"Таулы Қарабақ республикасының" күйреуі: алғашқы қорытындылары

4829

Карабахтағы 120 мың армянның бәрі Арменияға көшпейтін болды.

"Таулы Қарабақ республикасының" күйреуі: алғашқы қорытындылары Фото: news.myseldon.com/ru

Өткен ғасырдың соңында кеңес әскерлерінің бейресми көмегімен Әзербайжаннан тартып алынған территорияларда заңсыз құрылған, әлемде бірде-бір мемлекет, соның ішінде Армения да мойындамаған Таулы Карабах (армянша Арцах) республикасының ыдырауы қарқынды түрде жалғасуда.

Әзербайжандық тelegram-арналарда Агдере және басқа да оккупациядан жаңа ғана азат етілген елді мекендерде әзербайжандық жауынгерлердің Мемлекеттің туды көкке көтеріп, желбірете орнатып жатқан видеолары тарады.

Сонымен бір мезгілде босатылып жатқан қала, кент, ауылдардан Армения Қарулы күштерінің әскери құрылымдарының және заңсыз әскери топтардың қаруларын тастап, көліктермен кетіп жатқаны бейнеленген видеоматериалдар да жарияланып жатыр.

Қарабақтағы қарулы армян құрылымдарының мүшелері қару-жарағы мен әскери техникаларын өз еркімен ресейлік бітімгершілерге табыстауда,

"Қазіргі кезде бронды техниканың 6 бірлігі, 1 200-ден астам автомат пен басқа да атыс қаруы, танктерге қарсы құралдар, тасымалданатын зенитік-зымыран кешендері, шамамен 130 мыңдай снаряд, өзге де оқ-дәрі өткізілді", – делінген РФ қорғаныс министрлігінің кешегі, 24 қыркүйек кешіндегі соңғы баяндамасында.

Осының алдында халықаралық ақпарат агенттіктері заңсыз Таулы Карабах республикасында тұратын 120 мыңнан астам этникалық армян түп көтеріліп, Арменияға қоныс аударатыны туралы жарыса жазды. Мысалы, Reuters мойындалмаған, күйреген квазиреспубликаның үкіметіне сілтеме жасап, Таулы Карабахтағы армяндардың басым бөлігі Әзербайжан құрамында қалғысы келмейтінін және өз қоныстарын тастап шығатынын жариялады.

Кейбір ақпарат құралдары қызды-қыздымен, армяндардың өз баспаналарын жаппай өртеп жатқанын да жазып жіберді.

"Біздің халық Әзербайжан құрамында өмір сүргісі келмейді. Тоқсан тоғыз бүтін тоқсан тоғыз пайызы өзінің тарихи жерін тастап шығуға ниетті", – деді еш шімірікпестен, мойындалмаған Арцах президентінің кеңесшісі Давид Бабаян Рейтер агенттігіне сұхбатында.

Шынында, мұның жалаң пропаганда екені және шындыққа жанаспайтыны белгілі болып қалды. Жергілікті тұрғындардың үлкен бөлігі Арменияға дәліз ашылғанымен, оған қоныс аударуға асықпады.

Содан кеше РФ әскерилері күзеткен автобустар мен автомобилдер Арменияға көшуге бел буған 311 бейбіт тұрғынды апарып тастады. Жалпы алғанда, Арменияға 5 автобус пен 41 жеке автокөлік кеткен. Өз кезегінде Армения басшысы Никол Пашинян өздеріне қайта қоныстануға тілек білдірген барлық карабахтық армяндарға құшағы ашық екенін мәлімдеді.

Соған қарамастан, Таулы Карабах жұртшылығы негізінен, Арменияға үдере көшпей, Әзербайжан қолына көшкен елді мекендерде қала берді.

Баку өз құрамына ауысқан жаңа тұрғындарға жағдай жасауға тырысуда. Мысалы, Батыстың ақпарат құралдары мен жұртшылығы: "Таулы Карабахта аштық басталды" деп шулады. Әзербайжан болса, өңірге гуманитарлық жүк жөнелтуде.

Human Rights Watch ұйымы да ұлардай шулап, байбалам салды. Таулы Карабахтағы ахуалға қатысты қатаң арнайы мәлімдеме жариялады.

"Таулы Карабахтағы азаматтық халық ауыр гуманитарлық күйзеліске тап болды. Олар өз болашағына деген сенімнен айрылды", – деді Хьюман Райтс Уотчтың Еуропа мен Орталық Азия бойынша бөлімінің директоры Хью Уильямсон.

Оның орынбасары болса, керісінше, Әзербайжанның ісі үміт отын жаққанын айтып отыр.

"Әзербайжанның вице-премьері салмақты мәлімдеме жасады. Оның сендіруінше, Баку 40 тонна гуманитарлық көмек бөліп, таратады. Бұған қоса, Карабахқа Қызыл Крест комитеті жіберіледі, ол шұғыл емдеуді қажет ететін адамдарды Таулы Карабахтан алып кетеді. Тұрғындарды емдеу мүмкіндігі Таулы Карабахтың өзінде жоқ және ешқашан болған да емес. Олар Арменияға қатынайтын. Біз бұл ісшаралардың тезірек жүзеге асқанын тағатсыздана күтеміз", – деді Human Rights Watch Еуропа мен Орталық Азия бойынша бөлімі директорының орынбасары Таня Локшина.

Жалпы, әлем мойындамаған, экономикалық блокадада болған, жалғыз Арменияға ғана күні қараған заңсыз Арцах республикасы билік еткенде, жергілікті тұрғындардың тұрмысы төмендепті. Енді жағдайды Әзербайжан жақсартады деген үміт бар.

Кеше мысалы, Баку азат етілген Ханкенді қаласын Әзербайжанның энергетикалық жүйесіне қосты. Бұдан былай шаһар жарықпен, жылумен үздіксіз, тұрақты, сенімді қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 

"2023 жылғы 21 қыркүйекте Евлах қаласында өткен, Әзербайжанның Карабах өңірінде тұратын армян өкілдерімен кездесуде бірқатар мәселелер көтерілді және оларды шешу үшін шұғыл шаралар қабылдануға тиістігі айтылды. Мәселелерді шешу жұмыстары қолға алынды. Осы бағыттағы кезекті қадам ретінде Ханкенді қаласы Арменияның энергетикалық жүйесінен ажыратылып, Әзербайжанның энергетикалық жүйесіне қосылды", – деп мәлім етті Әзербайжан Президентінің әкімшілігі.

Бакудың мәліметінше, 2020 жылы Шуша қаласы азат етілген соң, 2021 жылы "Азерэнержи" компаниясы қаланы қуатпен жабдықтау мақсатында "Шуша" қосалқы станциясын тұрғызды. Сонда Президент Ильхам Алиевтің өзі іске қосқан қосалқы станцияда болашақта азат етілетін Ханкенді қаласына арнап, бөлек ұяшықтар қарастырылыпты.

Көптен күткен күн де жетті. Алдын ала қам жасаудың арқасында дұшпаннан босатылған Ханкенді қаласын Әзербайжанның энергожүйесіне қосу жылдам жүзеге асырылды.

2023 жылғы 19 қыркүйекте, яғни антитеррористік іс-қимылдар басталған күні "Азерэнержи" "Шуша" қосалқы станциясының жанынан 110 киловольтты, жоғары кернеулі желіні тартып, мұнаралары мен бағаналарын орнатуға дереу кірісті. Ол Ханкендінің электр тарату желілерімен қосылып отыр. Дер кезінде әрі тез жүргізілген жұмыстардың арқасында азат етілген қаланы энергиямен жабдықтау процесі аяқталды.

"Азерэнержи" мен "Азеришыг" ұлттық компанияларының мамандары алдымен қаланың қуат беруші және таратушы желілерін, қорғаныш жүйелерін тексеріп шықты. Содан соң сымдарға тоқ берілді. 

"Енді Ханкендіде әзербайжанның жарығы нұр болып төгіліп тұр", – деп рухтана жазды әзербайжандық Haqqin басылымы.

Әзербайжандық күш құрылымдарының Таулы Карабахта "фильтрация" жүргізіп, кезінде осы өңірді мекендеген этникалық әзербайжандарды қыруға, қудалауға және басқа да әскери қылмыстарға кінәлі, қылмыскер адамдарды іздейтіні туралы хабар шетелдік журналистерді шошытты.

Себебі Ресейдің Украинаның Буча, Мариуполь, Мелитополь, Херсон және басқа қалаларында, селоларында фильтрация жүргізуінің соңы белгісіз молалардың қаптап пайда болуына, Мәскеу саясатына қарсы тұлғалардың із-түзсіз жоғалып кетуіне соқтырғаны мәлім. Яғни, қылмыс жасамаған тұрғындарды саяси көзқарасы үшін жазықсыз жазалады. 

Human Rights Watch Әзербайжан тарапының мұндай сүзгі ұйымдастырып, қылмыскерлерді іздеуі заңды деп отыр. Тек Әзербайжан Таулы Карабахтың еркек тұрғындарының атып-асылмайтынына кепілдік беруге тиіс.

"Жалпы алғанда, халықаралық гуманитарлық құқық та, соғыс заңдары да фильтрацияға жол береді. Бірақ тұрғындарды фильтрациялауды өткізу кезінде адамның базалық құқықтары сақталуы шарт. Атап айтқанда, адамдарға қатігездік танытуға, азаптауға жол берілмейді", – деді Human Rights Watch Еуропа мен Орталық Азия бойынша бөлімі директорының орынбасары Таня Локшина.

Әлем мойындалмаған, жалған болса да, отыз жылдан астам уақыт тіршілік еткен тұтас "республиканы" құлатып, өңірді тазалау оңай шаруа емес. Карабахты реинтеграциялау ұзақ жылдарға созылуы мүмкін.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу