Тегін дәрі қашан арманнан ақиқатқа айналады?

3657

Үкіметтің жұма күнгі кеңейтілген отырысында Елбасы айтқан қатаң сыннан кейін ертесіне, сенбі күні Министрлер кабинеті қайтадан өз жиынын өткізіп, "қателікпен жұмыс" өткізді.

Тегін дәрі қашан арманнан ақиқатқа айналады?

Қазақстанда бизнесмендерді де, қарапайым халықты да тең дәрежеде толғандыратын бір үлкен әлеуметтік мәселе бар: мемлекет тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндеттеме алған дертті жандар жыл сайын сол көмекке толық көлемде қол жеткізе алмай, зар қағады, ал осы салаға маманданған кәсіпкерлер болса, шенділердің қолдан жасаған кедергілеріне кезігіп, қанаты қырқылып, қан қақсайды. Ақыр соңында аса қажет дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмау халықтың денсаулығына нұқсан келтіреді.

"Бұлайша халыққа тегін дәрі-дәрмек береміз деп ауыздарын толтырғанша, одан да мүлдем бермегендері дұрыс еді! Ауру жүрегіммен олардың соңынан қуалап, барлық дәріханаларды адақтап жүргенің! Шенеуніктер осылай мазақ етіп бітті. Жылда көретініміз осы", – деп ашынады қария Мария Костина.

Жергілікті жерде жүргендіктен, жұртшылықтың жанын не ауыртатынын жақсы түсінетін бірқатар өңір басшысы да тұрғындардың жағына шығып, осы "хорға" өздерінің зор "дауыстарын" қосты.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осы мәселеге арнап, жеке кеңес өткізе келе, өз командасын тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектерді жеткізу проблемасын шешуге жұмылдырды. Әкімдіктің дерегіне жүгінсек, ол сондай-ақ тегін препараттарды сатып алу және жеткізу жүйесін талдауға нұсқау берген. 

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі шалғай жатқан елді мекендер тұрғындарының осы қиындықтың зардабын тартып, қиналып жатқанын мәселе етіп көтеруде.

"Біз ірі елді мекендерді дәріханалармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауымыз керек. Бұған қоса, 2019 жылға дейін барлық ауылдарда медициналық пункттер ашу жөнінде берге уәдемізді орындауға тиіспіз. Дәрілік құралдардың бағаларын тұрақтандыру мәселесі де аса маңызды" дейді саладағы мәселелерді тізбелеген Бердібек Сапарбаев.    

Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының дәрілік саясат және дәрімен қамтамасыз етуді үйлестіру бөлімінің басшысы Сәуле Ержанованың айтуынша, биыл тендерді жылдағыдан көп ерте өткізуге ұйғарылыпты. Бірақ соның өзінде дәрі-дәрмектер дәріханаларда ақпанда пайда болмақ.

"Емханалар үшін алдағы күнге деп ешкім ешқандай қор жасамайды. Фармкомпаниялармен келісімдер жыл соңында жабылады. Сондықтан көптеген білікті дәрігерлер ерте қамданып, аяқталып қалған жылдың соңғы айларында өз сырқаттарына препараттарды алдағы айларға да жететіндей етіп, артық жазып беруге тырысады" дейді ол.  

Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тегін дәрілік құралдар, медициналық мақсаттағы бұйымдар тізіміне сәйкес, препараттарды "бірыңғай дистрибьютор" – "СК Фармация" кәсіпорны сатып алады.

Жағдайды тағы жайт ушықтырған: 2016 жылы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекіткен әлгі тізімнен 96 аталым шығарып тасталыпты. Бұл сырқат жандарды "ызалы жүрек, долы қол" жағдайына дейін жеткізуде.

Ақыры халық пен әкімдердің наразы "хорының" жаңғырығы Ақордаға дейін жеткенге ұқсайды. 3 ақпан күні "Үкімет үйінде" өткен Министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев дәрілік құралдарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютор "СК-Фармация" мемлекеттік ЖШС-ның қызметін "коррупция" жайлаған мафия деп атап, ондағыларды тегіс қуып шығуды тапсырды. 

"Мен еліміздің барша азаматтарына айтқым келеді: мемлекет нормативті дәрілермен бюджет қаржысы есебінен тегін қамтамасыз етеді. Нормативті дегеніміз – қалыпты, тексерілген дәрі деген сөз. Олар өзімізде шығарылады, көршілер де жасайды. Бірақ өзімізде бар және қолданылатын қалыпты дәрі орнына бағасы төрт-бес есе қымбат шетелдік дәрілер сатып алынады. Егер адамның өзі нормативтіні азсынып, өз бетінше басқа дәрі сатып алғысы келсе, оған ешкім де қой демейді", – деді Елбасы.

Бұған жауап ретінде жаңадан құрылған денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов кепілдендірілген тегін медициналық көмек бойынша дәрі-дәрмек бекітілген баға бойынша сатып алынатынын хабарлады. Ал дәріханалардың бөлшек саудасы реттелмейді. Осыған байланысты Президенттің осы аптада жарияланған жолдауында дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу ұсынылып отыр.

"Дұрыс айттыңыз, бұл мәселенің байыбына барып, басын ашамыз" деп уәде етті денсаулық сақтау министрі.  

Өз сөзін әрі сабақтаған мемлекет басшысы оған анағұрлым арзан әрі тиімділігі де бірдей дәрілер тұрғанда, дәрігерлердің неге сырқаттарға аса қымбат импорттық дәрілерді жазып беретінін анықтауды тапсырды. Өйткені таяуда "ақылы науқастарды әртүрлі тексерулерден өткізіп, әбден "айналдыруға" кеңес берген алматылық аурухана басшысына қатысты жанжал жұртқа жаға ұстатып еді.

Бұған түсініктеме берген Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Ізбасқан Аймағамбетов арамқолды дәрігерлер сырқаттарды "дәрі бойынша да айналдыратынын" мәлімдеді. Сөйтіп, олар дәріханалармен және белгілі бір маркадағы шетелдік дәрілерді жеткізушілерімен келісімге отырып, табыс табады.

"Мен бұған толық сенімдімін. Олар өздерінің пайдакүнемдік мүдделерін қанағаттандырады. Барлық сырқаттарды бір дәріханаға жолдайды, бір дәріні бәріне жазады. Әрине, олар сырқаттың мейлінше көп қаржы шығындауға итермелеуге тырысады" дейді сарапшы. Бұл кесір тәжірибені жою үшін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі ретінде Тамара Дүйсенова кезінде дәрігерлерге рецептіде қандай да бір дәрінің тауарлық маркасын емес, дертке дауа болар дәрінің халықаралық атауын ғана жазу туралы бұйрық шығарған. Әйтпесе, дәрігер Қазақстан өндіретін, тиімділігі ежелден дәлелденген, әрі небары 20 теңге ғана тұратын балалар "Парацетамолы" орнына құны одан қырық есе қымбат тұратын "Ибуфенді" жазады (салыстыру үшін дәрілердің атауы кездейсоқ алынған – ABCTV порталы).

Енді бұл проблема Елжан Біртановқа "мұраға" қалып отыр.

"Шара қабылда! Сосын бұл саланы тексеру, кім жауап беретінін айқындау керек!" деді оған Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев дәрі-дәрмекті барлық ауруханалар мен сырқаттар үшін орталықтандырылған негізде сатып алатын "СК-Фармация" қызметі көп сұрақ туғызатынын нықтады.

"СК-Фармация" – бірыңғай дистрибьютор, ол мемлекеттік қаржыны алып, сатып алуға бөледі. Бұл бір мафияға айналып кетті. Олар тіпті елімізде фармацевтикалық фабрикалар ашуға мүмкіндік бермейді. Қазір бизнесмендер келеді, бізде фармфабрикалар салғысы келетіндерін айтады, бірақ оларды бұл салаға жібермейді, жер учаскелерін, мемлекеттік тапсырыстарды бермейді. Өйткені барлық шетелдік мемлекеттермен контракті бекітіп қойған. Осыдан бас пайдасын түгендеп, біреулер отыр. Олар отандық фармацевтикалық саланың дамығанын қаламайды. Сен жағдайды түзеуің керек. "Фармацияда" отырғандардың бәрін қуып шық. Жаңа адамдарды қой да, қаржының қайда кетіп жатқанын анықта. Мен мұны бірнеше жылдан бері айтып келемін. Ештеңе де жасалмайды. Орнынан қозғауға болмайтын әлдебір адамдар отыр. Оларды жоғарыда қолдап отырғандар кім? Осының барлығына Біртанов жауап береді!" – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Ал ертесіне өткен Үкімет отырысында Премьер Бақытжан Сағынтаев "СК-Фармация" кәсіпорнының басшылығының тағдыры не болғанын сұрастырды.

"Елжан Амантайұлы! – деді денсаулық сақтау министріне қайырылған Бақытжан Сағынтаев. – мемлекет басшысы алдыңызға біраз міндет қойды. Бірінші кезекте, дәрілер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды отандық өндірушілерден ұзақмерзімді негізде сатып алу көлемін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауыңыз керек. Бұл ретте сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етіңіз. Айтпақшы, сіз Президенттің кадрлық мәселелер бойынша тапсырмасын орындадыңыз ба? Қандай нақты шешім қабылданды?"

Елжан Біртанов оның бірінші басшысы отставкаға кеткенін мәлімдеді: "Шешім қабылданды, процедуралық мәселелер ғана қалды. "СК Фармация" бірінші басшысынан өтініші қабыл алынды. Ол отставка кетті" деді министр.   

Үкіметтің дерегі бойынша мемлекет сатып алатын дәрілердің тек 30 пайызы ғана отандық өндірушілерден алынады екен.

Премьер-министр ауруханалар мен емханаларға медтехника сатып алу кезінде оларды пайдаланудың бүкіл кезеңіне жеткізушілердің сервистік қызмет көрсету міндеті бекітілуге тиістігін айтып, осыған қажетті сатып алу тетігін әзірлеуді тапсырды. Ал медициналық құрылғылар мен құрал-жабдықтар нақты құнынан әлденеше есе қымбатқа сатып алынбауы үшін "медтехниканың бірыңғай номенклатурасын түзу" жүктелді.

Қалай болғанда, отандық фармкомпаниялар қолдауға зәру. Өткен жылғы қыркүйек айының соңында "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының араласуы арқасында Қазақстандағы аса ірі фармзауыт жабылып қалудан аман қалғаны есте. Өйткені "СК-Фармация" бірден  ірі фармацевтикалық компанияға қарсы сотқа шағымданып, оларды "адал емес жеткізушілер" деп тануды талап еткен. Егер сот мемлекеттік дистрибьюторды жақтап шыққанда, "қара тізімге" кіретін 14 фармкомпанияның барлық зауыттарының келешегі күңгірттеніп кететін еді.

Мәселен "СК-Фармацияның" "Химфарм" құрамына кіретін шымкенттік SANTO-ның үстінен шағым түсіруіне оның 4 препаратты жеткізуді кешіктіруі себеп болған. Бұл ретте SANTO кешігу орын алатыны туралы дистрибьюторға уақытында хабарлаған және сонымен бірге нарықта аталған препараттардың тапшылығы туындауын болдырмау үшін барлық мүмкін болар шараларды қабылдапты. Яғни, іс жүзінде жағдайды сотқа дейінгі тәртіппен реттеген. Бірақ неге екені белгісіз, отандық өндірушінің "жеткізу кестесінің өзгеруі фармсала үшін стандартты болып табылатын бақылау процедурасымен байланысты" деген дәйектемелері мен түсініктемелерін назарға алмаған дистрибьютор оның басын сотқа тартқан.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының айтуынша, мұның салдары "апатты" болуы мүмкін еді: кәсіпорын тоқтап, білікті кадрлар жаппай қысқартылуы, еліміз миллиондаған инвестициялардан айырылуы, ақыр соңында ұлттық дәрілік қауіпсіздікке қатер төнуі ықтимал-тын. 

Фармкомпания басшылығы "Атамекен" КҰП-ға көмек сұрап жүгінеді. Палата осы фармкомпаниялар мен "СК-Фармация" арасындағы келіссөздердің барлығында арағайын-медиатор болды. Премьердің бірінші орынбасарының басшылығымен жоғарғы деңгейде кездесулер ұйымдастырды. Бұл жанжалды реттеуге денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, инвестициялар және даму министрлерінің орынбасарларын жұмылдырды. Нәтижесінде, бірыңғай мемлекеттік дистрибьютор өз шағымдарын қайтарып алды.   

Мафия жойылмаса, мұндай "қызықтар" жалғаса бермек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу