Торғай даласынан зымырандар құлайтын аумақ ұсынылды

4778

Бірақ ол зымырандар гептилмен ұшатын "Протон" болмайтыны айтылған.

Торғай даласынан зымырандар құлайтын аумақ ұсынылды

Қазақстан үкіметі мен Ресей федерациясының үкіметі арасындағы "Поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандардың ұшыруын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің" жобасы жарияланды.

Және бұл ескі құжат емес, онда "2019 жылғы 1 сәуірдегі" келісілген жоба екені көрсетілген.

Қазіргі кезде Ресей "Байқоңырдан" кетіп, ауыр зымыран тасығыштарын тек өз жеріндегі "Восточный" космодромынан ұшырудың қамын жасап жатыр. Бұл "Байқоңырдың" жұмыссыз қалатынын білдіреді. Бұған жол бермеу үшін Қазақстан оның аумағында "Бәйтерек" зымыран ұшыру алаңын іске қосу үшін күш салуда.

Бірақ "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнына "Протондар" берілмейді. Сондықтан оған "Союз-2" секілді жеңілдеу зымырандарды ұшыруды місе тұтуға тура келмек.

Мамандардың түсіндіруінше, Союз-2 – кеңес кезіндегі "Союз-У" зымырантасығышын терең жаңғырту жолымен Самарадағы "Прогресс" зымыран-ғарыштық орталық әзірлеген және шығаратын орта сыныптағы үш сатылы зымыран-тасығыш саналады. Союз-2 буынына сондай-ақ екісатылы "Союз-2.1в" жеңіл зымыран да кіреді.

Бұлар модификациясы мен ұшыру нүктесіне қарай 2800 келіден 9200 келіге дейінгі салмақтағы өздеріне артылған жүкті жақын ғарышқа, Жердің төменгі орбитасына шығарады.

Тиісінше, "Протонға" қарағанда, олардың құлайтын жері де өзгешеленеді.

Жария етілген құжатта ел Үкіметінің бұл қадамға "2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан мен Ресей арасындағы "Байқоңыр" кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге" сәйкес және "бірлескен халықаралық ғарыштық бағдарламалар мен коммерциялық ғарыштық жобаларды жүзеге асыру жолымен "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдалану тиімділігін арттыру" үшін келісіп отырғаны айтылады.

Онда айтылғандай, осы келісімнің мақсаты – "Байқоңыр" ғарыш айлағынан поляр маңындағы орбиталарға ғарыш аппараттарын ұшыру үшін солтүстік бағыттағы жаңа трасса бойымен "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандардың ұшыруын жүзеге асыру үшін тараптар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін реттеу болып отыр.

Ал "жаңа трасса" Торғай өлкесінің үстінен өтпек.

Осы мемлекетаралық келісімді орындау бойынша жұмыстарды үйлестіру үшін жауапты уәкілетті органдар ретінде Қазақстан тарапынан – цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аэроғарыш комитеті, ал Ресей тарапынан – "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясы бекітілуде.

Құжатта "құлау ауданы" туралы айтылады:

"Құлау ауданы – осы келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшаға сәйкес координаттары бар Қазақстанның Қостанай облысы аумағындағы жер учаскесі. Ол "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктерді қабылдау үшін пайдаланылады", – делінген келісім жобасында.

Осы орайда Қостанай облысындағы жаңа құлау ауданы бұған дейінгі "Жалдау шарты бойынша Ресей федерациясы жалға алған құлау аудандарының құрамына енбегені" атап көрсетілген.

Сонымен бірге жаңа құлау ауданы "Қазақстанның мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындысын" және "Союз-2" зымыран тасығышының ұшу трассасы және құлау ауданы бойынша қауіпсіздік туралы оң қорытынды" алғаны хабарланды.

Айтқандай, "құлау ауданын пайдаланатын ұйым" ретінде "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамы белгіленді. Ол "ұшыруды жүргізетін ұйымға өзіне қарайтын құлау ауданын ұсыну бойынша қызмет көрсетеді".

Ал, "ұшыруды жүргізетін ұйым" – ресейлік "Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығы" (түпнұсқа атауы – "Центр эксплуатации наземной космической инфраструктуры", ЦЭНКИ) федералды мемлекеттік унитарлы кәсіпорын болмақ. Ол "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүргізу үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағының нысандарын қажетке жаратуы тиіс.

Құжатта зымыран қалдықтары аспаннан Қостанайдың нақты қай ауданына құлайтыны да анық жазылған, ол – "Жангелдин ауданы" болмақ.

1928 жылы құрылған, Қостанай облысының оңтүстік-батысында орналасқан Жангелдин ауданының әкімшілік орталығы – Торғай селосы (бұрын қала аталатын).

Аудан Қостанай облысының Амангелді, Қамысты және Наурызым аудандарымен шекаралас. Оңтүстік бөлігі Қызылорда және Қарағанды облыстарымен, батыс бөлігі Ақтөбе облысымен шектеседі.

Жангелдин ауданы әкімдігінің мәліметінше, аудан аумағы 37,6 мың шаршы шақырымды құрайды.

Әрине, зымыран құлайтын аумақ мүлдем бос жатыр деуге болмайды. Рас, халықтың тығыздығы 1 шақырымға бір адамнан да келмейтін (0,4 адам) көрінеді. Әйткенмен, ауданда 14 мың 760 адам өмір сүруде.

Аудан жерінде 6 ауылдық округ, 8 село, 24 елдімекен орналасқан. Облыс орталығынан 560 шақырым, Арқалық қаласынан 288 шақырым қашықтықта жатыр.

Келісім жобасында құлау аумағын ұсыну арқылы қанша табыс табу қарастырылып отырғаны да ашық айтылған:

"Шектеулі нысаналы жер пайдалану (сервитут) шарты бойынша төлемдер Қазақстан заңнамасына сәйкес мөлшерлемелер негізінде белгіленеді. Ұшыруды жүргізетін ұйым (ЦЭНКИ) ұшыруға тапсырыс беруші бөлетін қаражаттар есебінен құлау ауданын пайдаланатын ұйымға ("Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнына) құлау ауданын пайдаланғаны үшін жыл сайын 460 000 (төрт жүз алпыс мың) АҚШ доллары мөлшерінде төлемді жүзеге асырады".

Басқаша айтқанда, қымбат бір жеңіл көліктің құнына ғана бара-бар.

Бұл қаражатты бірлескен кәсіпорын "Қазақстанның Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының әкімдігіне бағыттайтыны" айтылған.

Әділін айта кеткен жөн, ЦЭНКИ-ге жылына үш рет зымыран ұшыруға рұқсат етілген. Бірақ одан көп ұшырғысы келсе, тыйым салынбайды. Тек үшеуден асатын әрбір ұшыруға жеке-жеке төлеуге міндеттелмек.

"Қосымша ұшыру іске асырылған жағдайда, әрбір қосымша ұшырғаны үшін 50000 (елу мың) АҚШ доллары мөлшерінде төлем жасайды",– делінген құжатта.

Зымыран ұшырылғаннан кейін не болады? Бұған тұтас бір тарау арналған. Ол бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыру кезінде тұрғындар мен аумақтардың қауіпсіздігін, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құлау ауданын пайдаланатын ұйым, яғни, "Бәйтерек" бірлескен кәсіпорны ұшыруды жүргізетін ұйымның (ЦЭНКИ) ақшасы есебінен біріншіден, жергілікті билік органдары мен шаруашылық басшыларына алдын ала зымыран ұшырылатыны туралы хабарлайды.

Екіншіден, ұшыру алдында құлау ауданын алдын ала барлайды және дәл ұшыру күнінде құлау ауданын уақытша жауып тастайды.

Үшіншіден, егер ракета ғарышқа жетпей кері құласа, тұрғындарды эвакуациялайды.

Төртіншіден, "Союз-2"-ден бөлінетін бөліктерінің фрагменттерін (бүйір блоктарын) іздейді.

Бесіншіден, табылған сұйықтық зымыран қозғалтқыштарын (немесе олардың фрагменттерін) және "Союз-2"-ден бөлінетін бөліктерінен құрамында бағалы металдары бар бұйымдарды ЦЭНКИ-ге қайтарады.

Алтыншыдан, жануарлар әлемі және өсімдік жабынына келер шығынды азайту мақсатында өрт қауіпсіздігінің талаптары мен нормаларын сақтауды, "Союз-2" бөліктері мен бүйір блоктары жерге түскен кезде өрт туындаса, дала өртін барынша тез жоюды жүзеге асыруға тиіс.

Жетіншіден, "Союз-2"-ден бөлінетін бөліктерінің фрагменттерінен құлау ауданын өз уақытында тазалауға міндетті.

Сегізіншіден, тасымалдағыш зымыранның бүйір блоктары құлаған жердегі ластанған учаскелерді уытсыздандыруы және "бұзылған топырақ жабынын техникалық қалпына келтіруі", қарапайым сөзбен айтқанда ойылған жерді тегістеуі тиіс.

Тоғызыншыдан, Қазақстанның қоршаған ортаны сақтау саласындағы уәкілетті органына және цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне "Союз-2" ұшыруды экологиялық сүйемелдеу туралы есеп тапсырады.

Бұдан бөлек жыл соңында құлау ауданындағы және шектес аймақтардағы флора мен фауна жай-күйінің мониторингі туралы есеп ұсынуы керек.

Оныншыдан, құлау ауданының қоршаған ортасына және шектес елді мекендердің тіршілік ортасына "Союз-2" бірінші сатысының құлауынан қандай да бір шығынның бар-жоқтығын бағалайды. Құлау ауданында және шектес аумақта флора мен фаунаның жай-күйінің жыл сайынғы мониторингін жүргізуі шарт.

Егер қоршаған ортаға шығын келсе, Ресейден өтемақы өндіріледі.

Бұлардың барлығы қағаз жүзінде тамаша суреттелгенімен, өмірде қаншалықты тиімді жүзеге асырылары белгісіз.

Тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде берілетін жер учаскесі 76,03 мың гектарды алып жатпақ.

Алайда келісім күшіне енуі үшін оны ел парламенті қабылдауы қажет.

Ескерте кетер жайт, "Союз-2"-лер бұған дейін керосинмен ұшатын. Бірақ Ресей өткен жылдың соңында "Анастасиев-Троицкий мұнай-газ кен орнының" таусылуына байланысты оларды Т1С керосинінен нафтилге көшіретінін мәлімдеді.

"Энергомаш" бас конструкторы Петр Левочкин "Союз-2"-лерге арналған жаңа отын – нафтилмен "қоректенетін" РД107/РД108 қозғалтқыштарын сертификаттау 2019 жылы аяқталады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу