Тоқаев: БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет

1911

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ негізінде қалыптасқан мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зердеу қажеттілігін атап өтті.

Тоқаев: БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет

Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті, деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде. 

"Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының "Біздің ортақ мәселеміз" атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды.

Бізге БҰҰ Жарғысының ережелерін бекітуге, көпжақтылыққа тың серпін беруге, қолданыстағы міндеттемелердің жүзеге асырылуын күшейтуге, жаңа сын-қатерлерге қатысты нақты шешімдерді келісуге және Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін қалпына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр", – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттер министрлерінің кездесуі аясында өтетін консультацияларға қатысатынын, сондай-ақ 2024 жылы Болашақ саммитін асыға күтетінін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан құруды ұсынған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңестің халықаралық ұйымға айналатынына үміттенетінін жеткізді.

"Біз жаһандық сын-қатерлер мен дағдарыстарға қарсы қабылданатын қарапайым іс-шаралардан оларды болдырмауға және сапалы болжауға, сондай-ақ саяси бағыттарды стратегиялық жоспарлау және әзірлеу аясындағы бағалау әдістерімізді жұмылдыруға көшуіміз керек. Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты алдағы қазан айында араағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында өтетін Саммитте АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз", – деді Президент. .

ҚР Президенті 2030 жылға дейін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге COVID-19 пандемиясы, "үш әлемдік дағдарыс" (климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы), сондай-ақ дүниенің әр бұрышындағы қақтығыс ошақтары кедергі келтірсе, қазір даму соқпағына түсу уақыты келгенін атап өтті. Ол үшін Шығыс пен Батыс арасында ынтымақтастық орнату қажет. 

"Біздің негізгі басымдығымыз – ықтимал тұрақсыздыққа қарсы тұруға қабілеттілік, сондай-ақ орнықты, теңгерімді және инклюзивті түрде қайта қалыпқа келуді қамтамасыз ету. Осылайша, Шығыс пен Батыс арасында ашық диалог жүргізу қажет, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһандық парадигмасын орнату керек. Қазіргі дағдарыс жағдайы мен геосаяси текетірестердің күшеюін ескере отырып, БҰҰ аясында халықаралық шиеленісті бәсеңдету және қақтығыстарды болдырмау жұмыстарын жүргізу қажет", – деді ҚР Президенті.

Қазақстан ядролық қару сынақтарынан көп зардап шеккен ел болғандықтан, ядролық державалар арасындағы текетірестің күшею қаупін ескере отырып, ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қырына айналды. Сондықтан президент ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресін жалғастыратынын жеткізді. 

"Бұл саладағы кейбір жетістіктерге қарамастан, өкінішке қарай, жалпы ахуал жақсы емес. Ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес бізді алаңдатады. Сондай-ақ біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Алдымызда қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа механизмдерді әзірлеу жөнінде аса күрделі міндет тұр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Динара Мұрат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу