Төскейде малымыз түйіскенімен...

3875

Айырқалпақты ағайынның көңілі қымбат болғанымен, ұлт денсаулығы қөңілшектікті кешірмейді.

Төскейде малымыз түйіскенімен...

Қырғызстанның ауыл шаруашылығы тауарлары Қазақстан арқылы кедергісіз өтеді. Бірақ бұл транзиттік тасымал бағытына қатаң санитарлық бақылау орнатылады.

Себебі қазіргі уақытта, қырғыз елінің ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі Еуразиялық экономикалық одақтың бұл саладағы талаптары мен қағидаттарына сай келмей отыр. Тиісті жайт, 2015-2016 жылдары, Одаққа мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен өткен инспекциялық тексеру қорытындысында анықталған. Сондықтан Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы ветеринарлық бақылауды алып тастау, Қазақстанның ауыл шаруашылығы кешеніне қауіп-қатер төндіріп, бірқатар тәуекел тудырып отыр. Мәселен құзырлы мекеменің ақпаратына жүгінсек, былтыр Қазақстан арқылы өткен карантиндегі қырғызстандық фитосанитария өнімдерінің жұқпалы түрлері жиі алаңдатып, Қазақстан жағы етек-жеңді жиып ұстауға мәжбүр еткен. Нәтижесінде өткен жылдың 26 желтоқсанында Ресейдің Сан-Петербор қаласында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарасында ветеринарлық-санитарлық бақылау күшін жоймастан жұмыс істеп тұр.

Ал бауырлас қырғыз халқы Ресей Федерациясының ішкі нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу және тауар айналымын арттыруға ниет-құлшынысын айқын аңғыртып отыр. Мысалы бүгінде 15 қырғызстандық кәсіпорын Ресей нарығына және 8 кәсіпорын Қазақстанның оңтүстік өңірлер нарығына ветеринарлық бақылауға жататын термикалық өңдеудегі сүт, дайын ет өнімдері және балық сияқты белгілі бір тауар түрлерін жеткізуге мүмкіндік алған. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі, болашақтағы бірлескен инспекцияларда, осыған ұқсас қырғызстандық жөнелтушілер тізімін кеңейтуге тырыспақ.

Осыған байланысты АШМ транзитке қырағы бақылау орнату жайлы шешім қабылдаған.

"Қазір қойылып отырған шарттар – алдын ала Жол картасында айтылған дүниелер. Фитосанитарлық-ветеринарлық бақылау тұрғысында Қырғызстанмен өзара шекара бөлігінде жағдай оңала түседі деп үміттенеміз. Қазірде өткен жылғы шілде және желтоқсан айларындағы тексеруде белгілі болған кемшіліктердің жартысы еш түзетілмегені мәлім болды.

Дегенмен тауар айналымын көтеру мұратында транзитті мұқият бақылауды қолға алдық. Сөзімізге дәлел былтыр қырғыз жағы Ресейге 121 партия сүт өнімін жіберсе, Қазақстанға 939 партия жөнелтті. Қарапайым тілмен жеткізсек, тірі төрт түліктен басқасын транзиттеуді мойнымызға алып отырмыз. Бүгінгі таңда тығыз ынтымақтастық ауқымында тауар түрін 102-ге көбейттік. Өнімді пломбаланған вагонда тасымалдау мал ауруларын таратпауға мүмкіндік береді", – деп талдаған ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева қарым-қатынас тауарды алып жүруді электронды зерделеудегі ақпарат жүйесі арқылы да атқарылып, Қырғызстанның бұл жерде де ақсап отырғанын жеткізді.

Атап өтейік, қырғыз төрт түлік мал мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне бұдан бұрын "Атамекен" палатасы күдіктенген еді. Өйткені аграрлы ел ретінде Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан тыс, өзге де мемлекеттерге ауыл шаруашылығы тауарларын экспоттаумен айналысатындықтан, сырттан ауыр мал сырқаттары енсе, осы уақытқа дейін бағынған белес-көрсеткіштер күрт төмендеп, бірден 9 облыс арнайы екпе қолданусыз-ақ аусылдан аман мәртебесінен айырылмақ. Бұл дегеніңіз, еліміз болашақта қалған 5 облысты да осындай дәрежемен қамтуға көздеп отырғанын ескерсек, халықаралық нарықтағы мінсіз беделге аяусыз нұқсан келмек.

"Жалпы Сан-Петербор қаласындағы шешімге дейін арада ұзақ келіссөз жүрді. Кәсіпкерлер қауымдастығы ықпалдастық үрдістеріне белсенді атсалысып келеді. Ветеринарлық бақылауға "Атамекен" айрықша көңіл бөліп, басым бағыттарды сараладық. Бұл тұста шекарада қалыптасқан рәсімдерді алып тастауға асықсақ, салдары да ұлт денсаулығы тәрізді маңызды мәселелерде орасан зиян шектірер еді. Сондықтан тараптар толығымен міндеттелген шараларды бұлжытпай орындаған абзал", - дейді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова.

Ахуалдың күрделілігін байыптай келе, ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы 2016 жылдың 31 желтоқсанында бірлескен бұйрық жасауды жөн көрген. Құжатқа сай карантинге іліккен қырғыз өнімдері, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тек теміржол көлігін кәдеге жаратқан райда Қырғызстаннан Қазақстанға кіргенде Луговая станциясы, елімізден Ресейге шыққанда Илецк бекеті арқылы тасымалданатыны ұйғарылған. Алдағы сәтте қосымша бағдарлар да іске қосылуы ықтимал.

"10 қаңтардан бастап, қырғыз әріптестерімізге жағымды жаңалық – тамызға болжанған мерзімнен ертерек баршамызға ортақ бірыңғай тарифті пайдаланбақпыз. Бұның арқасында тасымал құны 3 есеге жуық арзандайды. Бұл тасымал көрігін қыздыруға үлкен серпін береді деп санаймыз. Бір жылға есептелген 42 млрд теңгелік қаржылық шығынды тасымал қарқынының өсімі жабатынына үміттенеміз", – дейді "ҚТЖ – Жүк тасымалдау" акционерлік қоғамының президенті Оралхан Құлақов.

Бүгінгі күні Қырғызстаннан Қазақстан аумағы арқылы Ресей Федерациясына транзит мәселесін анығырақ нақтылау мақсатында қажетті тәртіп құжаты келісіліп жатыр. Ол бекітілген соң қосымша түсіндірмелер берілмек. Осы орайда "Атамекен" КҰП, отандық кәсіп иелерінен Қырғызстанмен сауда-саттық кезінде өздерінің жоспарларына жоғарыда келтірілген бұйрықты арқау етуді сұрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу