Темір жолда импорттың орнын отандық өнім басады

14553

Өндіріс саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Темір жолда импорттың орнын отандық өнім басады

Бүгін "Электровоз құрастыру зауыты" ЖШС алаңында темір жол өнімдерін өндіру деңгейін арттыру және оларды жергіліктендіру мәселесі жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Кеңесте "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, "Атамекен" ҚР ҰКП, жеке бизнес және басқа да ұйым өкілдері бас қосты. Кездесу барысында еліміздің темір жол техникасын жасау саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, бірқатар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев "Электровоз құрастыру зауыты" ЖШС өнімі тек Қазақстан ішінде ғана емес, шетелдерге де шығып жатқанын айтты.

"Зауыт өнімдері Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды елдерге экспортталып жатыр. Өндіріс өнімдерінің құрамын жергіліктендіру, ел экономикасын дамытуда басымдыққа ие. Қазақстандағы Alstom компаниясының бас директоры осы зауыттағы өндіріс 25%-ға жергілікті өнімнен тұратынын хабарлады. Ал "Локомотив құрастыру зауытында" жергілікті өнім – 30%. Темір жол машиналарын жасау саласына үкімет зор қолдау көрсетіп отыр. Көптеген бағдарлама бар. Қазақстан даму банкі, лизингтік компаниялар қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ, Alstom, General Electric компанияларымен отандық өнім үлесін арттыру және жергілікті азаматтарды жұмысқа алу жөнінде келісім бар", - деді вице-министр.

Берік Камалиевтің айтуынша, темір жол машиналарын жасауда отандық өнімдерді пайдаланудың көлемі арта түседі.

"Локомотивтің қаңқасын жасау үшін Электровоз құрастыру зауыты темір бөлшектерді Қарағанды, Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларының орта және шағын бизнесіндегі компаниялардан алады. Үкіметтің индустрияны ұлғайту бағдарламасына сәйкес, еліміздегі зауыттарға осы кәсіпорындардан қандай өнімдер алуы керектігі жайлы және ЕАЭО елдерінің стандарттарын түсіндіріп, семинар өткізіп жатырмыз. Бұл темір жол машиналарын өндіруші зауыттар бүгін отызшақты жергілікті зауытпен ынтымақтастық туралы мемарандумға қол қояды. Негізгі мақсатымыз – 2025 жылға дейін жергілікті өнім үлесін 40-45%-ға дейін көтеру", – деді Берік Камалиев.

Семинарға қатысушылардың бірі, отандық ауыр өнеркәсіп зауытының бас директоры Жетпісбай Едігенов кеңес барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

"Қазақстан темір жолы" ҰК бүгінгі семинар-кеңесті өте уақытылы өткізіп отыр. Қай салаға күш салуымыз керектігін анықтауға мүмкіндік алдық. Бұндай кері байланыс өндірісшілерге де, "ҚТЖ" ұлттық компаниясына да керек. Біз темір жол машиналарын жасайтын зауыттарға құю бұйымдарын жасап бере аламыз. Кеңес барысында құю бұйымдары импортқа тәуелді екендігі әрі оны отандық өнімге алмастыру қажеттігі айтылды. Біздің зауыт құю бұйымдарын, шойын өнімдерін және ұстаханалық қысыммен жасалатын тауарларды өндіре алады. Қазір ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоямыз", – деді Жетпісбай Едігенов

Зауыт басшысы бүгінгі кеңес жұмысының арқасында шетелден келетін құйма бұйымдардың орнын басып, импортты алмастыруға мүмкіндік алғанын қуанышпен жеткізді.

"Егер "ҚТЖ" ұлттық компаниясының қажеттілігін біліп отырсақ, соған сәйкес көлемде өнім шығарып бере аламыз. Олар сапа туралы талап қойып отыр. Әрине, талапқа сай болуға ұмтыламыз. Біздің зауыт темір жолға 78 жыл бойы азды-көпті өнім жеткізіп отырды. Кейін шетелдік компаниялар келіп, құю бұйымдарын импорттай бастуына байланысты, үзіліс орын алды. Тауарды шетелден әкеле бастады. Қазір осы кеңестің арқасында жергілікті өнімге басымдық беріліп, импорттың орнын алмастыратын біз тәрізді отандық компаниялар қайта келуде. Алдағы уақытта темір жол машиналарын өндіруші зауыттарға қажет еткен өнімін жеткізіп отырамыз деп үміттенемін", - деді отандық өндіруші.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу