Талғат Темірханов шекарадағы мәселе туралы: Тілін табуға тырысу керек

2910

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жүк тасымалы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  

Талғат Темірханов шекарадағы мәселе туралы: Тілін табуға тырысу керек Фото: atameken.kz

Оның айтуынша, шекарадаға мәселе өзектілігін жоғалтпаған.

"Бұл проблемаға қатысты көптеген пікір бар. Алайда Қазақстанның бір вагонын экспортқа, ал бір вагонды (Қытайдан – автор) транзит арқылы Еуропаға жіберейік деген пікір қате. Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Оны қалыптастыруға біраз уақыт кетті. Еуропадан келетін жүкті Қазақстан арқылы Қытайға жеткізу үшін біраз күш жұмсалды. Қазір транзит арқылы Еуропаға айтарлықтай көлемде жүк тасымалданып жатыр. Онда тариф жоғары, бұл әсіресе "Қазақстан темір жолы" АҚ үшін пайдалы", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

"Салада бақылау жоқ"

Талғат Темірханов "ҚТЖ" ұлттық компаниясының дерегіне талдау жүргізгенін жеткізді.

"Бізде импорт пен экспорт, транзит көлемі төмендемеген. Керісінше, ол 2-3%-ға өскен. Парадокс қой. Қытай шекарасында (жүктер – автор) тұр, бірақ сандар өсіп жатыр. Мысалы, Өзбекстанға 130 млн долларға телефон жеткізілген. Бірақ біз телефон өндірмейміз. Демек бұл елге тауардың кері экспорты болып тұр, яғни өнім Қазақстанға келеді, оны Өзбекстанға экспорттаймыз. Демек мұнда теңгерімсіздік бар, ал жұмыста бақылау жоқ", – деді.

"Қытай тауарына сұраныс артты"

Сондай-ақ саладағы жағдайдың күрделенуіне коронавирус пандемиясы да әсер еткен.

"2020 жылы барлығымыз үйде отырдық. Қытай тауарына сұраныс артты. Бұл ноутбуктар, планшеттер, телефондар және тағы басқа", – деді Талғат Темірханов.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қазақстан мен Қытай шекарасындағы тауарлардың тұрып қалу мәселесіне билік араласқанын атап өтті.

"Бұл мәселе жоғары деңгейде тақыланды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Қытайдағы әріптестеріне хабарласты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені көтерді. Премьер-министр Асқар Мамин Қытайға хат жіберді, оған жауап та келген", – деді басшы.

"Тілін табуға тырысу керек"

Талғат Темірхановтың пікірінше, мәселені шешу үшін Қытай тарапымен келіссөз жүргізу қажет.

"Қытай нарығында 2 млрд адам, Қазақстанда 19 млн адам бар. Сондықтан олардың тілін табуға тырысу керек. Әрине, біз сіздерге тауарларды экспортқа шығармаймыз деуге болады. Алайда кейін отандық бидай бұл нарықтан ығыстырылады, ал ресейліктер порт арқылы бұл нарықты өзіне алады... Сондықтан бұл ауқымды мәселе", – деді басқарма төрағасының орынбасары.

"Бұл барлық мәселені шешпейді"

Сондай-ақ ол Қытайдан тауарын ала алмай отырған кәсіпкерлерге бір-ақ жолмен көмектесуге болатынын жеткізді.

"Қазір қолымыздан келетіні – форс-мажор туралы куәлік беру. Бірақ аталған куәлік барлық мәселені шешпейді. Біз оны беру арқылы тек импорттаушылар мен экспорттаушылардың шығын азайтамыз", – деді Талғат Темірханов.

"Атамекен" ҰКП Тасымалдау және логистика департаментінің директоры Мұрат Амриннің айтуынша, биыл 9 айда кәсіпкерлерге 200-ден аса форс-мажор туралы куәлік берілген.

"Бұл куәлікті сыртқы сауда палатасы береді. Ол 20-30 күнде дайын болады. Форс-мажор туралы куәлік тасымалдаушылардан, экспорттаушылардан, импорттаушылардан өз контерагенттерімен жасалған келісімшарттарда көзделген міндеттемелерді алып тастайды. Мысалы, мен жүк тасымалдаушы ретінде 20 күнде, яғни 1 желтоқсанға дейін Қытайдан белгілі бір жүкті алып келуім керек, ал жүк уақытында жеткізілмесе, менен қосымша ақша алынады. Бірақ шекарадағы жағдай форс-мажор болғандықтан, мен жүктің уақытында жеткізілуіне жауап бере алмаймын. Осылайша, бизнес өкілдері 2,9 млрд теңгеге өз мүддесін қорғады", –деді басшы.

Айта кетейік, осыған дейін Қытайдан тауар жеткізе алмай отырған кәсіпкерлер жанайқайын жеткізген еді.

"ҚТЖ" ұлттық компаниясы қазақ-қытай шекарасындағы жүк мәселесіне байланысты келісімге келгенін хабарлаған.

Сондай-ақ Алматы қаласы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов бұл проблема алдағы уақытта шешілмесе, базарда тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтқан болатын.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу