Жалған кәсіпкерлік қылмыстық кодекстен алынып тасталады ма?
Шағын, орта және ірі бизнес өкілдері алдында сөз сөйлеген ҚР "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев еліміздің кәсіпкерлік саласымен байланысты заңнаманы жетілдіру бойынша КҰП-тың жүргізіп жатқан жұмысына ерекше тоқталып өтті.
Ол рұқсат етуші және хабарлау рәсімдерінің 1115-тен 310-ға дейін қысқарғанын, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы бақылау-қадағалау функцияларының үштен екісі қысқаруы мүмкін екенін тілге тиек етті. Қалай болғанда да "Атамекен" Бас прокуратурамен және үкіметпен бірлесіп осы бағытта тиісті жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі таңда елімізде 28 мың бағыт бойынша 61 мекеме осындай қызметтерді орындап отыр.
"Сонымен бірге биыл мемлекет басшысы үкімет пен "Атамекенге" салықтық әкімшілдендіруді жақсарту бойынша ұсыныс енгізуге тапсырма берді. 1 маусымнан бастап қаржы министрлігі жанынан құрылған аппеляциялық комиссия жұмысын бастайды, сол жерде мемлекеттік кіріс органдарымен салық дауларына қатысты туындаған мәселелерді сотқа дейін реттеуге болады, – деді Тимур Құлыбаев. – Мұнымен қатар ҚҚС қайтару бойынша көптеген өтініш бар, сондықтан сіздерден Салық кодексін жетілдіру бойынша ұсыныстар күтеміз".
Сондай-ақ, оның айтуынша, КҰП қылмыстық кодексті одан әрі ізгілендіруге күш салады. Таяу арада ҚР парламентіне қылмыстық кодекстен "Жалған кәсіпкерлік" бабын алып тастау және бұл қылмыс құрамын қоданыстағы заңнаманың басқа бөлімдеріне ауыстыру туралы ұсыныс жасалады. Бұған нағыз қылмыскерлердің әрекетінен адал кәсіпкерлер жапа шегіп жатқан фактілері себеп болып отыр.
Кәсіпкерлер неге шағымданады
Атырау облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жақиев үш жылғы жұмысқа қорытынды жасады.
Оның айтуынша, жергілікті кәсіпкерлердің негізінен кәсіп қылғысы келетіні – шаруа қожалығы мен құрылыс, қызмет көрсету және саудамен байланысты шағын бизнес. Өткен жылы шағын және орта бизнесте 44235 субъекті жұмыс істеген, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 5,2%-ға аз.
"Тапсырыстар азайды, сонымен бірге рубль мен доллар бағамының құбылуы салдарынан сауда саласы құлдырады, – деген Асылбек Жақиев кәсіпкерлерді қорғауға көшті. – Кәсіпкерлерді қорғау– бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Былтырғы жылы өңірлік палатаға бизнесті қорғау бойынша 198 өтініш түсті, оның тең жартысы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Қолданылған шаралардың арқасында кәсіпкерлердің кем дегенде 1,4 млрд теңгеден астам қаржысы үнемделді. Бұл біздің өңір үшін үлкен ақша".
Жергілікті бизнес субъектілерінен келіп түскен өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, несие беру, тариф жасау және салық салуға қатысты болған. Сондай-ақ кәсіпкерлер жер қатынастары саласы мен инфрақұрылымға қол жеткізу қиын екеніне де көп шағымданады.
"2014-2015 жылы "жол картасы" бойынша дүкен немесе мейрамхана ашуға несие алған кәсіпкер күні бүгінге дейін өз нысанына инфрақұрылым жүргізе алмай отыр. Ал бұған кем дегенде 7-8 млн теңге кетеді. Әсіресе, бұл мәселе аудандардағыларға қатты батуда. Осыдан барып, нысан бағасы қымбаттап, кәсіпкер өз бизнесін ашпай жатып тастап кетуге мәжбүр болады, – деді Асылбек Жақиев. – Осыған байланысты "Жұмыспен қамту жол картасы– 2020" бағдарламасын аясында салынған нысандарға инфрақұрылым тарту үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат мәселесін қайта қарастыру қажет".
Өңірлік палата директоры атыраулық кәсіпкерлер мен монополистердің өзара қарым-қатынас саласындағы қиындық тудырып отырған бірқатар проблемаларды айтты. Ал коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" заң талаптарын орындап, өз сайттарында бос және қолжетімді қуат туралы ақпарат беруі жақсы жаңалық деуге болады. Бұрын осындай ақпараттың болмауын коммуналдық желіге қосылуды рәсімдеу кезінде асыра пайдаланып жүрді.
Мұнайға сеніп, қарап отыруға болмайды...
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Асылбек Жақиев кәсіпкерлер кездесуінде ауыл шаруашылығын Атырау облысын дамытудың әлеуеті бар бағыттарының бірі деп көрсетті.
"Бұл жерде мұнайдан басқа ештеңе жоқ деп айтқан болатын. Ал іс жүзінде бұл қате пікір. Соңғы жылдары бірқатар ауыл шаруашылық жобалары жақсы іске асуда. Жақсы дамығаны сонша, басқа өңірлердің кәсіпкерлері осы жерде өз ісін ашқысы келеді", – деді ол.
Kaspian sea support ЖШС директоры Нұрасыл Жарбасов өңірдегі ауыл шаруашылығы проблемаларының бірі – суармалы су субсидиясын сөз етті. Кәсіпкер өңірдің қытымыр ауа райы салдарынан мемлекеттік субсидия бойынша берілетін су көлемі жеткіліксіз екеніне тоқталды.
Жиналысқа қатысып отырған облыс әкімі бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып кәсіпкерлерді сендірді.
"Біздің өңірдегі суармалы судың текшеметрінің өзіндік құн бойынша бағасы басқа өңірлерге қарағанда жоғары. Ауыл шаруашылық министрлігіне өңірдің климаттық ерекшелігін ескере отырып Атырау облысына арналған субсидиялау шартын қайта қарау туралы ұсыныс жібердік. Министр ұсынысты қабыл алып, келесі жылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялау мөлшерін 85%-ға дейін көтеру жоспарланғанын айтты", – деді облыс әкімі.
Осы жылы Атырау облысында егін салатын жерлер көлемін 8237 га дейін арттыру жоспарланып отыр. Оның 2300 гектары тамшылап суаратын егістіктеріне арналған. Төрт мемлекеттік бағдарлама бойынша өсімдік шаруашылығына арналған субсидияға жергілікті бюджеттен 208,2 млн теңге бөлінеді. Сонымен бірге ауыл шаруашылық өндірушілерінің тұқым алу шығындарын азайту мақсатында жергілікті бюджеттен 20 млн теңге бөлінген.
"Құпия" деген желеумен
"Изекен" ЖШС директоры Раиса Көшекова жер телімдері аукционын өткізуге қатысты наразылығын білдірді.
"2013-2016 жылдары Атырау облысында 17 аукцион өткен. Оның жетеуі ауыл шаурашылығы мақсатындағы жерлер бойынша болған. Бірақ оларды өткізу рәсімінде ашықтық жоқ. Сұралып отырған учаскісі аукционға шықпай да қалуы мүмкін. Сонымен бірге "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өз сайтында қалалар мен аудандардың жер-кадастрлық кестесін орналастырмайды. Осылайша ол Жер кодексі талаптарын бұзып", – деді кәсіпкер.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі біраз жер жекешелендірілгенін, алайда олардың үнемі сатып алу-сатудың нысаны болып қолданылмай бос тұрғанын айтты. Таяу арада өткен түгендеу барысында тек облыс орталығының өзінде 150-ден артық жер телімі бар екені белгілі болған.
"Оларды сату үшін алған жоқ қой. Қазір жер иелерімен келіссөз жасау арқылы бұл жерлер мемлекеттің меншігіне қайтарылып жатыр, – деді әкім. – Раиса Көшековаға қатысты мәселеге тоқталар болсақ, бұл жеке қаралатын мәселе. Егер нақты қарсылықтарыңыз болса, айтыңыздар, тексереміз".
Сондай-ақ аукциондарды өткізуге байланысты мәселелерді талқылау барысында Бас жоспар бойынша бос тұрған кейбір жерлерді жариялауға ҰҚК шектеу қойғаны белгілі болды. Ал аукциондар алыс ауылдарда үнемі өте бермейтіндігін ескеретін болсақ, бұл мәселені қоғам мүшелерінің және кәсіпкерлердің қатысуымен комиссия құрып шешу керек.
Кездесуді қорытындылай келе "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерді заңнаманы жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын енгізуге атсалысуға және жалпы елдегі бизнес-ахуалды жақсартуға шақырды.
Гүлназ Ермағанбетова, Лев Гузиков