Ұлттық статистика бюросы көлік тасымалы саласында қалыптасып жатқан тосын құбылысқа назар аудартты.
Ведомствоның хабарлауынша, өткен наурыз айында қазақстандықтар таксимен 11 млн 430,95 мың рет сапарлаған. Оның алдындағы ақпан айында бұл көрсеткіш 9 млн 588,91 сапарды құрады. Өсім – 119,2%.
Бір қарағанда жақсы өсім бар. Осыған қарап, бірқатар сарапшы: "Такси қызметіне сұраныста сұрапыл дүмпу (взрывной рост) болды" деп жар салуда. Шынында, салада керу кету құбылыстары басталған көрінеді.
Мамандар жолаушылардың қоғамдық көлікке кетіп жатқанын қаперге салды. Мысалы, автобус, трамвай, троллейбус, сондай-ақ метро, каршеринг және басқа да қоғамдық көліктердің тек бір айдағы, наурыздағы жиынтықты өсімі – 437,5%-ға жетті.
Ұқсас өсім ақпан айында да болған. Яғни, бір қарағанда, таксидің өз көрсеткіштерін өзара салыстырғанда, өсімі күшті көрінеді. Алайда өзгесіне қарағанда, клиенттерінен айрылып жатқанын байқауға болады.
Сонымен, Ұлттық статбюроның дерегінше, авиацияны, теміржолды қоспағанда, өткен айда республика бойынша жердегі көліктің барлық түрімен 150 миллион 676,41 мың адам тасылды (2025 жылғы ақпандағы көрсеткіш – 143 млн 499,35 мың). Соның 11,4 миллионы ғана таксидің үлесіне тиді.
Қоғамдық көліктің жетістігі келесідей:
- Автобустар 2025 жылғы наурызда – 132 млн 525,81 мың, алдыңғы ақпан айында – 127 млн 824,67 мың, ал, биылғы жыл басынан бері – 383 миллион 498,54 мың жолаушыны таси алды.
- Экзотикаға айналып бара жатқан трамвайлар наурызда – 1 млн 339,92 мың, ақпанда – 1 млн 221,53 мың, жыл басынан бері – 3 млн 783,38 мың жолаушыға қызмет көрсетті.
- Астана және басқа қалаларда әуедегі контактілік желілері жаппай әрі белсенді жойылған, екі-үш қалада ғана ішінара қалған троллейбустар наурызда – 2 млн 627,47 мың, ақпанда – 2 млн 681,67 мың, жыл басынан – 7 млн 727,88 мың жолаушыны діттеген жеріне жеткізіп салды.
- Алматыда ғана бар метро, сондай-ақ "өзге қоғамдық көлік түрлері" (оларға не жататынын статорган нақтыламады) наурызда – 2 млн 752,26 мың, ақпанда – 2 млн 182,57 мың, жыл басынан бері – 7 миллион 408,39 мың жолаушыны тасымалдады. Айтпақшы, бұл саладағы өсім бәрінен көп – 126,1 пайыз.
Халықтың таксиден теріс айнала бастауының басты себебі белгілі – қызмет құны тоқтаусыз қымбаттауда. Таяуда ғана "Яндекс Такси" сапар бағасының кезекті рет көтерілетінін жариялады. Осы арқылы сала монополистерінің бірі өзіне қызмет ететін таксишілерді мол бонустармен ұстап қалуға тырысып жатыр.
Соның кесірінен, жолаушыларды тасу көлемінің өсімі баяулай бастағанына қарамастан, жолаушылар тасымалы саласы тапқан табысының үлкен бөлігін осы такси алып қояды.
Ұлттық статбюроның мәліметінше, ұшақтарды, пойыздарды қоспағанда, жолаушылар тасымалдау қызметі жыл басынан бері, қаңтар-наурыз аралығында жалпы сомасы 99 миллиард 556,4 миллион (наурызда – 35 млрд 669,2 млн) теңге табыс түсірді. Соның ішінде:
- Таксилер осы майшелпектен 33 млрд 183,7 млн (наурызда – 11 млрд 671,4 млн) теңгені бір өзі алып қойған.
- Автобустар еліміздегі жолаушылардың басым бөлігін, нақтылағанда, 88%-ын тасымалдайтынына қарамастан, жыл басынан бері таксиден екі еседей ғана көп, 63 млрд 434,2 млн (наурызда – 23 млрд 28,1 млн) теңге табыс түсіре алды.
- Трамвайлар – 326,7 млн (наурызда – 116,5 млн) теңге,
- Троллейбустар – 618,5 млн (наурызда – 209 млн) теңге,
- Метро және басқа қоғамдық көліктер биылғы бірінші тоқсанда – 1 млрд 993,4 млн (өткен айда – 644,2 млн) теңге кіріске кенелді.
Кейінгі 5 жылда таксимен сапарлар құны орта есеппен 2,5 есеге қымбаттаған. Биыл да тарифі ары қарай көтеріледі деп болжануда.
Бұған таксишілердің тапшылығы, девальвация, автокөліктердің запастық бөлшектерінің қымбаттауы, машинаға қызмет көрсету құнының артуы және басқасы ықпал етуі мүмкін.
Тәжірибелі таксиші Никита Вишняков клиенттер санының азайғанына қайта қуанатынын айтады.
"Бірер жыл бұрын ғана теміржол вокзалынан 500 теңгеге алып кетуге тура келетін. Немесе көшеде "тәтешкалар" жолай тастап кет деп, 200 теңгесін желпіп тұратын. Енді ондай тариф жоқ. Арзан тапсырыстар тарихқа кетті. Тым арзан баға белгілейтін клиенттерге тып-тыныш жауап қатпай отыра береміз. Бұрын басқа біреу іліп әкетеді деп қорқатын едік. Әрлі-берлі зымырап, 500 теңгеден бес клиентті тасығаннан бір клиентті 2,5 мың теңгеге асықпай апарып салған қолайлы", – деді Никита.
Ол қазіргі кезде көлікке қызмет ету құны қымбаттағанына шағымданды. Сондықтан машинасын көп айдай берсе, онысы тез тозып, техникалық қызмет көрсетуге көбірек мұқтаж болып, үнемі "СТО"-ға тартып тұрады, шығынға батырады.
"Он жыл бұрын 2 миллион теңгеге жақсы көлік табуға болатын. Бүгінде 5 миллион тұратын жаңа көлікті мың теңгелік шақыруға жегу күлкілі. Бұрын сан қуатын едік, енді сапа қуамыз, саналы түрде таңдаймыз. Кімге шұғыл такси керек болса, кез келген ақыға тапсырыс береді", – деді Жасұлан есімді таксиші.
Елордалық жас маман Нұрзат Серкебай былтырдан бері қоғамдық көлікті белсенді пайдалануға көшкенін айтады.
"Ағамнан ауысқан ескі көлік бар еді, сынып, аулада тұр. Жөндеу құны жаңа көліктің жарты ақысына дейін барады екен. Несиеге жаңа көлік алу үшін салонға бас сұқтым. Есептей келе, бас тарттым. Асықпасам, ашық күн болса, автобус күтемін. Қазіргі кезде Астанада автобустар жаңартылды, әрі жиірек жүре бастады. Соның өзінде олар "пик" кезеңдерде (сұраныс шырқау шегіне жеткен уақытта) тез толып қалады. Негізінен, жаяу жүруге тырысамын, пайдалы. Электросамокат сатып алдым, арзандаған екен", – деді Нұрзат.
Ол түнгі уақытқа кезекшілікке немесе жоғарыдан түскен шұғыл тапсырмаларды орындауға қалатын қызметкерлерді мекеменің өзі үйлеріне тасымалдайтынын айтты.
Түнгі автобустардың жоқтығы (Астанада, өзге қалаларда автобус атаулы түнгі 11-де тоқтайды) халықты амалсыз, такси шақыруға мәжбүрлейді. Олар болса, қымбат ақы сұрап, қиғылық салады.