НАСА орбиталық станцияны жекешелендіруге кірісті

4932

Американың ұлттық ғарыш агенттігі Марсқа адам жібергісі келеді.

НАСА орбиталық станцияны жекешелендіруге кірісті

АҚШ-тың ұлттық ғарыш агенттігі – НАСА орбиталық станциясы бизнеске ашық деп жариялады. Осылайша келесі жылы халықаралық станцияға турист болып ұшуға жағдай жасады. Бірақ бұл тым қымбат сапар. Барып-қайтуы – шамамен 58 млн доллар. Бір түн қону – 35 мың доллар. Бұл сомаға гигабайты 50 доллар тұратын интернет шығыны кірмейді. Қысқасы туристер 30 күнге баратынын ескерсек, өте қомақты қаржы жұмсауға дайын болуы керек.

"НАСА халықаралық ғарыш станциясын коммерциялық мүмкіндіктер мен нарық үшін ашып жатыр. Мұндай қадамға алғаш рет бардық. Дегенмен орбиталық станция "Хилтон" немесе "Марриот" емес", – дейді НАСА-ның бас қаржыгері Джефф ДеУит Нью-Йорктің "Наздак" биржасында өткен баспасөз мәслихатында.

Ғарышқа саяхат жасаймын деген адамның АҚШ азаматы болуы шарт емес. Ракета Америка жерінен көкке самғаса да, онымен өзге елдердің азаматтары да ғарышқа ұша алады.

2011 жылы Құрама Штаттар "шатлдарды" ұшыруды тоқтатты. Содан бері НАСА өз астронавттарын ғарышқа Ресейдің "Союз" кемесімен Байқоңырдан аттандырып келеді. Сол тәуелділіктен құтылу үшін америкалық агенттік жекеменшік SpaceX және Boeing компанияларымен орбиталық станцияға экипаж жеткізу туралы мәміле жасады. Ал ғарыштық туристер ғарыштық станцияға жету үшін осы фирмалармен саяхат туралы келісімге отыруға тиіс.

"Егер турист станцияда тұрамын десе, ол бізге онда өмір сүргені үшін, ас-су ішкені үшін ақы төлеуі керек", – деді ДеУит.

Нарықтағы жағдайға орай, әзірге НАСА жылына екі саяхатшы жібере алады. Талап бойынша, жеке астронавттар да кәдімгі экипаж мүшелері тәрізді медициналық стандарттарға сай болуы тиіс және дайындықтан, сертификаттау процедураларынан өтуге міндетті.

Ғарыш станциясына туристер бұған дейін ресейлік ракеталармен барып қайтты. Мәселен, 2001 жылы калифорниялық бизнесмен Деннис Тито 20 млн доллар төлеп, тарихтағы алғашқы ғарыштық турист атанды. Одан кейін де бірнеше  саяхатшының аталған бекетке барып қайтқаны белгілі.

НАСА ғарышқа билетті өзі тікелей сатпай, бұл шаруаны орбиталық станцияға жолаушы тасымалдаумен айналысатын жекеменшік компанияларға жүктемек.

SpaceX ғарыш турисі Dragon, Boeing Starliner капсуласымен апармақ. Әзірге бұлардың екеуі де дайын емес. Транспорттық капсулалар биылғы жылдың соңында әзір болып, сынақтан өтіп, келесі жылы ұшады деген болжам бар.

Ғарыш станциясы НАСА-ға тиесілі емес. Ол 1998 жылдың басында Ресейдің көмегімен құрастырылды. Бұл миссияға өзге де елдер атсалысып, астронавттарын жіберді. Десек те Құрама Штаттар осы істің шығынын көтеріп, бекетте өзі жасаған модульдерге бақылау жүргізіп отыр.

Жалпы алғанда, бұл станцияда 6 адамға дейін тіршілік ете алады. Қазір онда үш америкалық, екі ресейлік, бір канадалық астронавт жұмыс істеп жатыр.

Геосаяси бәсекелесінен қалыспай, Ресей де 2021 жылдың соңына қарай ғарышқа турист ұшыруды қайта жандандыруды жоспарлап отыр.

НАСА халықаралық ғарыш станциясын коммерциялық және нарықтық мақсатта жекеменшік компанияларға ашатын болса, бұл бекетте салмақсыздық жағдайында материал жасау техникасын дамытуға бағытталған стартаптар жұмыс істей алады.

Мысалы, оптика-талшықты кабельдер микрогравитациялық жағдайда жасалғанда, олардың сапасы ерекше жоғары болатыны анықталып отыр. 

НАСА ғарыш экономикасын дамыта отырып, күндердің күнінде орбиталық станцияны жеке секторға тапсырудан үмітті. Ал Құрама Штаттар үкіметі сол бекетті келесі жылдың соңында қаржыландыруды тоқтатуды көздейді.

"Біз ол жақта жалға алушы емес, жалға беруші болғымыз келеді", – деді НАСА  әкімшілігінің басшысы Джим Бриденштейн журналистерге берген сұхбаттарының бірінде.

Агенттік ғарыш станциясын жекеге бере отырып, одан түскен қаражатты Artemis деген миссиямен 2024 жылы айға адам ұшыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар НАСА 2030 жылдары Марсқа алғаш рет астронавт жібермекші.   

Алайда жер орбитасында бизнес жасау қаншалықты пайдалы? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ. Бір анығы – ғарышқа адам аттандыру өте қымбат шаруа.

НАСА өзінің орасан бюджеттік мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін бұрынғы позициясын өзгертуге мәжбүр. Бір кездері Ресей мультимиллионер Титотты ұшырғанда, НАСА ол миссияға қарсылық білдірген еді. Қазір америкалық агенттік ғарышты арман еткен турисі табыс көзі ғана емес, мемлекеттік шығынды азайтудың тетігі деп біледі.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу