Еліміздің қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бүгін, яғни 2018 жылы 4 желтоқсанда Астана уақыты бойынша түнгі 00:32 сағатта ғылыми-технологиялық мақсаттағы қазақстандық екі ғарыш аппараты сәтті ұшырылғанын хабарлады.
Отандық бұл ғарыш жүйелері "KazSTSat" микроспутнигі және "KazSciSat-1" наноспутнигі деген аталатын болады.
Спутниктер америкалық "Falcon 9" тасымалдағыш зымыраны арқылы Америка құрама штаттарының Калифорния штатында орналасқан "Вандерберг" ғарыш айлағынан көк сеңгіріне жол тартты.
"Ұшырылым штаттық режимде өтті", – деп мәлімдеді журналистерге ел тарихындағы елеулі осы оқиғаны түнде тікелей эфирде қадағалаған қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мамандары.
Осы орайда өзінде "Байқоңырдай" қуатты ғарыш айлағы бола тұрып, неліктен мемлекетіміздің АҚШ ғарыш айлағына ден қойғаны қайран қалдырады және сұрақтар туғызады.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл ғарыш аппараттарын ұшыру – төменгі орбиталы отандық осындай төл спутниктерді жобалау, құрастыру және сынау технологияларын жетілдіру үшін қажет болып отырған көрінеді. Өйткені ел үкіметі біраз жылдан бері Астана жанында ғарыш аппараттарын құрастыру кешенін – шағын қалашықты тұрғызып, сол жерде қазір осы заманауи өнімдерді жасауға кіріскені мәлім.
Сарапшылардың айтуынша, енді оларды тауар ретінде жаһандық нарыққа шығару үшін дамыған елдер алдында паш ету керек. Тиісінше, бұл ұшырылым сонымен бірге, қазақстандық аппараттардың төл көрме-экспозициясына айналып отыр.
Әрине, жай ғана спутник құрастыру технологияларын сынау үшін ғана ғарыш аппараттарын ұшыру әбестік, әрі қымбат дүние. Сондықтан бұл екі түрлі жер сергіне басқа да міндеттер жүктелген.
"Олар Жер ионосферасында ғылыми зерттеу жүргізеді, сондай-ақ технологиялық жүктемелер (Қазақстанда жасалған қосалқы жүйелер) үшін қажетті "ұшу тарихына" қол жеткізеді. Тұңғыш рет ғарыш аппараттарын жасауға қазақстандық мамандар – қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аэроғарыш комитетіне қарасты "Қазақстан Ғарыш сапары" ұлттық компаниясының "Ғалам" ЖШС-ы (Ghalam LLP) және "Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығының" ғарыштық техникалар мен технологиялар институты қатысты", – деп мәлім етті министрлік.
Айта кету керек, бұдан бөлек, биылғы 23 қазаннан бастап, "Ғалам" ЖШС инженерлері "SSTL", "Spaceflight" және "SpaceX" компанияларындағы өздерінің шетелдік әріптестерімен бірлесе отырып, сол төл жер серіктерімізді америкалық тасымалдағыш зымыранның ғарыштық бастиек бөлігінің (тұмсығының) модуліне орнатты. Бұған дейін осы процеске америкалықтар бұрынғы кеңестік елдер өкілдерін жібермеген.
Нақтырақ тоқтала кетсек, еліміздің жаңа технологиялық мақсаттағы жер серігі, яғни "KazSTSat" микроспутнигінің салмағы 107 келі тартады екен. Ол 3 мультиспектралді арнаға ие және Жерді қашықтықтан зондтау миссиясын жүзеге асырмақ. Әрбір зерттейтін қармау-қамту аумағы кем дегенде 250 шақырымды құрайды. Жерден 570 шақырымдық биіктіктегі орбитада айналып, кем дегенде 1 жыл белсенді жұмыс жасайды деп жоспарлануда.
Дәл сол 570 шақырым орбитада қалықтайтын ғылыми мақсаттағы екінші ғарыштық аппарат – "KazSciSat-1" наноспутнигінің салмағы небары 5 келі ғана. Оның тұғырнамасы CubeSAT технологиялар базасында жасалған көрінеді.
Бұл спутникке феррозондты магнитометр бекітілген. Оған сол құрылғы арқылы Жердің тұрақты магниттік өрісін өлшеу жүктеліп отыр.
Қазақ еліне мұны өлшеу дәл қазір не үшін қажет бола қалды? Ғалымдардың айтуынша, қазіргі кезде ғаламшарда үлкен өзгерістер жүруде. Соңғы 100 жыл ішінде магниттік полюс шамамен 900 шақырымдайға ауысып, Оңтүстік мұзды мұхитқа шықты. Жердің магниттік өрісінің кернеуі құлдырауда, мәселен, ол Атлант мұхитының оңтүстік бөлігінде тіпті 10%-ға төмендеген. Ғалымдардың тұжырымдауынша, бұл табиғи апаттардың жиілеуіне және алапат ауқым алуына соқтыруы ықтимал. Сондықтан өз тарихында құрғақшылықтан туындаған талай жұтты бастан өткерген Қазақстан бұған бей-жай қарап, қамсыз қалып отыра алмайды.
Қарлы боран мен ақшұнақ аяз қысқан өңірлерімізде келер ғасырларда тропиктік климат орнауы ғажап емес. Мәңгілік ел болуды мақсат еткен мемлекет бұған да даяр болғаны жөн.
Бұл ретте отандық наноспутник Жердің магниттік өрісіне табиғи және техногендік ықпалдарды анықтаумен және мемлекетімізді құлағдар етумен шұғылданатын болады. Әйтпесе, бұл тараптағы біраз ақпарат құпияға жатқызылған және өзге елдерден алу күрделі деседі.
Ел үкіметі бұларды ғарышқа аттандыру үшін Ресейдің "Байқоңырдан" ұшатын "Союз" не "Протондарын" емес, америкалық миллиардер Илон Масктың "SpaceX" компаниясының "көлігін" – РН Falcon тасымалдағыш зымыранын таңдауы бекер емес.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Әсет Нұркеновтың айтуынша, америкалық ғарыш қызметі одақтасымызға қарағанда, ел бюджетіне әлдеқайда арзанға түспек. Бірақ бәсекелестер біліп қойып, өз стратегияларында пайдаланбаулары үшін АҚШ тарабы Астанадан бұларды ұшыруға қанша жұмсалғанын ешкімге жария етпеуді өтініпті.
"Неге бұл жолы Falcon-9-ға жүгініп отырмыз? Өйткені ғарыш аппараттарын америкалық зымыран-тасығышпен ұшыру қазір анағұрлым арзан тұрады. Бұл қаншаға түскенін айта алмаймын, бұл келісімде бекітілген коммерциялық құпия болып табылады. Біз уағдаластық бойынша оны жария ете алмаймыз. Америкалық тарап соны сұрап отыр", – деді Әсет Нұркенов.
Халықаралық сарапшылар мәліметінше, бұлар үшін АҚШ үлкен шығын талап етпейді, мәселен, наноспутниктерге 100 мың доллардай, ал микроспутникке шамамен 1 миллион доллардай сұралады.
Жалпы, Илон Маск осы ұшыру сәтінде рекорд орнатты. Оның зымыраны бір мезгілде әлемнің 17 елінің – Қазақстан, Аустралия, Бразилия, Финляндия, Германия, Үндістан, Италия, Иордания, Нидерланды, Польша, Корея, Испания, Швейцария, Тайланд, Канада, Ұлыбритания және АҚШ-тың 64 ғарыш аппаратын – 15 микроспутниктер мен 49 наноспутниктерді ғарышқа алып шықты.
Ресейлік зымырандар бірінен соң бірі құлап, биылғы желтоқсанға жоспарланған 4 ұшырылымы тоқтатылып жатқанда, Илон Маск оны ығыстырып, жаһандық нарықты жаулауда. Бүгінде "Falcon"-ның 62 ұшырылымның 60-ы сәтті болған.
Бір айырмашылығы сол, ресейлік зымыран тасығыштар пайдалы жүктемелерден басқа зымыран сатыларын Жерге, дәлірек айтқанда, қазақ жеріне аспаннан кері лақтыратын болса, "SpaceX" зымырандары кері қайтып, басқарылатын түрде теңізде орналасқан платформаға қонады. Және тексеруден өткеннен кейін келесі жүктерді алып, қайтара ұша береді.
Сарапшылар бұл ұшырылымдар еліміздің ғарыш саласы тарихының жаңа бетін ашады деген пікірде. Қалай болғанда, осы қос жер серігін ұшыруға бағытталған жоба қазақстандық ғарыш аппараттарын жасау бағасын төмендетіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін күрт көтермек. Бұған қоса, министрлік осы жоба шетелдік тапсырыс берушілер үшін елорда маңында құрастырылатын ғарыш жүйелеріндегі қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға да жол ашатынын айтады. Еліміз ғарыш бизнесіне осылай жаңа қадам жасап отыр.
Жанат Ардақ