Қазір көпшілікті ұлттық валютамыздың бағамы алаңдатып тұр. Осыған орай біз теңгенің болашағына қатысты мамандардың пікірін білдік.
Біз ұлттық валютаның бағамын әлемдік нарықтағы мұнай бағасымен байланыстырамыз. Бірақ теңгенің құны тек мұнай бағасына тәуелді емес. Бүгінде теңгенің құлдырауына әсер етіп отырған басқа да сыртқы факторлар баршылық. Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова: "1993 жылдан бері теңгені ішкі-сыртқы факторлардан қорғай алмай келеміз", – деді.
Теңге 25 жылда 75%-ға құнсызданған
Cөзіміздің дәлелі ретінде назарларыңызға төмендегі диаграмманы ұсынамыз. Көріп отырғандарыңыздай, елімізде 1998 жылдан бері доллар бағамы тек өсе берген.
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың сөзінше, макроэкономикалық жағдайымыз көбінесе сыртқа факторға тәуелді болғандықтан біз осындай көрсеткішпен бетпе-бет келіп отырмыз.
"Мұнай және басқа да шикізаттың бағасы едәуір төмендеді. Бұған қоса Қазақстанмен сауда-әріптестік орнатып отырған елдердің де валюталарының құны құлдырап жатыр. Ресейдің рублі, Қытайдың юані әлсіреді. Батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы әлем экономикасына әсер етпей қоймады. Сондықтан қазір Қазақстан ғана емес, бірқатар дамыған елдер абдырап отыр. Себебі әлемдік нарықта шикізат бағасы түсіп жатыр. Бұған қоса АҚШ-тың федералдық резерв жүйесі саясатын өзгертіп жатыр. Бүгінде өзге елдерге берілетін несие мөлшері 0,25%-дан 0,50%-ға дейін көтерілді. Мұны АҚШ долларды күшейту үшін жасап отыр. Ал доллардың күшеюі сыртқы қарызды доллармен алатын мемлекеттер үшін өте тиімсіз. Сондай-ақ АҚШ банктері АҚШ экономикасына инвестиция салғысы келетін инвесторларға жеңілдікпен несие беруді мықтап қолға алды. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысатын инвесторлар да ендігі кезекте Америка нарығына қаржы салуға жұмыла бастайды. Бұл үрдіс шикізатқа байланған біраз елдерді алаңдатып отыр. Мұнайдан айрықша түсім көріп отырған, осы уақытқа дейін ұлттық валютасы бірде-бір рет сыр бермеген Сауд Арабиясының өзі қазір ойлана бастады. Алып елдер сыртқы факторлардан қорғана бастағанда біз үшін теңгені теңселтпей ұстап тұру өте қиын", – деді Жұмаділда Баяхметов.
Теңге бағамын тежеп ұстау тиімсіз
Бұл экономист-сарапшы Дәурен Арынның пікірі. Оның сөзінше, Қазақстанның алтын-валюта қоры 88,8 млрд долларды құрап отыр. Алтын валютадағы резер желтоқсан айында 0,2%-ға дейін өскенмен, жыл басынан бері 2,2%-ға төмендеген. Ұлттық банк теңгені тежеп ұстау үшін алтын-валюта қорынан қаржы алып келген. Алайда сыртқы факторлар теңге бағамының төмендеуіне әсер етпей қоймаған.
"Қазір Ресейдің экономикасы аса мәз емес. Санкция Ресейдің есін шығарып, экономикасын тығырыққа тіреп тұр. Ресейдің рублі де арзандап, құнсызданып жатыр. Рубль құнсызданса, оның артынан теңге ереді. Себебі Ресей мен Қазақстан экономикасы тығыз байланысты. Рублі құнсызданып, экономикасы дағдарып, санкциялар сансыратып отырған Ресей ендігі кезекте Кеден одағы аясындағы елдерге салмақ сала бастайды. Орыстар тауарларын Қазақстан мен Беларусьқа тықпалауға кіріседі. Кеден одағы аясындағы салық жүйесіне де өзгеріс енуі мүмкін. Бұлай бола қалса, біз үшін алтын-валюта қорындағы қаржыны теңге бағамын тежеп ұстауға жұмсау тиімсіз. Керісінше бұл қаржыны отандық өндірісті жандандыруға бөлген әлдеқайда пайдалы. Отандық өндірушілерге қолдау көрстепесек, девальвациядан көз ашпаймыз.", – деді экономист-сарапшы.
Дәурен Арынның айтуынша, өткен жылы мұнай бағамының төмендеуіне байланысты алтын-валюта қорынан қаржы алып, ұлттық валюталарын қолдаған Сауд Арабиясы мен Ресей де әжептеуір шығын көріпті. Мұны төмендегі диаграммадан көруге болады.
"Бізді мұндай көрсеткіштер ойлантуы тиіс. Ұлттық экономиканың тынысын ашу үшін нақты мемлекеттік шара қолданған жөн", – деді Дәурен Арын.
Мұнайдың бағасы бұрынғыдай болмайды
Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков осылай деп отыр. 2020 жылға қарай әлемдік нарықтағы мұнай бағасының бір баррелі 40 доллар болуы мүмкін. Бұған қатысты дерек төменде тұр.
"Мұнайға сеніп отыратын уақыт өтті. Жаңа мұнай кен орындарының көптеп ашылуы әлемдік нарықтағы шикі мұнайдың көбеюіне алып келді. Қазір АҚШ тақтатас мұнайын өндіруге көшті. АҚШ күніне 1 млн баррель мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында Сауд Арабиясын ығыстырып, әлемдегі ең ірі мұнай өңдеуші елге айналды. Осылайша ОПЕК-ке мүше елдермен Ресейдің мұнайына АҚШ-тың тақтатас мұнайы қосылып, нарықта мұнай көбейді. Бәсеке көбейіп, тұтынушыға талас басталды да, мұнайдың бағасы төмендеді. Алдағы уақытта да мұнайдың бағасы төмендей береді. Бұл экономикасы мұнайға байланған елдер үшін қуантарлық жағдай емес", – деді Бейсенбек Зиябеков.
Сауд Арабиясы қиналмайды
Мамандардың мәлімдеуінше, Ресейдің экономикасы қалыпты болуы үшін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы 90 доллардан төмендемеуі керек. Ал 90 доллардан төмендеген жағдайда Ресейдегі бюджеттің дефициті 1,5%-ды құрайды. Қазір мұнай бағасы 70-75 доллардан екенін ескерсек, Ресей бюджетінің тапшылығы 2,5-3%-ды құрап отырғанын білу қиынға соқпайды. Қазақстанға да мұнай бағасының 70 доллардың айналасында толқып тұрғаны тиімсіз. Мұнайдың арзандауынан Сауд Арабиясы ғана қиналмайды екен. Бұл туралы экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова: "Сауд Арабиясында мұнай қоры жеткілікті. Бұл елге бюджетті толық қамтамасыз ету үшін мұнайды 60 доллардан сатса да болады. Мұнай қоры көп болғандықтан олар мұнайды ұзақ уақытқа дейін арзанға сата алады. Қанша жерден дағдарыс болса да, бұл елдің экономикасы теңселмей, валютасы тегеурінді болуының бірден-бір себебі осы. Жалпы, мұнай бағамына қатысты ұзақмерзімге болжам жасау қиын. Бірақ қазір мұнай өндірудің жаңа технологиялары пайда болып, тіпті әлемдік ғылымда наноматериалдарды синтездеу арқылы көмір мен ағаштан мұнай алу тәсілі жетіліп келеді. Осыған қарап болашақта мұнайдың бағасы бұрынғыдай қымбаттайды деп айту қиын. Мұндай факторларды ескерсек, болашақта Қазақстанмен тығыз экономикалық байланыс орнатып отырған Ресей экономикасының да жағдайы аса мәз болмайды. Экономикасы Ресейге байланған ел ретінде Қазақстанға да қиын болады. Рубль мен теңге жұбында қазір құнсыздану орын алып отыр. Аталған сыртқы факторлардан теңгені және ұлттық экономиканы отандық өнім өндірушілерді қолдау ғана құтқарады. Осы уақытқа дейін біз отандық өнім өндіру саласына мән бермедік. Енді зардабы сезіле бастады", – деді.
Ішкі нарықта теңге емес, доллар беделді
Мамандар алға тартып отырғандай, сыртқы факторлар өз алдына, ішкі нарықта теңгенің беделіне күмән келтіру көп. Бір ғана мысал, қазір ішкі нарықта банктердегі депозиттерін долларға ауыстырып, ұзақмерзімді депозитті тек доллармен сақтау жағы басым. Бұл туралы экономист Дәурен Арын: "Теңге құлдырай бастаса бітті, халық жаппай теңгедегі жинағын долларға айырбастай бастайды. Қарапайым адамдар осылай жасаса ұтамыз деп ойлайды. Енді қараңыз, бізде қазір доллармен несие берілмейді. Доллар несиеге сұраныс болмағаннан соң халықтың доллардағы депозиті де айналымға шыға алмай жатыр. Банктер доллар түрінде депозитке салым қабылдайды. Ал оны ішкі нарықта айналымға салайын десе, доллар несиені ешкім алмайды. Сондықтан бұл арада құр доллар депозит аша берудің еш мәні жоқ. Бұл теңге үшін де, банктер үшін де жағымсыз тренд тудырады", – деді.
Теңгеге алыпсатарлардан қысым көріп жатыр
"Валюта алыпсатарлары да қазір валюта бағамын өзгерту арқылы пайда тауып отыр. Долларды Ұлттық банк белгілеген бағамнан жоғары қойып сататын валюта айырбастау пункттері бар. Валюта тәуекелін әдейі қабылдау оларға тән құбылыс. Ресейде рубльдің төмендеуіне спекулянттар айрықша ықпал етіп отыр. Естеріңізде болса, 2014 жылдың ақпан айында теңге құлдырап, бір доллардың құны 187 теңге болды. Сол кезде валюта алыпсатарлары айналымдағы долларды көбейтіп жіберді де, Ұлттық банк оны сатып ала берді. Осыдан барып доллардың айналымдағы көлемі артып, теңге әлсіреп кетті. Қалай десек те, қазір теңгеге валюта алыпсатарларынан қысым көрсетіліп жатыр. Ірі валюта алыпсатарларынан теңгені қорғау керек.
ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде отырып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті. 1929 жылы АҚШ-та "қаралы бейсенбі" орын алды. Сол кезде АҚШ-тағы валюта алыпсатарлары биржадағы акциялардың құнын түсіріп жіберіп, АҚШ бір күнде 25 млрд доллар шығын шекті. Бұл қазіргімен есептегенде 320 млрд доллар. Бізге болашақта валюта алыпсатарларына қатысты заңды күшейтіп, мемлекеттік бақылауды реттеп алу керек", – деп қорытты ойын сарапшы Арман Мусин.
Қарлығаш Зарыққанқызы