Жаңарқа ауданының орталығы Атасу кентінің жұртын мазасыздық меңдеп тұр. Себебі аудан іргесіндегі темір жол жебір жолға айналып, адамдардың жанын жалмап жатыр.
Тұрғындардың сөзінше, адамдар темір жол арқылы бергі беттен арғы бетке өтеді. Көбінесе осы сәтте қайғылы оқиға орын алады. Осыдан 3 жыл бұрын 15 жастағы ер бала қарындасымен темір жолдан өтіп бара жатып, поездың келіп қалғанын байқамай қалады. Сын сағатта ағасы қарындасын жолдың шетіне итеріп жіберіп, өзі поездың астына түседі. Осылайша айдың-күннің аманында екі аяғынан айырылып, сал болып қалады.
"Өрімдей баланың өмірі қор болды. Қазір ол арбаға таңылып, мүгедектік үшін төленетін жәрдемақы алып отыр. Бұдан не пайда, өмірі өксікпен өтіп жатыр ғой?! Біз жергілікті атқамінерлерге бес-алты поезд құрамы тоқтап тұрғанда адамдар жолдың арғы бетіне вагондардың астымен өтетінін айтудай айтып, рельстің үстінен өтетін жол салып беруді сұрап келеміз. Сөзімізді елеп жатқан ешкім жоқ", – дейді мүгедек баланың туысы Гүлмира Тахирова.
Соңғы 10 жылда 10 адам поездың астына түскен. Олардың арасында мертіккендер, бақилық болғандар бар.
Алдыңғы жылы 70 жасар қария темір жолдан поездың астымен өтпек болған кезде екі қолына зақым келтірген. Қарияның қолына ота жасалған, ол көп ұзамай қайтыс болған.
Темір жол торабында рельс арқылы өтетін екі жаяу жүргінші жолы бар. Алайда бұл жолды поезд құрамы үнемі жауып қалады.
Темір жол сыртындағы 5 көшеден 250 бала аудан орталығындағы мектепке барып оқиды. Оқушылар жаяу жүргінші жүретін темір жолдағы жолақ жабылып қалғанда, поездың астынан өтеді. Бүгінгі таңда халық темір жолдың үстінен өтетін көпір салып беруді сұрап жүр.
"Мен бәрін түсінемін, көріп, біліп жүрмін. Жобада көпір бар. Оның құрылысына "Қазақстан темір жолы" жауапты", – дейді Атасу кентінің әкімі Рахманберлі Түсіпов.
Жаңарқа темір жол станциясының бастығы Нұржан Бошанов та шарасыздық танытып отыр.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшылығы мен облыс әкімдігіне осы мәселеге қатысты ресми хат жолдадық. Әзірше жауап келген жоқ", –деді ол.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін abctv.kz порталының атынан "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына хабарластық. Компанияның баспасөз қызметі: "Көпір салу жергілікті атқарушы биліктің құзырында" деп қысқа қайырды.
Кімге сенеміз, жергілікті билік өкілдеріне ме, әлде ұлттық компанияның баспасөз қызметіне ме?
Арайлым Еркебаева