Таксилер де волонтер жеңілдігін иеленгісі келеді

2931

ТЖ мен карантин жағдайында жеке көлігі барлардың сөзі жүріп тұр.

Таксилер де волонтер жеңілдігін иеленгісі келеді

Автобустар көшеде өте сирек, оларды сағаттап күтуге тура келеді. Оның үстіне қоғамдық көліктің құрқылтайдың ұясындай шағын салонында көп адамның шоғырлануы оны індет ошағына айналдырмақ. Бұдан оны ақырғы аялдамада жүргізілетін дезинфекция да құтқара алмаса керек.

Сондықтан әсіресе, карантинге жабылған Нұр-Сұлтан мен Алматыда таксиге деген сұраныс артқан. Қазіргі кезде азық-түлік сататын ірі гипер-супермаркеттер алдында көлікпен жеткізіп тастауды ұсынатын адамдар қарасы артты: олар көп тауар алып шыққан сатып алушыларды қоршай алады. Әрине, тегін емес, тек ақшаға апарады.

Осы орайда неге екені белгісіз, бір топ таксиші Үкіметке өздерін "волонтер" деп тануды сұрап, өтінішпен жүгініпті. Қарапайым халық тегін жұмыс істейтін, қайырымдылық көрсететін адамды ерікті деп біледі. Бірақ ірі волонтерлік ұйымдар бірнеше министрлік арқылы қомақты грант-қаражаттар алады, оларға белді бизнесмендер, ірі кәсіпорындар, демеушілер ақша береді. Жеңілдіктер де бар.  

"Министр мырзалар! Өз көліктері арқылы ІnDriver сервисі аясында қызмет көрсетіп, нәпақасын табатын бізді, жүргізушілерді волонтер деп тануды сұраймыз! Тиісінше, еріктілерге қарастырылған жеңілдіктерді бізге де беріңіздер. Бұл өтініш барлық жүргізушілер атынан жасалып отыр. Өйткені бүгінгідей күрделі шақта біз адамдарға қолдау көрсетудеміз: кім жолақысы үшін қанша төлей алса, сонша ғана аламыз. Оның үстіне көшелердегі жолдардың өзі нашар жағдайда болғандықтан, көлігімізді жөндеуге орасан зор шығын шығарамыз", – дейді хат авторының бірі Василий Искаков.

Олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке өтінішінде Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті екенін еске салады.  

"Сондықтан осындай сервистегі жүргізушілердің көлігін жөндеуге және запастық бөлшектер алуға жұмсаған шығынының 50%-ын мемлекет өтеуі тиіс, соны талап етеміз. Covid-19 инфекциясының таралу қаупіне орай мемлекет қазақстандықтардың халық көп шоғырланатын автобустарда емес, қауіпсіздеу таксимен жүруін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл үшін сапар құнын клиенттер белгілейтін сервистердің барлық жүргізушілеріне жаңа машинаны жеңілдікті шартпен алуы үшін субсидия бөлінсін. Оны 12 ай бөліп төлеу мүмкіндігін беруді сұраймыз. Сонда көліктердің техникалық жағдайы кесірінен болатын жол-көлік оқиғалары азаяды", – дейді таксишілер.

Олар ірі мегаполистердің карантинге жабылуына байланысты жұмыссыздар көбейетініне, мемлекет мүмкіндік жасаса, адамдар таксилетіп табыс таба алатынына назар аудартады.

Бірақ Үкімет бұл өтінішті қабылдамады. Себебі, қызметі үшін бірден ақы сұрайтындар волонтер санала алмайды. 

"Индрайвершілерге" қатысты жолаушылардың айтар шағымы жетеді.

"Таксишілер құтырып алды. Осы сервиспен көлік шақырайын деп, үш шақырымдай ғана қашықтыққа 500 теңге белгілесең, ешқайсысы үн қатпайды. Барлығы ақыны көтеруіңді күтеді. Және үнемі ескі көліктер келеді, шеге салынған шелектей салдырлайды. Қызмет сапасы туралы айту қиын. Орындық орнына көрпе төсей салғаны бар. Іші-сыртын дезинфекцияламақ түгіл, машинаның өзін жумайды. Кейбірі машинасын аяп, үйлер ішіне кіруден қорқып, көше бойында қалдырып кетуге ұмтылып тұрады", – дейді елорда тұрғыны Бейбіт Сағын.

Оның пікірінше, қалалықтар көшеде қол көтеріп, такси аулаудан қорқады: жүргізуші мас, не қаскүнем-қарақшы болып шығуы ықтимал. Әлдеқалай жағдай бола қалса, деректерін еш жерден таба алмайсыз.

"Компаниялар болмаса, "ЯндексТакси" таксишілерінің сұрайтын бағасы қарапайым адамға қолжетімсіз. Оның үстіне ол сервисте тапсырысты қабылдап, ізінше бас тарта салатын жүргізушілер көбейді. "Индрайвердің" де мәселесі жетерлік. Жалпы, жүргізушілер жолға шығар алдында алкогольдік, есірткілік және токсикологиялық тексеруден өтпейді. Кейбір кезде егде жастағы жүргізушілер келеді, жол бойы күңкілдеумен болады. Тіпті оның денсаулығының жалпы жағдайы да белгісіз: жол бойы жағдайы күрт нашарлап, апатқа ұшыраса, кім жауап береді? Коронавирус жұқтырған адам болуы да мүмкін. Оны қайдан білеміз. Отырмас бұрын алақаныңды жүргізуші маңдайына қойып жатпайсың ғой", – дейді Б.Сағын.

ІnDriver қызметі өз жүргізушілерінің орташа жасы 34-те екенін хабарлады. Олардың 96,76 пайызы – ерлер, 3,24 пайызы – әйелдер екен. Ең кең таралған автокөлік – Тойота Камри болып шықты.

Өз кезегінде таксистер кейде жолаушыларға да, сервиске де көңілдері толмайтынын жасырмайды.

"400 теңге төлеп, Алматының бір шетінен екіншісіне жетіп қалғысы келетіндер көбейді. Сервис олармен күресуі керек деп есептеймін. Бұл не көлікті жөндеуге, не бензинге жетпейді. Мен ондай жолаушыларды алмаймын. Одан да автотұраққа қойып қойғаным пайдалы. Мұндай сараң клиенттер саны Жаңа жылдан кейін артты, ал бүгінде тіптен қаптап кетті. 400 теңгелік тапсырыс күніне мыңдап жолығады. Сервис мұндай лекті тоқтату үшін шара қабылдауы қажет. Бағаны жолаушы белгілейтінін түсінемін, бірақ сервис әкімшілігі де бұл мәселені реттеу үшін шешім қабылдағаны жөн. Әйтпесе, онымен ынтымақтасып табыс табу мүмкін болмай бара жатыр. Адамдар автобусқа ауысып отыруға кететін бағаны ғана ұсынады. Біз де адамбыз, шығынмен қалай істейміз!" – дейді алматылық таксиші Ілияс Әбуғали.

Ол елдегі такси шақыру сервистерінің тағы бір кінәратын айтты: оларда тек апаруға тиіс жерлер ғана көрсетіледі, ал адамдар саны шектелмейді. Содан жолаушылар өзара келісіп, бір таксиге бес адам мінгеспекші болған жағдай кездесіпті.

Бірқатар жүргізуші тиісті ақының 30 күннен кейін түсетініне қапалы.

"Қаржыны қайтару функциясы оны бір ай ұстайды. Бұл тым ұзақ. Көптеген жүргізушілер осыған ашынады. Оны қайта қарамаса, кете бастайды. Мен де карантин жойылғасын қалааралық қатынасқа ауысуды ойлап жүрмін. Олар көп табады, жолаушылармен қоса жүк, сәлемдемелерді тасиды", – дейді Алексей Дукатов.

Такси шақыру қызметі осындай функция барлығын растады:

"Біздің сервисте бас тартылған тапсырыс үшін комиссия тек 30 күннен кейін қайтарылады. Бұл мерзім мамандарымызға сапардың барлық егжей-тегжейін мұқият тексеруге және шара қабылдауға мүмкіндік береді", – деп жауап берді "ІnDriver Қазақстан" компаниясы.

Жалпы, жүргізушілер ЯндексТакси, Индрайвер секілді сервистерге өз баламаларын құруда екен. Олар әлеуметтік желілерде топ ашып, клиенттеріне қай қалада қандай көліктің бос екенін және жүргізушісінің байланыс нөмірін жариялап отырады. Мұндай топтар өңірлерде біршама танымал, бірақ қос мегаполистің уақыты тығыз тұрғындары арасында сұранысқа ие емес. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу