Тимур Құлыбаев: Өңірлерде бизнес пен билік арасында тығыз қарым-қатынас орнату керек

2778

КҰП-тың төралқа басшысы Астанада қалыптасқан ұлттық палата мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестік үлгісін өңірлерде дамыту қажеттілігі туралы айтты.

Тимур Құлыбаев: Өңірлерде бизнес пен билік арасында тығыз қарым-қатынас орнату керек

"Атамекен" кәсіпкерлерінің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Өз сөзінде Тимур Құлыбаев ұлттық палата жұмыс істеп келе жатқан үш жылда барлық мемлекеттік органдармен, бірінші кезекте – министрліктермен, құқық қорғау органдарымен және парламентпен толыққанды диалог орната алғанын баса айтты.

"Қазіргі кезде кәсіпкерлер, әсіресе шағын және орта бизнес, өз құқықтарын қорғай алып, мемлекеттік органдардан қажетті рұқсат құжаттарын алуы үшін, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды сезінуі үшін өңірлік деңгейде байланыс орнату міндеті тұр. Осылайша тиімді жұмыс істеп, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашып және кәсіпкерлікті дамыту керек",– деді КҰП төралқасының басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері, өз кезегінде, ауылдық жерлердегі шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін қаржы ресурстарына қол жеткізудің қиындықтары турасында мәселе көтерді.

Бүгінгі таңда елдің ауылшаруашылық саласының көш басында тұрған бұл өңірде 861 заңды тұлға және 2792 шаруа қожалығы және фермерлік шаруашылық жұмыс істейді, онда өңірдің экономикалық белсенді халқының үштен бір бөлігі – 35,5% немесе 116 мың адам еңбек етеді, ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру саласында 19 шағын несиелік ұйым және 13 ауылшаруашылық несиелік серіктестік жұмыс істейді. Алайда, кәсіпкерлердің бағалауы бойынша, бұл несиелік ұйымдардың бірқатар кемшіл тұстары бар, яғни жоғары сыйақы мөлшерлемесімен қысқамерзімді қаржыландыру, сондай-ақ тек серіктестікке қатысушыларды және ауылшаруашылық жобалары бойынша ғана қаржыландыру.

Кәсіпкерлер әкімдік арқылы шағын несие беру жөніндегі "Атамекен" ұлттық палатасының ілкі тәжірибесін Солтүстік Қазақстанда да енгізу туралы ұсыныс айтты. Тимур Құлыбаев бұл идеяны қолдады.

"Былтыр біз ілкі жобаны алты облысқа енгіздік, нәтижесі жақсы: онда егіншілік, мал өсіру шаруашылығы (қаржыландырылады – автордың ескертп.), бұл сіздердің облыстарыңыз үшін ең қажетті салалар, – деді ол. – Сондықтан осы тәжірибені қарау қажет. Әкімдіктерге шағын несиелік ұйымдарды қорландыруға рұқсат беру үшін біз бұл мәселені үкімет отырысында көтереміз, сонда өз ресурстарыңыз пайда болады".

Бұл ұсынысты іске асыруға дайын екенін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов да білдірді.

"Қазіргі кезде біз жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз, осы бағдарлама аясында 1,6 млрд теңге қаражат бөлінеді. Осының бәрін бір жүйеге келтіру керек, шағын несиелік ұйымдармен жұмыс істей әлдеқайда оңай, біз оны білеміз", -деді өңір басшысы.

Одан бөлек, оның айтуынша, өңір машина жасау әлеуетін арттырмақшы: қазір СҚО-да 13 мыңнан астам трактор, 7 мың комбайн және мың тұқым себу кешені бар. Алайда жүргізілген талдау жұмысы көлік-тракторлық парктің 50%-дан астамы ескіргенін көрсетті. Сондықтан осы техниканы жаңартудың қажеттілігі өткір тұр.

"Біз машина жасауды дамыту үшін жұмыс істейміз, себебі мемлекет басшысы алдымызға қойған міндетті орындау үшін, ауыл шаруашылығы экономиканың қозғаушы күшіне айналуы үшін, бұл жұмысты қолға алу қажет, – деді Құмар Ақсақалов. – Осы мақсатқа жету үшін сапалы техника қажет екені түсінікті. 20 жылдан астам уақыт бойы алқаптарда JohnDeere тракторлары мен комбайндары пайдаланылып келеді. Бұл әбден сыналған техника. Бүгінгі таңда біз гектардан 25 центнерге дейін өнім аламыз, бірақ жұмыс баяу жүргізілуде, бізге жоғары өнім беретін техника қажет".

Тимур Құлыбаев облыс әкімінің сөзін қолдап, СҚО-ның машина жасау саласында әлеуеті зор екеніне назар аударды.

Ұлттық палата төралқасының басшысы өңірлік кеңес отырысында бизнесте адамды жағымсыз іспен қатар, жақсы үлгі де еліктіріп әкететінін баса айтты.

"Адамдар біреудің оқып, өзін ісін ашқанын, ісінің тез алға басып кеткенін көрсе, бірден өздері де қимылдап, сұрастыра бастайды", – деді Тимур Құлыбаев. Сондай мысалдың бірі ретінде "Радуга" ЖШС-ын айтуға болады, кәсіпорын полиэтилен өңдеумен және полипропиленнен бұйымдар жасаумен айналысады. "Атамекен" төралқасының басшысы өңірді осы 220 адам еңбек ететін кәсіпорынды аралаудан бастады. ЖШС-ның бас директоры Дмитрий Шарапаев "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында кәсіпорынға жасалған мемлекеттік қолдау туралы айтып берді.

"Өзіміздің шикізат қорымыз, жоғары өнімділік және автоматтандырылған жабдықтардың арқасында бәсекеге қабілетті бағаға қол жеткіздік, бұл тауарды тұтынушыларымыз үшін тартымды етті. Тауар Қазақстанның 12 қаласына және Омбыға жеткізіледі.Филиалдық желіні дамыту жоспарымыз бар", – деді Дмитрий Шарапаев.

Тимур Құлыбаев қазір бизнеске, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлініп жатқанын айтты, алайда өндірушілер өз білімі мен дағдыларын үйлестіруі керек, ал "Атамекен" қажетті қолдау көрсетеді.

"Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің алдына өршіл міндеттер қойды. ЖІӨ-нің 50% көрсеткішіне жету үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Кәсіпкерлікті дамытуға арналған 10 қадам" арнайы бағдарламасын әзірледі", – деді ол.

СҚО өңірлік кеңесі отырысының қорытындысын шығара келе ҰКП төралқасының төрағасы аталған кездесуде бірқатар мәселенің басы ашылғанын және ұлттық палата өңірлік бизнесті дамытудағы басты серіктес ретінде облыс әкімдігінің көмегімен бұл мәселелерді шешуге ниетті екенін айтты.

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной, Астана

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу