Саланың арбасын такси сүйреп келеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5469

Қазақстанда заңды автобус тасымалының көлемі биыл күрт құлдырады.

Саланың арбасын такси сүйреп келеді

Биліктің Астана, Алматы секілді ірі қалаларымызда қағаз билет орнына жол жүру картасын енгізуі, жолақысын төлеудің қымбат электронды жүйесін іске қосуы, қалаішілік заңсыз тасымалмен күресуі үлкен нәтиже әкелмегенге ұқсайды. Осы сектордың алдын ала қорытындысын шығарған ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті күтпеген қорытындыға келіп отыр.

Оған сәйкес, автобустық парктердің жолаушылар айналымы өткен жылмен салыстырғанда, 2018 жылы 8,3%-ға құлаған. Яғни, 13,7 млрд адамды ғана таси алды. Бұл барлық қалаішілік тасымалдың 72,6%-ы.

iKomek мониторинг пен жедел ден қою қалалық орталығының дерегінше, қоғамдық көліктің сапасыз қызмет көрсетуіне, автобустардың тым кешігуіне, жүргізушілер мен кондуктор-кеңесшілердің әрекеттеріне қатысты 7,7 мыңнан астам шағым түскен.

Мұның сыртында тексерулер жүргізу нәтижесінде автобус жүргізушілері жіберген 15,7 мың жөнсіздік пен бұзушылық әшкереленген. Сол үшін автобус тасымалдаушыларына жалпы сомасы 45,5 миллион теңге айыппұл салынған.

Осыған байланысты energyprom сарапшылары "автобустық жолаушылар тасымалы – қызмет көрсету сапасының нашарлауы кесірінен қысқаруда" деген байлам жасайды.

Сонымен бірге, сарапшылар тағы бір үрдіске назар аудартады. Билетінің құны дүркін-дүркін қымбаттағанына қарамастан, қызмет көрсету сапасы төмендей түскен қоғамдық көліктен қазақстандықтардың көңілі қала бастағанға ұқсайды: ұзақ күтіп, қыста сарышұнақ аяз бен түтеген боран астында, ал жазда аптап ыстық аясында қиналудан, "сығылып кіріп, сығылып шығудан" әбден шаршаған адамдар амалсыз, такси қызметіне көп жүгінетін болыпты. Нәтижесінде, жыл басынан бері таксилер тасыған жолаушылар саны былтырға қарағанда бірден 43%-ға өсті. Яғни, 5,1 миллиард жолаушыны сұраған жеріне жеткізіп берген.

Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша автобустар, тройлебустар, трамвайлар, таксилер мен метро жыл басынан бері 18,9 миллиард адамды жеткізген.

Тұрғындары мен қонақтары төрт қабырға ішінде қамалып отырмай, шаһар ішінде қоғамдық көлікпен көп сапарлайтын қала ретінде Алматы танылып отыр: онда осы жылы адамдар автобустар, тройлебустар және таксилер қызметін 4,2 миллиард рет пайдаланыпты. Бұл былтырғыдан 1,3 пайызға көп.

Екінші орында 2,1 миллиард жолаушысымен Астана тұр: өсімі – 2,3%. "Үштікті" Қарағанды қаласы тұйықтайды: онда он ай ішінде 2 миллиардқа жуық (1 миллиард 980 млн) адам тасымалданған. Сөйтіп, сала көрсеткіші 2,8%-ға артып отыр.

Жыл ішіндегі ең үлкен өсім (+8,7%) Қызылорда облысында тіркелді. Сарапшылардың түсіндіруінше, бұған 200-дей көлігі бар заманауи автобус паркінің ашылуы ықпал еткен. Оны құруға бюджеттен 2 миллиардтай теңге жұмсалыпты. Өсімге сондай-ақ еуропалық қайта құру және даму банкінің қызылордалық жолаушылар тасымалын реформалауға септесуі де ықпал еткен. Бірақ өңірге "үштікті" қуып жетуге әзірге ерте: көрсеткіші небары 326 миллион адам ғана.

Өзге өңірлердің рейтингтері келесідей: Қостанай облысы – 1 миллиард 505,6 миллион адам, Шымкент қаласы – 1 миллиард 462,5 миллион, ШҚО – 1 миллиард 426,6 млн, Ақмола облысы – 1 миллиард 379,2 млн, Павлодар облысы – 1 миллиард 24,3 млн, Жамбыл облысы – 816,4 млн,  Алматы облысы – 731,2 млн, Түркістан облысы – 652 млн, СҚО – 420,4 млн, БҚО – 355,2 миллион, Ақтөбе облысы – 250 млн, Атырау облысы – 147,3 млн, Маңғыстау облысы – 73,8 млн жолаушы.

Дегенмен, қоғамдық көліктің кез келген түрінен бас тартып, жеке "темір тұлпарын" сатып алған азаматтардың саны барған сайын артуда. Салдарынан, қалалық автобустар, тройлебустар, таксилердің жолаушылар айналымы қарқынды өсе алмауда. Мәселен, 2014 жылы олардың жолаушылар айналымы 21,3 миллиард адамды құраса, 2015 жылы бұл көлем 21,8 миллиард, 2016 жылы 22,3 миллиард, ал 2017 жыл қорытындысында 22,7 миллиард болды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы метроның үлесіне 12,7 миллион жолаушы тиіп отыр, бұл 2017 жылғыдан 6,9 пайызға жоғары. Алайда алматылық метроның бүкіл еліміздегі жолаушылар айналымындағы үлесі мардымсыз, небары 0,1 пайызды құрайды. Бұл әр қалада бірінен соң бірі жабылып жатқан троллейбус паркінің көрсеткішіне тең: оның да үлесі 0,1 пайыз, дегенмен, тасымал көлемі екі еседей көп: 22,3 млн жолаушы. Трамвайлар 23,8 миллион адамға қызмет көрсеткен, жалпыреспубликалық тасымалдағы еншісі – 0,1 пайыз. Тек таксилер ғана үлкен ауқым, зор қарқын алуда: оның үлесі 27,1 пайызға жетті.

Бірақ бір ғажабы, ең көп кірісті мемлекетке метрополитен әкеліп отырғаны анықталды. Мемлекеттік тасымал секторы жолаушылар тасудан осы жылы 842 миллион теңгедей кіріс тапты. Оның  841,4 миллионы – метроға тиесілі. Ал барлық өңірлердегі әкімдіктердің коммуналдық меншігіндегі автобус парктері бюджетке небары 0,5 миллион теңге берген. Бұл сала дотациялық әрі шығынды болып қалуда. 

Өткен он ай қорытындысында негізгі табыс жеке бизнестің қалтасына құйылды: олар қала ішінде жолаушылар тасымалдаудан 82,5 миллиард теңге табысқа кенелді. Оның 77 миллиардқа жуығын – автобустар иеленді.

Троллейбустардың пайдасы – 1 млрд 159,6 млн теңге, трамвайлардікі – 1 млрд 440,8 млрд, ал таксилердің табысы – 993,1 млрд теңге болып отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу