Ұлттық банктің 2018 жылдың I тоқсанындағы төлем балансы бойынша нақтыланған мәліметі болжанған мәліметтен алты есе нашар болып шықты. Мамыр айында ағымдағы операциялар шотын алдын ала бағалау 95 млн доллар (2017 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша қалыптасқан 1,4 млрд доллардың тапшылығынан 14 есе аз) шамасында тапшылық болатынын көрсеткен еді. Реттеуші энергия тасымалдаушылар бағасының қалыпқа келуі сауда балансының профицитін арттырғанын айтты. Ал бұл ағымдағы операциялар шотының тапшылығын қысқартуға басты себеп болды. Дегенмен тоқсан қорытындысы бойынша нақты статистика ағымдағы операциялар шотының тапшылығы үлкен, яғни 600 млн доллар немесе 2017 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 2,4 есеге қысқарып, ЖІӨ-нің 1,6% болған.
Мұнай бағасы да қазақстандық экономика үшін қолайлы болып, сауда балансы экспортының көрсеткішін көтерді. 2018 жылдың I тоқсанында Вrent маркалы мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 67 доллар болды, бұл 2017 жылдың I тоқсанындағы көрсеткіштен 23,7%-ға жоғары нәтиже. Ол кезде мұнайдың бір баррелі 54,1 доллар болған еді. Импорттың өсуіне қарағанда, экспорттың өсу қарқынын екі мәрте басып озуы, сауда балансының жағымды сальдосының 6,4 млрд долларға (болжанған 6,1 млрд доллардың орнына) дейін артуына әкелді, бұл былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6 есе көп.
Ресми мәлімет бойынша айтар болсақ, экспорт 13,8 млрд долларды құрап, 2017 жылдың I тоқсанындағы көрсеткіштен 27%-ға артық болды. Мұнай мен газ конденсаты (экспорттың жалпы құнынан 59,8%) экспортының бағасы нақты бағалар мен нақты жеткізу көлемінің артуы есебінен 35,5%-ға өскен. Қара металл экспорты тұралап қалады деген болжам жасалғанына қарамастан, түсті және қара металдың экспорты өсті. Астықты экспортқа шығару да екі есе артты.
Тауар импорты 19,4%-ға немесе 7,2 млрд долларға дейін өскенмен, болжанған мәліметтен аз болды. Негізі 7,8 млрд доллардың тауары әкелінеді деп болжанған еді. Импорттың бағасы негізгі тауарлық номенкулатураның барлық топтары бойынша өсті. Оның ішінде инвестициялық тауарлар, аралық өндірістік тұтыну тауарлары, тұтынушылық тауарлар, азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлар бар.
Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, 2018 жылдың I тоқсанындағы ағымдағы операциялар шоты тапшылығының айтарлықтай болуы тауарлық емес, кіріс бөлігіне байланысты.
"Түзету өткен тоқсандағыдай, негізінен инвесторларға тікелей төленетін төлемдерге қатысты болды, яғни нақтыланған мәлімет бойынша алдын ала жариялағанға қарағанда, оларға шамамен 0,7 млрд долларға көп төлем жасалған, – деп көрсетілген сараптамалық есепте. – Қаржылық шот бойынша капиталдың жылыстауы, ең бірінші, "ҚМГ"БӨ" акцияларын сатып алумен, БЖЗҚ қаражатын шетелдік активтерге салудың өсуімен байланысты. 2018 жылдың I тоқсанында тікелей инвестициялар ағыны қайта қалыпқа келіп, ақшаның жылыстауын шамалы ғана азайтты. Осылайша қаржылық шот бойынша жағымды сальдо 0,8 млрд болды".
Инвесторлар кірісті өсірді
Шын мәнісінде, тікелей инвесторлардың кірісі 32%-ға артып, 5,6 млрд долларға дейін жетті. Болжанған нұсқада инвесторлардың кірісі 6,7%-ға ғана өсіп, 4,6 млрд долларға ғана жетеді деп көрсетілген. Кірістің 60%-дан астамы Қазақстандағы еншілес компанияларды қаржыландыруға жұмсалды. Резиденттердің инвестициядан түскен, яғни елдегі ресми резервтерден (Ұлттық қордың резервтік активтер мен шетелдік активтері) түсетін табыстан құралатын кірісі 14,7%-ға артып, 568 млн доллар болады. Кірістердің өсуі портфельдік және басқа да инвестициялардың кірісімен қаматамасыз етіледі. Ал олар 14,3% және 38,8%-ға өскен.
Резидент еместерге төленген инвестициялық кіріс төлемі 29,7%-ға өсіп, 6,3 млрд долларға дейін жетті. Оның 79,3%-ы бөлінген кірістер мен дивиденттер құрайды. Тікелей қаржыландыруға қатысты емес несие берушілерге сыйақы төлеу 13,4%-ға артып, 681 млн доллар болған.
Қаржы шотының жағымды сальдосы 2018 жылдың I тоқсанда 2017 жылдың I тоқсанындағы кері сальдоға қарағанда 814 млн долларды құрады. Міндеттемелердің төмендеуі активтердің қысқаруынан бес есе асып кетіп, қаржылық операциялар бойынша таза капитал ағынын қамтамасыз етті.
Инвестициялардың түріне қатысты қаржылық шот құрамындағы таза капитал ағыны тек тікелей инвестициялар бойынша ғана тіркелген, ал ресурстардың нетто-ағыны портфельдік, орташа, ұзақмерзімді және қысқамерзімді инвестициялар бойынша тіркелген.
Тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) бойынша таза капитал ағыны 3,6 млрд доллар болған. Яғни 2017 жылдың I тоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп, бұл активтердің қысқаруы мен резиденттер міндетінің өсуімен байланысты болып отыр. Активтердің төмендеуі 2,6 млрд долларға жетті және қазақстандық кәсіпорындар алдындағы шетелдік компаниялардың өз міндетін айтарлықтай жабуынан, сондай-ақ қазақстандық резиденттерге ірі дивидент төлеуінен болып отыр.
ТШИ бойынша міндеттердің өсуі кірістерді 3 млрд долларға қайта инвестициялау есебінен былтырғы жылғы 2,3 млрд долларға қарағанда 1 млрд долларға жетті. Алайда резидент еместерге едәуір дивидент төлеу капиталды алуға және резиденттердің ТШИ операциялары бойынша міндетінің өсуінің орнын толтырды.
Бұл ретте шикі мұнайды және табиғи газды өндіруге салған ТШИ 3,4 млрд доллар болды. Ол былтырғы жылдың I тоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда 18,9%-ға өскен. Металлургиялық өнеркәсіпке салынған ТШИ 2,2%-ға, 1,1 млрд долларға дейін қысқарған, ал көтерме және бөлшектік сауда, автокөлікті жөндеуге салынған ТШИ 36,5%-ға, 890 млн долларға дейін өскен. Елдер бойынша ТШИ-дың жалпы ағыны құрылымында Нидерланд (ТШИ-дың жалпы түсімінен 32,1%) басым болып тұр, одан әрі АҚШ (23,9%), Швейцария (9,3%), Ресей Федерациясы (6,9%), Қытай (6,6%), Бельгия (4,8%), Франция (3,2%), Корей Республикасы (1,8%) және Ұлыбритания тұр.
Портфельдік инвестициялар активінің шамалы өсуінен оның құрамындағы міндеттердің айтарлықтай қысқаруынан 2018 жылдың I тоқсанындағы портфельдік инвестициялар бойынша жағымды сальдо 1,6 млрд доллар болған. БЖЗҚ активтерін шетелдік құнды қағаздарға салудың өсуі салдарынан, портфельдік инвестициялар бойынша қаржылық активтер 125 млн долларға артқан.
Осының нәтижесінде 2018 жылдың I тоқсанында энергия тасымалдаушылардың әлемдік нарығындағы қолайлы конъюнктура барысында теңгенің нығайғаны байқалды. 2018 жылғы наурыз айының қорытындысы бойынша, теңгенің нақты тиімді айырбастау бағамының индексі жыл басынан бері 1,6%-ға өсіп, 2013 жылдың желтоқсанындағы бәсекелестіктің базалық деңгейіне қатысты 78,3% болған.
Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева