Тіл тағдыры таптаурын тақырып емес

Тілге бөлінген 6 жылдық бюджет – 19 млрд теңге. 

Тіл тағдыры таптаурын тақырып емес

Биыл тілдерді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы мәреге жететін жыл. Соның арқасында мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 90% болуға тиіс еді. Мектептерде мемлекеттік тілді В1 деңгейде меңгерген түлектер үлесі 100%, мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тілді контенттің үлесі 72%, ономастикалық комиссиялардың шешімдерін түсіністікпен қабылдайтын жұрттың үлесі 90% болуы керек-тұғын. Қазақ тіліндегі терминологиялық қор 100% реттеліп, қазіргідей "пайыз ба, процент пе", "кредит пе, несие ме", "займ ба, берешек пе" деген көкезу даулар біржола тынуы қажет еді.

Әрине, күн сайын көшеде көзімізбен көріп, жұмыс барысында тап болып жүрген жайттарды есепке алып, бағдарламадағы нысаналы индикаторлардың қағаз жүзінде ғана орындалғанын нық сеніммен айтуға болады. Бірақ жүздеген ғалым мен маман көз майын тауысып жасаған, іске асуы үшін 10 жыл бойы миллиардтап ақша бөлінген стратегиялық құжатты еш дәлел-дәйексіз жоққа шығара салу – ең оңай шаруа.

Мемлекеттік машинаның сәйкеспейтін статистикасы

Былтыр 31 желтоқсанда Үкімет тілдерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын бекітті. Алдағы 5 жылда мемлекеттің тіл саясаты осы бағдарлама аясында іске аспақ.

Құжаттың кіріспесінде: "Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жоспарланған көрсеткіштер 2018 жылы сәтті орындалды: нысаналы индикаторлар – 100%, тиімділік көрсеткіштері – 83,3%, іс-шараларды орындауға бөлінген қаражатты игеру – 100%", - деп жазылған.

Бұл не деген сөз? О баста бағдарлама 2011-2020 жылға жоспарланған болатын. Оны сол кезде adilet.zan.kz сайтына жарияланған бағдарлама мәтінінен оқуға болады. Ал жаңа бағдарламадағы мәтінге зер салсақ, 10 жылға деп бөлінген қаражатты тілдің жыртысын жыртушылар 8 жылда-ақ игеріп тастаған болып шығады. Нысаналы индикаторлар 100% орындалды дегеніне сүйеніп, 2018 жылдың өзінде қазақ тілін меңгерген халықтың үлесі 90 пайызға жетті деп ой түюге болады. Жақсы-ақ! Бірақ бағдарламаны әрі қарай оқысаңыз, көтерілген көңіліңіз су сепкендей басылады. Өйткені бір тараудағы мәлімет екінші тараудағы ақпаратты жоққа шығарып тұр.

"Қазақстандағы өзбектердің 95,5%-ы, ұйғырлардың 93,7%-ы, қырғыздардың 92,7%-ы қазақ тілін тұрмыстық деңгейде, ал 12%-ы жоғары деңгейде меңгерген. Ауызекі қазақ тілін орыстардың 25%-ы, украиндардың 21,05%-ы, белорустардың 19%-ы, поляктардың 20,9%-ы, немістердің 24%-ы түсінеді. Көрсетілген этностар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі – 2,9%-ды құрайды", - деп жазылған.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың басында Қазақстанда 3 512 925 орыс тұрған. Бағдарлама авторларына сенсек, осынша диаспораның тек 25 пайызы қазақ тілін ауызекі түсінеді. Яғни, 75 пайызға жуығы әлі мақрұм деген сөз. Оны санға шақсақ, 2,5 млн адам. Бұл – Қазақстан халқының (сол тұста 18 631 779 адам болған) 14,4 пайызы. Демек, бағдарламаның басында жазылған 90 пайыздық статистика жалған болып шығады. Біз мысалға тек орыс диаспорасын ғана алып отырмыз. Оларға қазақ тілін ауызекі деңгейде де түсінбейтін 205 мың украинды, 40 мың белорусті, 130 мың немісті қоссаңыз, мемлекеттік тілді толық меңгермегендердің үлесі 15,4 пайызға жетеді. Бұл жерде біз 4,5 пайыз өзбекті, 6,3 пайыз ұйғырды, 7,3 пайыз қырғызды, кәріс, пен немісті, түрі қазақ, тілі шұбар өз қандастарымызды қосып отырған жоқпыз. Тілді меңгеру мен ауызекі түсіну деген екі бөлек ұғым. Меңгеру деген сол тілде еркін оқып, еркін жаза алу дегенді білдірсе керек.

"Көрсетілген этностар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі – 2,9%-ы құрайды", - деген сөйлемге қарасақ, бар болғаны 142 мыңнан астам орыс, неміс, уркаин, белорус, поляк, өзбек, ұйғыр қазақ тілін толыққанды меңгерген болып шығады. Осы этностардың қалған 4,7 млн өкілі мемлекеттік тілді меңгермеген деген сөз. Бұл – Қазақстан халқының 25,6 пайызы.

Құжатқа Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қоймай тұрып, Парламент депутаттары мен ведомствоаралық комиссиялардың қарауынан өтетінін ескерсек, сандар арасындағы алшақтықты ешкімнің байқамағанына таңғаласың. Осыдан кейін мемлекеттік машинаның мемлекеттік тілге деген көзқарасы немқұрайды емес деп көріңіз.

Негізі мемлекеттік тілді білмейтіндердің саны 10 пайыз ғана емес екенін біздің шенеуніктер жақсы біледі. Әйтпесе ел алдына шыққан сайын "бәріне түсінікті болу үшін әрі қарай орыс тілінде сөйлейін" деп толеранттылықа салуды қоятын еді ғой. Не болмаса бұл әрекеттерін тіл білмейтін "10 пайыздың" ішінде өзі де бар екенін жасырудың аянышты амалы деп қабылдау керек шығар.

Қазақ тілдің еншісі қалдық қаражат па?

Жаңа бағдарламаның авторларына сенсек, 2011-2018 жылдар аралығында қазақ тілінде білім беретін балабақша саны 5664, мектеп саны 3798, орталық саны 90 болып өскен. Мемлекеттік органдардан қазақ тілінде жолданатын құжаттардың үлес салмағы шамамен 93%-ға жеткен.

Бұл сандардың астарында қаншалық өсім жатқанын білу үшін тағы да 10 жыл бұрын қабылданған бағдарламаға жүгінеміз. 2010 жылғы жағдайды талдаған тарауда осыған ұқсас деректер келтірілген.

"Қазақ тілінде оқытып, тәрбиелейтін балабақшалар мен шағын орталықтар – 5644, мектептер – 3798, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары – 88. Мемлекеттік органдардан қазақ тілінде жолданған құжаттардың үлес салмағы шамамен 88%-ды құрайды", - деп жазылған.

Сонда бақандай 10 жылдың ішінде қазақ тілді білім ошақтарының қатарына бір де бір жаңа балабақша, бір де бір жаңа мектеп қосылмағаны қалай? Әрине, жер-жерде кейінгі 10 жылда жүздеген мектеп пен балабақша салынғанын бәріміз білеміз. Демек, болашағы жоқ ауылдармен бірге жүздеген қазақ тілді мектеп жабылды деген қорытынды шығаруға болады. 10 жылда тіл оқытатын орталықтардың қатары тек 2 нысанмен толыққан. Ал шығыс құжаттарының үлесі 10 жылда небәрі 5 пайыз артқан. Осы өзгерістерді туғызу үшін мемлекет бюджетінен қанша қаражат кетті деп ойлайсыз?

"Бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыруға арналған мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыны 19 134 946 мың теңгені құрайды. 2011-2020 жылдарға арналған Бағдарламаны қаржыландыру көлемі ҚР заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланады", - деп жазылған. Мұндағы "бірінші кезең" деп отырғаны – 2011-2013 жылдар. Ал қалған екі кезеңіне қанша қаражат бөлінгенін анықтау үшін бөлек зерттеу жүргізу керек шығар. Әрине, бұл жерде 19 млрд теңгеден астам қаражаттың оқулықтар мен сөздіктер, әдістемелер мен тестік кітаптар басуға кеткенін айтып, мемлекеттік тілдің имиджін көтеруге бағытталған форумдар мен конкурстарды тізіп шығуға болады. Бірақ соның бәрі ең негізгі межеге, қазақ тілін білетіндердің санын 90 пайызға жеткізе алмаған болып тұр. Тағы бір ескеретін жайт, "бағдарламаны қаржыландыру көлемі жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатыны" айтылған. Жалпақ тілмен айтсақ, тілдерді дамытуға қажет қаржы кейінгі 7 жыл бойы қалдықтық принциппен бөлініп келді деген сөз.

Ономастика  – мұрат емес, құрал

"Қысылған Жамбыл жері осы" дегендей, бағдарлама авторлары ономастикалық өзгерістерге келгенде санмен пайыздық көрсеткіштерді тізудің орнына, 1-2 ауданның атын атап шектелген. Өйтетін себебі, өткен онжылдықта ономастикалық өзгертулерге қайта-қайта мораторий жарияланған болатын.

Жалпы тәуелсіздік жылдарында 1500-ге жуық елдімекен, 1400-дей білім, мәдениет, спорт мекемелесі, 85 теміржол стансасы, 25 мыңға жуық көше, даңғыл, шағын аудан қайта аталыпты. Ол санатқа идеологиялық тұрғыда ескірген топонимдермен қоса "Чингирлауды" Шыңғырлау деп өзгерту процестері де нәтиже ретінде енгізілгені анық. Логикаға салсақ, ономастикалық өзгертулер тіл саясатының нысаналы индикаторы емес, керісінше мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін нығайтатын құрал болуы тиіс еді. Ал бізде ономастикалық ахуал тарихи әділеттілік пен мемлекеттілік тұрғысынан емес, тұрғындардың ризашылығы тұрғысынан бағаланып келеді.

Жаңа бағдарламаның бір ұнаған тұсы – мемлекеттік тілдің мәртебесін заңмен дара белгілеу туралы ұсыныс.

"ТМД елдерінде, атап айтқанда, Әзербайжанда, Өзбекстанда, Латвияда, Литвада, Эстонияда, Молдовада, Арменияда, Грузияда заң жүзінде тек мемлекеттік тілдің ғана мәртебесі бекітілген. Демек тіл саясатында жүзеге асырылатын тілдің мәртебелік жоспарлануы үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру керек", - деп жазылған. Шынымен де тамаша ұсыныс. Бірақ сол тамаша ұсыныстың орындалу мерзімі, заң нормасын дайындап бекіттіретін органның аты көрсетілмеген. Ал мерзімі мен орындаушысы айқындалмаған ұсыныс құр полемика ретінде ғана қабылданбақ.

Бағдарлама авторлары Алматы қаласында, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында тіл оқытатын мемлекеттік орталықтар жоқ екенін мәселе етіп көтерген. Бұл – мемлекеттік тіл саясатында бірізділік жоқ екенін, өңірлердегі тілдік ахуал жергілікті әкім-қаралардың көңіл күйі мен пайым-түсінігіне тәуелді екенін көрсететін фактор.

Сәрсенбайұлының сәуегейлігі

2018 жылы Қазақстанда тіркелген БАҚ саны 3328 болған. Олардың ішінде қазақ тілінде – 548, орыс тілінде – 850, қазақ-орыс тілінде – 1160, үш және одан көп тілде – 770 БАҚ ақпарат таратады. Қазақ ұлтының үлесі 2019 жылы 68 пайыз болды. Демек, өзге ұлттарды қойып, қазақтардың өзі орыс тілді ақпарат құралдарының жұмысына сұраныс туғызып отыр деген сөз. Осы жерде Ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының 16 жыл бұрын айтқан сөзі еске түседі.

"Қазақ басылымдарының толығуы да, жақсаруы да қазақ оқырмандарының, қазақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруымен тікелей байланысты. Ол кісілер басылымның толық бағасына жазыла алатын жағдайға жеткенде, газетті өз бағасымен сататын күнге жеткізген кезде сіз бен біз айтып отырған тақырып, меніңше, болмайды",  – деген еді.

2018 жылы жүргізілген әлеуметтік-сараптамалық сауалнаманың деректері қызық. Жауап берушілердің 90%-ы қазақ тілінде сөйлегенімен, 78,2%-ы инернет ресурстардан ақпаратты орыс тілінде оқитындарын айтқан. Ащы болса да айту керек, көзі қарақты оқырман арасында қазақтілді БАҚ-тың сөз еркіндігі орыс тілді БАҚ-қа қарағанда шектеулі деген түсінік қалыптасқан. Яғни, қазақша БАҚ-тың сөз еркіндігі тіл, дін, руханият, мәдениет, әлеуметтік мәселелер төңірегінде ғана сақталған. Ал экономика, қаржы, саясат, сайлау мәселесін індетіп жазуға бейресми тосқауылдар бар деп есептеледі. Кейінгі кезде қазақ тілді БАҚ мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтудың орнына сапасын сұйылтып барады деген орынды сын айтылып жүр. Оның ең басты себебін кезінде өзі де журналист болған Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба дөп айтқан болатын.

"Қазақ тілді журналистердің басынан өтетін бір ақиқат бар: оларға күнде ақпаратты орыс тілінен аударып, пайдалануына тура келеді. Ал аудармамен күнделікті айналысып жүрген адам бірте-бірте тілі орысшаға ауысып бара жатқанын өзі де байқамай қалады. Бүгін де әлеуметтік желі тілімізді одан ары қарабайырландырып жіберді", – деген еді.

Қос әліпбидің қиындығы

Осының бәрін "тілді саясатсыздандыру" деген ұғыммен түсіндіруге болады. Алаш арыстарының феноменінен тіксініп қалған КСРО идеологтары қазақ тілін шама-шарқынша саясаттан алшақтатып, ауыл мен үгіт тілі деңгейінде құрсаулап ұстауға күш салған. Дәл осындай себеппен іргедегі Өзбекстан да әлі күнге дейін өз тілдеріне өріс ашып бере алмай отыр. Бұл жалпы орыс шеңгелінде болған Орталық Азия елдерінің басындағы ортақ проблема.

Тарих ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз зерттеуші Бахтиор Алимджанов 2019 жылдың ақпанында жариялаған "Өзбек тілі неге саясат пен ғылымның тіліне айналған жоқ" атты мақаласында осы проблеманы асқан дәлдікпен сипаттайды.

"Өзбек тілі соңғы 28 жылда билік тіліне айнала алмады. Жоғары мансапты шенеуніктер мемлекеттік тілде өте нашар сөйлейді. Олар одан да орыс тілінде сапалы сөйлеуді жөн деп санайды. Өзбек элитасының білімді орыс тілінде алып, совет мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істегені осынау тілдік феноменнің негізгі себебі болып отыр. Орыс тілі – Өзбекстан халқы үшін саяси киелі тіл. Бұл – күш пен қуаттың тілі. Өйткені осы тілде заңдар жазылады, Академия институттарында ғылыми еңбектер қорғалады, маңызды лауазым иелері де теледидар арқылы ең маңызды мәселелерді орыс тілінде талқылайды. Ал өзбек тілі отбасылық сериалдар мен тұрмыстық проблемаларды талқылауға ғана жарамды. 1993-95 жылдары өзбек әліпбиі реформаланды. Бірақ ол соңына дейін жеткізілген жоқ. Баяу реформа қос әліпбиді өмірге әкелді. Латын әліпбиі жастардың арасында кеңінен танымал болып, ағылшын тілін тікелей өзбек тілінен үйрену белең алса да, кирилл әліпбиін білетіндер элитарлық мәдениет өкілі саналатын болды.

Қызық феноменді қараңыз. Элита мен зиялы қауым орыс тілін жанын салып қолдауда. Өйткені орыс тілін білу үлде мен бүлдеге құқылы тапқа жататыныңды көрсетеді. Осылайша ұлттың ішінен айрықша субмәдениет отау тігіп алды. Еуропаланған жастар өздерін модерн-өзбекпіз деп санайды. Гибридті мәдениет өзбек халқын екі тапқа бөліп тастады да, өзбек тілі маргиналды қатынас құралына айналды. Модерн-топтың бұл әрекеттері билік тарапынан жариясыз қолдау көріп отыр. Неоколониалды тілдік орта өзбек тілін ғана білетіндерді қоғам тастандысы етуде. Ең қызығы, латын әліпбиімен бірге келген ағылшын тілі орыс тілімен бәсекеге түсе алмады. Ағылшын тілін білмеу артта қалғандықтың белгісі емес. Ал орыс тілін білмесең автоматты түрде "неандерталь" болғаның. Өзбек тілінің бағын ашатын жалғыз әрі соңғы арал – интернет пен әлеуметтік желі",  – дейді Бахтиор Алимджанов. Осы дәйексөздегі "өзбекті" "қазақпен" алмастырып оқысаңыз, шындықтан алшақтай қоймайсыз. Дәл осындай ойды кезінде Әлихан Байменов те айтқан еді.

 "Сіз қазақ тілінің дамып келе жатқанын айтып шүкірлік етіп отырсыз. Рас, базар мен автобуста қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесетін күнге жеттік. Ал мен сізге "мерседес" пен қымбат мейрамханалардағы жағдайды айтайын. Ол жерден екі қазақтың бірі-бірімен қазақша сөйлесіп отырғанын көруіңіз екіталай" деген болатын.

156 депутат бір Фаризадай бола алмай жүр

Тіл комитеті ұйымдастырған әлеуметтік зерттеу нәтижелері әкімшілік және мемлекеттік органдарда респонденттердің небәрі 7,9%-ы "қазақ тілін", ал 27,4%-ы "көп жағдайда қазақ тілін қолданатынын" көрсетіпті. Ал құқық қорғау органдарындағы сауалнама бойынша халықтың 8%-ы "тек қазақ тілін қолданамын" және 25,8 %-ы "көп жағдайда қазақ тілін қолданамын" деп жауап берген. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау саласында да қазақ тілінің тиісті деңгейде қолданылмайтынын растайды.

Парламент аппаратында заң аудармасымен тікелей жұмыс істейтін Дәуітәлі Омашұлы тіл туралы жиындардың бірінде Үкіметтің 28 жылда бірде бір заңды қазақша дайындап көрмегенін айтқан еді.

"Осы күнге дейін заң жобаларының 90%-дан астамын әзірлейтін Үкімет бірде бір жобаны ана тілімізде дайындамапты. Бүкіл күш пен қаржы қолында десек те, Үкіметтің осы күнге дейін шыбық басын сындырмай отырғанын еш нәрсемен түсіндіре алмаймыз", – деген болатын тіл жанашыры.

Жалпы тәуелсіздіктің 30 жылында небәрі екі заң ғана қазақ тілінде дайындалған екен. Оның бірі – Көші-қон туралы заң болса, екіншісі – Бала құқықтары жөніндегі заң. Бірі Әкім Ысқақтың күш салуымен әзірленсе, екіншісі Фариза Оңғарсынованың бастамасымен қолға алынған. Қазіргі депутаттар "тіл-тіл" деп қанша шырылдағанмен, дәл сондай қайраткерлік көрсете алмай келеді. Кейбір деректерге сенсек, Парламент пен Сенаттың заң шығарып жүрген 156 депутаттың алаңсыз жұмыс істеуі үшін әрқайсына бюджеттен жыл сайын 92 млн теңге бөлінетін көрінеді. Халықтың ақшасы құнды болғанымен, тілі құнсыз болса керек сол депутаттарға.

Былтыр сенатор Ләззат Сүлеймен кейінгі жылдары бірнеше облыста қазақ тілінде жүргізілетін сот істерінің саны 3 есеге азайып кеткенін айтып, дабыл қаққан болатын. Осыдан кейін қазақ тілін қалай биліктің тілі дейміз?! 

"Өзбек тілі манипуляция құралына айналып барады. Кейбір саясаткерлер оны популистік проблемалар көтеруге қолданып, сол арқылы ұпай жинауға әуес",  дейді Бахтиор Алимджанов. Қазақ тілі туралы да осыны айтуға болады.

Тіпті мемлекеттің бірінші басшылары халыққа маңызды месседждер жолдағанда экономика, экология, банк, заңнама, қаржы, салық мәселелерін орыс тілінде баяндап, қазақша мәдениет, дін, әлеуметтік қамсыздық, ұлт бірлігі сияқты тақырыптарды қозғап шектеледі. Солардың өзі жұрт алдында мемлекеттік тілді дифференциалды принциппен қолданатынын көрген өзге шенеуніктер айылын қайдан жисын?!

Ендігі үміт латын әліпбиі мен ІТ-технологияларда

Өзбек тілі сияқты қазақ тілін дамытудың да басты алаңы интернет болатын түрі бар. Қуанарлық жайт, соны Тіл комитеті жақсы түсініп отыр. Сондықтан болса керек, жаңа бағдарламада "Google Translate" және "Yandex Переводчик" аударма сервистеріндегі қазақ тілінің сапасын арттыруды мәселе етіп көтеруде. Ресми дерек бойынша, Wikipedia жүйесіндегі қазақ тілді мәтіндер саны 200 000 мақаладан асқан. Microsoft компаниясының MS Office, Windows бағдарламалық өнімдері қазақ тіліне аударылды. Алайда "Қазақстанның интернет қауымдастығының" мәліметі бойынша, қазақ тілді қазақстандық сайттардың үлесі 12%-дан енді асып отыр.

Халықаралық сараптамалар мектеп шәкірттерінің қажетті ақпарат пен білімді кітаптан емес, интернет-ресурстардан көп іздейтінін дәлелдепті. Біздегі оқушылардың да 37%-ы мәтінмен электрондық форматта жұмыс істеп, тіпті 40%-ы үй тапсырмасын интернеттің көмегімен орындайтын көрінеді. Мұндай тенденция пандемия кезінде еселеп артқаны анық. Баспа иелерінің осыны ескеріп, онлайн білім платформаларымен байланысты нығайтқаны өздеріне де, елге де пайдалы болар еді.

Тіл комитетінің 10 жыл бұрынғы бағдарламасында үш тілділік салалық саясаттың басты көзірі болса, жаңа бағдарламада бұл мәселеге ұлттық прагматизм тұрғысынан қарау ұсынылған.

"Жапония мен Қытайда ағылшын тілі бастауыш сыныптардан кейін ғана оқытылады. Бұл елдерде өзге тілді оқыту мектепке дейінгі жастан басталмайды. Барлық пән ана тілінде оқытылады, ағылшын тілі тек тілдік пән ретінде оқытылады", – деп көрсеткен.

Алты жылдық бағдарламаны қаржыландыруға бюджеттен 16,9 млрд теңге қарастырылған. Алдыңғы бағдарламаның алғашқы үш жылына ғана бұдан көп теңге бөлінген еді...

Ұлттық корпус не үшін керек?

2025 жылға дейін латын әліпбиін қазақ тілді ортаға түгелдей енгізу межесі қойылған. Әліпбидің негізгі үлгісі әлі бекітілмегенін ескерсек, бұл меженің уақытында орындалуы екіталай. Кирилл әріпті мәтіндерді жаңа әліпбиге редакциялаудың автоматты жүйесін дайындау, IT-бағдарламалар мен мәтіндік редакторларды әзірлеу, оларды онлайн, оффлайн режимдерде тегін тарату, латын графикалы қазақ әліпбиін пернетақтаға енгізу және шығару, беделді веб-сервистер мен іздеу жүйелерін (google.kz және yandex.kz) латын графикалы әліпбиге аудару, веб-сайттарды, оқу-әдістемелік, ақпараттық материалдарды әзірлеу, тарату сияқты ең маңызды әрі ауқымды шараларға 16,9 млрд теңге тоналмай жетсе игі...

Мұның сыртында 6 жылдың ішінде 60 млн сөзді қамтитын қазақ тілінің ұлттық корпусын электронды нұсқада әзірлеу міндеті қойылып отыр. Бұл істе біз көш соңында қалып, есімізді енді жиып жатқанымызды айтпасақ, қиянат болар еді. Ұлыбритания өз тілінің ұлттық корпусын жасақтауды 1991 жылы бастаса, іргеміздегі Ресей бұл іске 2001 жылдан бастап кіріскен. Аядай ғана Шотландияның өзі ұлттық корпусын интернетке орнатуды 2004 жылы бастап кеткен екен. Ұлттық корпустың маңызын түсіну үшін лингвистердің оптимистік болжамын мысалға алуға болады. Ғалымдар интернет заманына аман жеткен тілдердің барлығы мәңгі жасауға мүмкіндік алды деп отыр. Яғни ұлттық корпусы (белгілі бір тілдің мәтіндік қоры) интернетке көшірілген тілдер оны қолданушы ұлт жойылып кеткен күнде де адамзаттың ортақ мұрасы болып қала бермек.

Бағдарламада халықаралық коммуникацияда қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту қажеттігі жазылған.

"Қазақстанның қатысуымен өтетін халықаралық жиындарда, саммиттерде, форумдарда, кездесулерде және басқа да ресми іс-шараларда мемлекеттік тілді практикада пайдалануға мониторинг жүргізу көзделеді" делінген. Ол мониторингті кім жүргізетіні, оның зерттеу аясына қандай тұлғалар кіретіні нақтыланбаған. Ел арасында елшілер мен министрлерден бөлек Президенттің де халықаралық қауымдастық алдында Қазақстан атынан орысша сөйлейтіні сынға алынып келе жатқанына 30 жыл болыпты. Тілдерді дамытудың бұл жолғы бағдарламасында осы мәселенің қозғалғанын көріп қуануға болатын еді. Бірақ ол ұсыныстың заңнамалық тірегі нақты аталмағандықтан, алты жылда нақты өзгеріс болады деп сеніп кетуге және болмайды.

Түйіндейік. Әділін айту керек, тілдерді дамытудың бұл бағдарламасы алдыңғысына қарағанда ғылыми негізге сүйене отырып жасалған. Авторлар алдыңғы бағдарламаны қорытындылаған кезде ғана жасандылыққа жол берген. "Қазақстандықтардың 90 пайызы қазақ тілін меңгерген" деген ақпаратқа өз басым көз жұмып қарауға бармын. Тек ол үшін монотілді мемлекет ретінде батыл саясат ұстанып, қазақ тілінің дара мәртебесіне орыс тілін ортақтастырмайық. Ұлтты ұйыстыратын да, заңды қиыстыратын да, қазақ тілі екені заңмен бекітілсін. Елшіміз де, елбасшымыз да сыртта жүргенде қазақ тілінің қадірін кетірмесін.

Қарапайым сіз бен біз тіліміздің келешегін қайтсек жарқын ете аламыз? Біріншіден, "Тіл мәселесі "тізесі шыққан", таптаурын тақырып" дегенге саятын жоғарыдан таңылған түсінікке алданбауымыз қажет. Екіншіден, тіл саясатын жүргізуге бөлінген қаржының орынды игерілуін сауатты түрде қадағалап отыру әдетке айналуы шарт. Тілдің айналасындағы тендерлерге кәсіби тұрғыда жауапкершілікпен атсалысайық. Қазақ тілінің там-тұм несібесін талан-тараждан қорғаудың төте жолы осы ғана.

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!         

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу