Ұлттық валютаның елеулі әлсіреуі мұнай бағасының бір баррель үшін 46 доллардан төмен түскенін көрсетеді. 21 маусым, сәрсенбі күні, Ұлттық банк валюта нарығына қатысты осындай мәлімдеме жасады деп хабарлайды abctv.kz.
Егер Қазақстандық қор биржасының валюта нарығы биржалық мәліметіне сенер болсақ, соңғы аптада (14 маусым мен 21 маусым) теңгенің долларға қатысты бағамы 3,2%-ға әлсіреп, 326,28 теңге болған. Бұл қоғамдық ортада қызу пікірталас тудырып, теңге одан әрі құнсызданады деген әңгімеге арқау болды.
"Нарық ұсыныстардың артылуы жоспарлағанға қарағанда ұзағырақ сақталады деп болжанып отыр. Осылайша, ОПЕК келісімінің тиімділігі жайлы күдік күн санап арта түспек", – деп баспасөз қызметі ҚР Ұлттық банкінің монетарлық операциялар департаменті директоры Әлия Молдабекованың сөзін келтірді.
Валютаның әлсіреуі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге экономикасы ұқсас елдерде де байқалады деп еліміздің қаржыға жауапты мекемелері жұбатқандай болды.
"Апта басынан бері мұнай бағасымен ара-қатынаста жағымды құбылып тұратын бірқатар валюта, атап айтқанда теңге 2,3%-ға, ресей рублі 2,7%-ға, канада доллары 0,5%-ға, бразилия реалы 1,4%-ға, норвегия кроны 0,7%-ға төмендеген. Жұмадан бастап теңге 3%-ға, ресей рублі 4%-ға, канада доллары 0,6%-ға, бразилия реалы 1,1%-ға, норвегия кроны 1,4%-ға түскен", – деп ведомство салыстыру жасады.
Сондай-ақ еліміздің Ұлттық банкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отырғанын және құбылмалықты валюта интервенциясы арқылы реттеу шараларын қабылдау құқын өзіне қалдыратындығын айтты.
Айта кетерлігі, теңгенің әлсіреуі мемлекеттік қарызды Ресейге сату кезінде басталып, ресейлік рубльдің әлсіреуіне де ықпал етті. Өткен аптада Brent маркалы "қара алтынның" бір баррель үшін 47 долларға тұрақтаған кезде Мәскеу биржасында федералды қарыз облигацияларының (ФҚО) бағасы төмендеген.
"Мұнай бағасы мен ФҚО-ға қарамастан рубльдің төмендеуі ресейлік қарыздан шетелдік инвесторлардың кете бастағанын көрсетеді", – деді Райффайзенбанк сарапшысы Денис Порывай.
Осы жылы Қазақстанның бюджеті Brent маркалы мұнайдың бір баррель үшін 50 доллар деңгейіндегі бағасынан және теңгенің бір доллар үшін 330 теңге бағамынан жасалған еді. Осы жылдың алғашқы тоқсанында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 54,63 доллар болып, теңгенің нығаюы үшін белгілі қор жасады. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, тоқсан қорытындысы бойынша бюджеттің жоспардан артық кірісі 130 млрд теңгеден асып кетті.
Алайда мамыр айынан бастап құлдыраған мұнай бағасы маусым айында бюджетте жоспарланғаннан да төмендеп, Қазақстанның ұлттық валютасы үшін жағымсыз жағдай тудырды.
21 маусымдағы есеп бойынша Brent маркалы мұнай бағасы жыл басынан бастап 53,14 долларға дейін түскен. Бірақ соңғы күндердегі жағдай бюджетті тықсырып тастады. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 1 маусымда бюджет 143 млрд теңгеге артылған, ал кіріс бойынша жоспар 5,4%-ға артығымен орындалған.
Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов