Қытай ғарышта электр станциясын салмақ

5289

Әлемнің екінші экономикасы Ай мен Марс миссиясын күшейтіп, ғарышта электр бекетін салуға әзірленіп жатыр.

Қытай ғарышта электр станциясын салмақ

АҚШ пен Қытай арасында технологиялық бәсеке қызып келеді. Дүйсенбі күні "Блумберг" агенттігі хабарлағандай, Айдың көлеңкелі жағына космостық миссиясын сәтті жөнелткен Бейжің енді ғарышта күннен қуат алатын энергетикалық станция салуға әзірленіп жатыр. Осылайша, дүниежүзінің екінші экономикасы супердержавалық мәртебесін көкте де дәлелдеуге күш салуда. Қытайдың ғарыштық бағдарламасының бюджеті – шамамен 8 миллиард доллар, яғни, АҚШ-тан кейінгі орында. Сонымен қатар, Бейжің басты бәсекелесінен экономикалық, әскери және технологиялық тұрғыдан да басым түсуге ұмтылып жатқаны белгілі.  

Ғалымдар Қытайдың батысындағы Чунцинь қаласында экспериментальдық база құрылысын бастады. Олар 2021-2025 жылдары стратосфераға арнап, шағын энергетикалық станция құрастыруды жоспарлап отыр. Ал, 2030 жылы Қытай космосқа  қуаты 1 мегаваттық күн қондырғысын орнатып, одан кейін тіпті ғарышқа арнап үлкен генератор жасауды көздеп отыр. Мұны мемлекет қолдауындағы "Ғылым және технология" басылымы хабарлады.

Қытайдың ғарышта жүзеге асырып жатқан жұмыстары келесідегідей:

Айды зерттеу
Қаңтардың 3-де Қытайдың ғарыш ғалымдары ай зондын Айдың қарсы бетіне қондырып, Қытайдың космостық амбициясын әлем  алдында нықтай түсті. Және де бұл мемлекет аңыздағы әйел құдай құрметіне  "Чэньэ-4" деп аталған роверді ғарыштың бұрын ешкім бармаған бөлігіне қондыра отырып, Айды жақсырақ зерттеуге мүмкіндік алып отыр. Айта кету керек, бұл зонд табан тіреген аумақ Жердің электромагниттік кедергісінен алыс жатыр. Қытайдың "Синьхуа" агенттігінің хабарлауынша, "Чэньэ-4" аппараты төмен жиіліктегі радиоспектометрмен жабдықталған. Сондықтан, оның көмегімен ғалымдар "алғашқы жұлдыздардың қалай жанғанын және біздің космостың Ұлы Жарылыстан кейінгі қаратүнектен соң қалай пайда болғанын" түсіне алады.

Жасыл жапырақ
2015 жылы экранға шыққан "Марсианин" ғылыми-фантастикалық фильмін еске түсіретін Қытайдың миссиясы ешқашан өнім беріп көрмеген Айда өмір сүруге бола ма деген сауалға жауап тапқысы келеді. Өткен айда "Чэньэ-4" Жерге бірнеше сурет жіберді. Солардың бірінде тәжірибе басталғаннан кейін 9 күн өткенде мақта тұқымынан өскен жасыл жапырақ көрсетілген. Мұны осы жобаға жетекшілік еткен Чунцинь университетінің мамандары хабарлады. Сонымен қатар, "Чэньэ-4" зондының көмегімен ғарышта каноланың, картоптың, ашытқы саңырауқұлақтарының да тұқымдары сыналып жатыр.

Миссия аз емес
Қытайда миссия бұдан да көп. Елдің Ұлттық ғарыш әкімшілігінің вице-администраторы Ву Яньхуаның сөзінше, "Чанъэ" зондының тағы төрт түрі Айдың оңтүстік полюсіне қонуға әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Бейжің бүгінде Айда зерттеу базасын орналастыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Ал, Марсты зерттеу жұмыстары осы онжылдықтың соңында басталуы мүмкін.

Ғарыш станциясы
Қытай 2022 жылы өзінің ғарыш станциясын салуды мақсат тұтып отыр. Мәселен, "Аспан сарайы" деп аталатын космостық бекетте зерттеу жүргізуге арналған негізгі және қосымша екі модуль болады. Мұның бәрінің салмағы 66 тонна тартып, осы станциямен 3 адам жүре алады. Онжылдық қызметке арналған бекетте көптеген сала бойынша тәжірибе жасалады. Солардың қатарында биология, физика және материалтану ғылымдары бар.

Меншікті зымырандар
Президент Си Цзиньпин мемлекеттің ғарыштық ұшырылымдарға монополиясын төмендетіп, Илон Масктің  SpaceX, Джефф Безостың Blue Origin, Ричард Брэнсонның Virgin Galactic тәрізді компанияларымен бәсекеге түсетін отандық шағын кәсіпорындар құруға жол ашты. Ол стартаптар қытайлық кәсіпкерлер мен инвестортардың қаржылай көмегіне жүгініп қана қоймай, елдің ғарыштық бағдарламасында жұмыс істейтін ғалымдардың зымырандық зерттеулеріне де сүйене алады.

GPS-пен бәсеке
АҚШ-пен көкте де бәсекелесе отырып, Қытай өзінің навигациялық жүйесін құруға кемінде 9 миллиард доллар жұмсап отыр. Сондағы мақсаты – Американың GPS-не тәуелділікті төмендету. Айта кетсек, GPS-тің спутниктерінен алынған мәліметтер смартфондарда, автомобильдердің навигациялық жүйелерінде, тіпті иттердің қарғысындағы микрочиптер мен зымырандарды бағыттауға қолданылады. Және де сол жерсеріктердің барлығы – Америка Құрама Штаттары Әуе күштерінің бақылауында. Мұндай жағдай Қытайды алаңдатпауы мүмкін емес. Сондықтан, Бейжің GPS-ке альтернатива ретінде Beidou деген навигациялық жүйе жасады. Ол жер бетіндегі нысандарды көрсеткенде небары 30 сантиметрге ғана қателесуі мүмкін.

Космостағы қоқыс
Азиялық держава "спутниктерді тексеру және жөндеу", "орбитаны қоқыстан тазарту" тәрізді күрделі ғарыштық мүмкіншіліктерді жетілдіріп жатыр. АҚШ-тың Әскери барлау агенттігінің хабарлауынша, "осылардың кемінде біреуі Американың спутниктеріне қарсы қару ретінде қолданылуы  мүмкін". Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұндай айыпқа ешқандай негіз жоқ.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу