сомға (90-120 мың теңгеге) түседі. Бұл сонша көп ақша емес", – деді депутат Таштанбеков.

Үкімет бұл бастамадан бас тартты. Онсыз да бай емес қырғыз бизнесі қосымша ауыртпалықты көтере алмай, банкрот болып тынуы мүмкін.

Экологтер астана ауасының шектен тыс ластануының бір себебі ретінде желдер ағынының ("роза ветров") жоқтығын атады. Алайда ол үшін тауды қозғай алмайсың. Оның бір бөлігін құлатып, ойғанның өзінде қажетті көлемде жел соқпайды.

Бұған қоса, ауылдардан астанаға ауған халық Бішкектің батыс бөлігінде ондаған мың жеке үй тұрғызып алды. Олары кейін амнистия кезінде заңдастырылды. Олар күзгі, қысқы және ішінара көктемгі маусымда пеш жағады. Күн сайын ауаға мыңдаған тонна шығарынды тастайды.

Солай екен деп, қала басшылығы (Бишкек шаарынын мэриясы) мыңдаған үйді жаппай сүріп тастай алмайды. Қаржы министрлігі Дүниежүзілік банк берген 50 млн доллардың 32 миллионын азаматтарға көмірден – "жылу сорғысы" сияқты жылытудың баламалы көздеріне көшу үшін кредит түрінде таратпақ. Бірақ ол бәріне бірдей жетпейді.

Оның үстіне "Ой Ордо" сарапшылық бастама орталығының директоры Игорь Шестаков суды электрмен ысыту арқылы үйді жылытуға бағытталған жылу сорғыларының жабдықтары қымбат тұратынын, 5 мың долларға баратынын және оны орнату да шығынды талап ететін жеткізді.

Бұған қоса, Бішкекте дүркін-дүркін электр тоғы ағытылып тұрады. Желідегі апаттары да жиі кездесетін көрінеді. Ондай жағдайда үйлер қатып қалады. Жылу сорғылары республиканың энергетикалық жүйесіне салмақты ауыртпалық түсіреді.

Сондықтан әзірге, мәселенің оңтайлы бір шешімі депутат Бакытбек Мариповтің астананы көшіру бастамасы болып тұр.

Қырғыздың жаңа астанасы Чаек бола ма?

Қырғызстанның Пәкістандағы елшісі, Сыртқы істер министрінің экс-орынбасары Авазбек Атаханов "Қырғызстанға жаңа астана керек пе?" деген мәселе айналасында пікірталас қызғанын жеткізді.

"Менің ойымша, жаңа астана – керек! Ол мемлекетіміз үшін өмірлік маңызды. Бірақ астананы жаңа орынға жай ғана көшіре салу ештеңе бермейді. Біз Отанымызға үштағандай ұстын болатын елдің 3 орталығын құрып шығуымыз керек. Бішкек – іскерлік орталық болып қалады. Ош – мәдени орталық болуға тиіс. Бұдан өзге, жаңа әкімшілік орталық, яғни, жаңа астана болуы керек. Заманында АҚШ, Қазақстан, Қытай, Түркия, Германия, Жапония, Корея, Сингапур, Малайзия сияқты елдер өз алдына астананы көшіру бойынша өршіл мақсат қойды. Бұл міндетті орындау осы елдердің дамуына серпін берді. Бұл осы халықтардың ұлттық бірігуіне бастаған жаңа ұлттық идеясын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ұлтты жаңғыртты. Ресурстарын мобилизациялады. Өз өркендеуінде бұрын-соңды болмаған серпін жасады", – деді Авазбек Атаханов Akipress басылымына мақаласында.

Дипломаттың айтуынша, ел астанасын ауыстыруға Қырғызстанның қабілет-қарымы жетеді. Өйткені соңғы 4 жыл бойы ел экономикасы аймағымыздағы ең жоғарғы қарқынмен өсуде және бұл тұрғыда Орталық Азияның лидеріне айналды. Қырғызстанның ЖІӨ-сінің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 9%-ды құрайды.

Сарапшы ел астанасын көшірудің тағы бір қажеттілігіне назар аудартты. Алатаудың арғы баурайындағы ағайындарда қызықты бір құбылыс жүруде. Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, елдегі ішкі миграция негізінен жалғыз Шу алқабына бағытталған. Қырғызстанның басқа өңірлері тұрақты түрде халқын жоғалтуда.

Соның кесірінен, Бішкек пен Шу облысы ішкі қоныстанушылардың қалың нөпірінен "қылғына" бастады. Жергілікті инфрақұрылым сонша елдің шоғырлануына шыдайтын емес. Экологиясы да нашарлап барады.

Сонымен бірге Шуда бұрын егін егілген суармалы жерлерде бүгінде белсенді құрылыс жүргізіліп, жаңа елді мекендер бой көтеруде.

Қазіргі уақытта Бішкек пен Шу облысында 2-3 миллионнан астам адам тұрады. Жалпы, 7 миллион ғана халқы бар Қырғызстан үшін бұл тым көп. Мемлекеттегі бүкіл жұртшылықтың 40%-ға жуығы бүгінде бір ғана Шу өңірінде өмір сүруде.

Сондықтан елдің тағы бір өңірінде жаңа астана салып, халықтың ішкі көші-қонын сол жаққа бағыттау – ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды.

Авазбек Атаханов жаңа астана елдің қақ ортасында болуға, республиканың ең шалғай елді мекендерінен бірдей қашықтықта орналасуға тиістігін нықтады. Басқа факторлар сыртында, географиялық қолайлы орны мен барлық өңір үшін бірдей қолжетімділігі – жаңа елорданың орнын таңдаудағы шешуші критерий болуға тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда дипломат жаңа астанаға айнала алатын бір локацияны атады. Бұл – Нарын облысындағы Чаек ауылы. Ол Қырғызстанның дәл ортасында тұр.

Бішкектен – 240 шақырым, Балыкчыдан – 180, Баткеннен – 700, Оштан – 480, Таластан – 256, Жалал-Абадтан – 376 шақырым қашықтықта. Оған орта есеппен кез келген облыстан 5-7 сағат ішінде жетіп баруға болады. Жанында, 45 шақырым жерде табиғаты тамаша Сон-Кёль көлі бар.

"Бұл мегажобаны жүзеге асыру ең тиімді астаналық инфрақұрылымы бар Қырғызстанның жаңа әкімшілік орталығын "таза парақтан" тұрғызуға мүмкіндік береді. Құрылыста суперзаманауи технологиялар мен материалдар қолданылады. Шыңдап келгенде, бұл – Болашақтың шаһары болады. Мегажоба халықаралық инвесторларды тартуға серпін береді. Жаңа бас жоспар негізінде, жаңа орында кеңестік емес, мүлдем жаңа дизайндағы жаңа астананы саламыз! Бұл жоба елдің ЖІӨ-сін 3-5 есе арттыруға ықпал етеді. Ең бастысы, бұл мегажоба Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстырады. Сеніңіздер, инвесторлар әлі кезекке тұратын болады", – деді саясаткер, дипломат Авазбек Атаханов.

Атауы көне түрік тіліндегі "çay" (өзен) сөзінен шыққан Чаек ауылында 8 мыңдай тұрғын тұрады. Онда құрамы жөнінен "Боржомимен" бірдей Емел минералды су қайнары орналасқан.

Бұл өңірде 2014 жылдан бері тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жоба – "Балыкчы-Жалал-Абад" автомагистралінің жобасы жүзеге асырылуда.

Ол екі эстакадалық көпірден, тоннелден тұрады. Шатқалда, Нарын өзені үстінен, 40 метр биіктікте салынып жатқан алып көпір де, сондай-ақ Ферғана жотасын жарып өтетін, 4 шақырымдық тоннель де елдегі ең ауқымды мега-жоба саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу