Тоғыз жылдан кейінгі кездесу

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2509

Орталық Азия елдерінің басшылары жыл сайын Наурыз мейрамы қарсаңында жүздесіп тұруға уағдаласты.

Тоғыз жылдан кейінгі кездесу

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшыларымен кездесті. Сондай-ақ ақордада Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі өтті.

Қазақстан президенті мен Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков екіжақты қатынастардың және өңірге қатысты күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамып келе жатқанын атап өтті. Өз кезегінде Қырғыз президенті Орталық Азия елдері басшыларының Қазақстанда бас қосуы тарихи сәт екенін жеткізді.

Сондай-ақ Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевпен кездескен Қазақстан басшысы өз әріптесінің екіжақты қатынастарды дамыту мен нығайтудағы рөлі ерекше екенін айтты.

"Сіз мемлекет басшысы болғалы бірнеше рет жүздестік. Өзара талқылаған мәселелердің бәрі жүзеге асырылып, жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл көп жұмыс істедіңіз. Көршілермен өзара қарым-қатынасты реттедіңіз, ондаған жылдар бойы шешілмеген мәселелерді шештіңіз. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық көлемін 2 млрд долларға жеткіздік. Өзбекстанда атқарып жатқан орасан зор жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін және бұл өңіріміздегі барлық елдерге әсер етеді", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуін өткізу туралы идеяны Өзбекстан басшысы ұсынғанын мәлімдеді. 

"Біз бүгін барлық әріптестерімізбен бірге экономикалық проблемалар мен күнделікті мәселелерді талқылап, шешу үшін кездесіп отырмыз. Биыл мұндай кездесулер көп болмақ. Өзіңіз бастамашы болған Ауғанстан жөніндегі кездесу, Түрікмен тарапы ұсынған Арал теңізіне қатысты кездесу және басқа да іс-шаралар өтеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өзбекстан президенті Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуінің аз уақыт ішінде ұйымдастырылғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

"Бүгін мен сізге консультативтік кездесу өткізу жөніндегі Өзбекстанның бастамасын қолдағаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әрдайым интеграцияның жақтаушысы болып, барлық кездесулерде бірігу, ынтымақтасу және араласу жөнінде айтып келесіз", – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан басшысы екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін 5 млрд долларға жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті.

Бұдан кейін Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі өтті. Кеңеске Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Акджа Нурбердыева қатысты.

"Біздің ішкі мәселелерімізді шешу үшін тұрақты жұмыс кеңесін өткізу бастамасы Өзбекстан президентіне тиесілі. Оның жеңіл қолымен біз туындаған мәселелерді оңай шеше аламыз. Кездесу барлығымыз үшін ортақ көктем мерекесі – наурызда өтуінің өзіндік мәні бар. Бұдан бөлек бұған дейінгі кездесу 9 жыл бұрын өткен болатын. Содан бері дәл осылай кездескен жоқпыз. Әрине байланыс болды, бірақ мұндай кездесу болған емес", – деді кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстан көршілерімен, әсіресе тарихы мен мәдениеті, дүниетанымы ортақ Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылатынын жеткізді.

"Халқымыз үшін мұндай кездесудің орны ерекше. Біріншіден, мемлекеттеріміздің әлеуетін біріктіру осы өңірде тұрып жатқан барлық халықтар үшін тиімді. Екіншіден, өңірішілік сауда мен бірін-бірі толықтырып отыратын экономика көлемінің артуы да барынша тиімді болады. Үшіншіден, өңірлік қауіпсіздікті нығайту бәрімізді алаңдатады. Төртіншіден, тарихи, этникалық және мәдени тығыз байланыс біздің өңір халықтарын бір-бірімен жақындастырады", – деді ел президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері басшыларының байланысы жандана түскенін баса айтты. Әсіресе соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы саяси ынтымақтастықта айтарлықтай қан жүгіргені қуантады.  

"Біз сыртқы саясат ведомстволары басшыларының арасында бесжақты диалогты дұрыс жолға қоя алдық. Бұл кеңестер диалогқа, күш біріктіруге ортақ ұмтылыстың бар екенін көрсетті. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен кезде Нью-Йоркте Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің бәрі жиынға қатысты. Бұл өте жақсы қолдау болды және біз әр уақытта бір-бірімізді қолдап, осылай демеуіміз қажет", – деді елбасы.

Мемлекет басшысы Өзбекстан басшысының атқарған жұмыстарын көпшілікке үлгі етті.

"Бір жылдың ішінде өңірдің барлық президенттері бір-бірімен кездесіп шықты. Осы орайда Өзбекстанның көршілеріне қатысты ауқымды жұмыс атқарғанын баса атап өткім келеді. Шавкат Мирзиёев аз ғана уақыттың ішінде соңғы 20 жылда жинақталған проблемалардың тоңын жібітті. Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековтің те үлесін атап өту керек. Ол келісімен күрмеулі мәселелер мен проблемаларды шешу үшін көршілерімен байланысты жандандырды. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның осы жылдың маусымында Душанбеде суға қатысты халықаралық деңгейде конференция өткізу ниетін жоғары бағалаймын. Биыл Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың құрылғанына 20 жыл толады. Бұл ретте, Түркіменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтің осы жылдың тамыз айында Арал қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының мерейтойлық саммитін өткізу жоспарын қолдаймыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Орталық Азия елдері үшін Ресей мен Қытаймен байланыс орнатудың тиімділігіне тоқталды. Осы орайда Ресейдегі президент сайлауының жақсы өтуіне тілектестік білдіріп, Владимир Путинге сәттілік тіледі.

Қазақстан президентінің кіріспе сөзінен кейін кеңес жабық жағдайда өтті. Ал кеңес аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесін оқып берді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Орта Азия елдерінің шекарасында шешілмеген түйін жоқ. Бұған дейінгі шекараға қатысты мәселелер оң шешілгенін айтты. Бұл орайда шекара мәселесі түбегейлі реттелгенге дейін қақтығыстар жиі орын алып, адамдардың қаза болғанын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Орталық Азия елдерінің арнайы қызметтері ынтымақтастықты жандандыратын болады.

"Қазіргі уақытта орын алып отырған ішкі проблемаларды біз үшін ешкім де шешіп бермейді. Ең алдымен, қауіпсіздікті қарадық. Қазір Ауғанстанда орын алып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатады. Егер мемлекеттеріміздің арнайы қызметтері тығыз ынтымақтастықта болса, онда біз лаңкестер, есірткі тасымалы, діни исламшылар және басқалары туралы бәрін білетін боламыз. Яғни, терроризм, діни экстремизм, заңсыз қару-жарақ саудасы, ұйымдасқан қылмыс - мұның барлығының жолын кесу қажет. Осы мақсатта наурыз айының соңында Өзбекстанда жоғары деңгейдегі конференция өткізу жоспарланған. Онда ортақ шешім қабылданбақ", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Орталық Азия елдері арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейтілмек.

"Басты назарды сауда-экономикалық ынтымақтастыққа аудардық. Біздің өңір өте қарқынды дамып келеді және біз әлемде бар трендтерге қарай отырып, елдерді индустрияландыру, цифрландыру бойынша жұмыс істеуіміз  және технологиялық дамудан қалып қоймауымыз керек. БҰҰ мәліметінше, соңғы  10 жылда елдеріміздің орташа ІЖӨ-нің өсімі 6,2% болса, бүкіл әлем 2,6%-дық қарқынмен дамыды. Бұл аталған мемлекеттер орташа әлемдік көрсеткіштен екі еседен астам қарқынмен дамыды деген сөз. Тауар айналымының да күрт өсімі байқалады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының сөзінше, Орталық Азия елдерінің өзара тауар айналымы 10 жылдың ішінде 2 есе өсіп, 1,6 млрд доллардан 3,1 млрд долларға жеткен. Бұл өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде.

"Біз келесі шараларды қарастырдық. Біріншіден, елдер арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейту қажет. Статистикаға қарасақ, мәселен, Қазақстан көршілерде бар тауарларды басқа жақтан тасып отыр. Ал олар, мәселен Тәжікстан ГЭС салуға қажетті металлды басқа жақтан алады. Қарағанды металлургия комбинатында сол арматура қанша керек болса, сонша шығара алады. Ал олар Еуропадан тасуда. Біз құлпынайдың өзін Израильден тасып отырмыз. Бұл қарапайым мәселе емес. Осы сауданың басында отырған шенеуніктерімізді өзгертуіміз қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Орталық Азия елдері басшыларының келесі жұмыс кездесуі 2019 жылдың наурызында Өзбекстанда өтетін болды.

"Келесі кездесу келесі жылы, наурыз мейрамы қарсаңында Ташкентте өтеді. Біз кезек-кезекпен әрбір астанада кездесіп отыруға уағдаластық. Наурыз біздің мейрамымыз және символдық мәні бар", – деді елбасы.

Фархат Әміренов

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу