TikTok шынымен қауіпті ме?

1160

АҚШ қытайлық қысқа видеолар платорфмасына тыйым салуға жақын. Кейін мұндай шешімді Вашингтонның одақтастары да қайталауы ғажап емес.

TikTok шынымен қауіпті ме? Фото: inkaraganda.kz

Қытай АҚШ Конгресінен өтіп жатқан заң жобасына шабуыл жасап, оны "әділетсіз" деп атады.  Болжамдарға қарағанда, бұл құжат қабылданып кетсе, Құрама Штаттардың бүкіл аумағында ТикТокқа тыйым салынуы мүмкін.

Батыстың көптеген елдерінде шенеуніктерге, саясаткерлерге және қауіпсіздік қызметкерлеріне осынау қысқа видеолар платформасын жұмыс телефондарына орнатуға тыйым салынып отыр.

Сонымен, TikTok-қа қатысты ең үлкен үш кибер алаңдаушылық қандай және қытайлық компания оларға қалай жауап қайтарып жатыр?

1. TikTok деректерді "тым көп" жинап жатыр

TikTok өзінің деректер жинауын "салалық тәжірибеге сәйкес келеді" деп есептейді.

Сыншылар болса, TikTok-ты тым көп дерек жинайды деп жиі айыптап жүр. Бұған дәлел ретінде олар австралиялық Internet 2.0 киберкомпаниясының зерттеушілері 2022 жылдың шілдесінде жариялаған киберқауіпсіздік жөніндегі есепті жиі келтіреді.

Сол зерттеушілер қытайлық қосымшаның бастапқы кодын зерттеп, оның "деректерді шамадан тыс жинауға" әкелетінін хабарлады. Сарапшылардың айтуынша, TikTok қолданушының орналасқан жері, қандай құрылғыны пайдаланатыны және смартфонға өзге қандай қосымшаларды жүктегені сияқты мәліметтерді жинайды.

Дегенмен, Citizen Lab жүргізген талдауға жүгінсек, TikTok пайдаланушының іс-әрекетін бақылау үшін "басқа да танымал әлеуметтік медиа платформалар жинаған мәліметтерді ғана жинайды" екен.

2. ТикТокты Қытай үкіметі тыңшылық үшін пайдалануы мүмкін

TikTok өзінің толық тәуелсіз екенін және "Қытай үкіметіне пайдаланушылардың деректерін бермегенін және сұраса да бермейтінін" мәлімдеп келеді.

Дегенмен, құпиялар жөніндегі сарапшылардың ойынша, көпшілігіміз жеке деректердің көп бөлігін беруді әлеуметтік желілермен жасасқан мәміле деп қабылдайды екенбіз.

Өз қызметтерін ақысыз ұсына отырып, сол желілер біз туралы ақпарат жинайды және ол деректерді өз платформасында жарнама сату үшін пайдаланады. Сонымен қатар, бұл желілер мәліметтерімізді интернетте бізге жарнама орналастыруға тырысатын басқа да фирмаларға сатуы мүмкін.

Кейбір пікірлерге қарағанда, TikTok-тың проблемасы - оның Бейжіңдегі ByteDance технологиялық алыбына тиесілі болғандығында. Бұл факт оны америкалық емес негізгі қолданба ретінде бірегей етеді. Мысалы, Facebook, Instagram, Snapchat және YouTube барлығы бірдей деректер жинайды, бірақ олардың бәрі - АҚШ-та құрылған компаниялар.

Дональд Трамптың 2020 жылғы бұйрығында TikTok дерек жинай отырып, Қытайға америкалық "федералдық қызметкерлер мен мердігерлердің орналасқан жерін қадағалауға, оларды бопсалау үшін досье қалыптастыруға және корпоративтік тыңшылық жасауға" мүмкіндік беретіні айтылған.

Әзірге қолда бар деректер бұның тек теория жүзіндегі қауіп екенін көрсетіп отыр. Бірақ Қытайда 2017 жылы қабылданған заңнаманың түсініксіз ережелері кейбір елдерді бәрібір алаңдатпай қоймады.

Мысалы, Қытайдың Ұлттық Барлау Туралы Заңының жетінші бабында барлық қытайлық ұйымдар мен азаматтар елдің барлау жұмыстарына "қолдау көрсетуі, көмектесуі және онымен ынтымақтасуы" керек деп жазылған.

Алайда, Джорджия Технологиялық Институты зерттеушілерінің сөзінше, бұл   сөйлем контекстен алынған және аталған заңда пайдаланушылар мен жеке компаниялардың құқықтарын қорғайтын ескертулер де бар екен.

Бірақ 2022 жылы ByteDance өзінің Бейжіңдегі бірнеше қызметкерінің АҚШ пен Ұлыбританияда кем дегенде екі журналистің деректеріне қол жеткізіп, олардың орналасқан жерін қадағалап, күдікті TikTok қызметкерлерімен кездесіп жүргендерін тексергенін мойындады.

Көп кешікпей TikTok-тың баспасөз өкілі сол тілшілер жайлы деректерге қол сұққан қызметкерлердің жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

3. TikTok-ты "миды жуу" құралы ретінде пайдалануға болады

2022 жылдың қарашасында АҚШ-тың Федералдық Тергеу Бюросының директоры Кристофер Рэй америкалық заң шығарушылардың алдында "Қытай үкіметінің өзгелерге ықпал ету алгоритмін бақылауы мүмкін" екенін мәлімдеді. Және де бұл мәлімдеме бірнеше рет қайталанды.

TikTok болса, "қауымдастықтарға немесе жалпы жұртшылыққа зиян келтіруі мүмкін жалған ақпаратқа тыйым салатынын" ескертіп келеді.

Теориялық тәуекел

Осылайша, TikTok-тан төнген қауіп әзірге теориялық сипатқа ие.

Алайда, кейбір сыншылардың ойынша, ол бүгінде зиянсыз көрінгенімен, мысалы, қақтығыстар кезінде күшті қаруға айналып кете алады.

TikTok-қа Үндістанда тыйым салынған. Оны АҚШ та бұғаттайтын болса, бұл шешім TikTok-қа орасан әсер етуі мүмкін. Өйткені әдетте Вашингтонның одақтастары оның істегенін іле-шала қайталайтынын белгілі.

Бұған бір мысал - АҚШ қытайлық телекоммуникациялық алпауыт Huawei-ді 5G инфрақұрылымын жасақтау жұмыстарынан аластату науқанына жетекшілік етті. Осынау сәтті бастама да теориялық тәуекелдерге негізделген еді.

Әрине, бұл қауіптің бір жақты екенін атап өткен жөн. Мәселен, Қытайға АҚШ қосымшаларына бола алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі Қытай азаматтарының оларға кіруіне баяғыда тыйым салынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу