Төтенше жағдайдағы Білім және ғылым министрлігінің әрекеті жаңа сын туғызды

6215

Оқу ісін мемлекеттік деңгейде ұйымдастыруға жауапты ведомство ісі тағы наразылыққа ұшырады.  

Төтенше жағдайдағы Білім және ғылым министрлігінің әрекеті жаңа сын туғызды Фото: Sputnik Казахстан

Бұған министрлік әзірлеген "Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендерінің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық жеткізгіштегілерінің тізбесін бекіту туралы" Асхат Аймағамбетовтың жаңа бұйрығының жобасы негіз болып отыр.

"Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары осы бұйрықпен білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етілген оқу басылымдарын сатып алуды және жеткізуді қамтамасыз етсін", – деп міндеттейді бұл құжат.

Яғни, еліміздегі барлық 7 мыңнан астам мектеп 3,4 миллионнан аса оқушы үшін тек осы бекітілген оқулықтарды ғана сатып алуы міндет.

Ол арқылы қазақша оқытатын білім ордалары үшін 1- сыныпқа әртүрлі пәнге арналған – 25 кітап, 2 - сыныпқа – 33, 3- сыныпқа – 33, 4 сыныпқа – 33, 5 сыныпқа – 59, 6 сыныпқа – 72, 7 сыныпқа – 71, 8 сыныпқа – 90, 9 сыныпқа – 101, 10 сыныпқа – 48 түрлі оқулық пен оқу-әдістемелік кешен бекітілмек.

Бұдан бөлек, 10 сынып үшін "жаратылыстану-математикалық бағыты" бойынша 54, "қоғамдық-гуманитарлық бағыт және жаратылыстану-математикалық бағытында" 21 кітап, ал 11 сыныпта "қоғамдық-гуманитарлық бағытта" 54, "қоғамдық-гуманитарлық бағыт және жаратылыстану-математикалық бағытта" 27 кітап көзделген.

Орыс тілінде білім беретін мектептерде 1 сыныпқа – 24, 2 сыныпқа – 30, 3 сыныпқа – 35, 4 сыныпқа – 31, 5 сыныпқа – 59, 6 сыныпқа – 55, 7 сыныпқа – 70, 8 сыныпқа – 76, 9 сыныпқа – 91 оқулық мақұлданыпты.

Орыс тілді 10 сыныптарға "қоғамдық-гуманитарлық бағыт" бойынша – 37, "жаратылыстану-математикалық бағыт" бойынша – 47, "қоғамдық-гуманитарлық бағыт және жаратылыстану-математикалық бағытта" – 22 кітап түрі сатып алынуы тиіс. 11 сынып үшін осы бағыттарда тиісінше 45, 52 және 25 оқулық түрі белгіленді.

Бұлар сыртында Express Publishing, Cambridge University Press, Oxford University Press, Macmillan Publishers, MM Publications, Pearson Education limited, Study Inn-Cambridge University Press секілді шетелдік баспаханаларда басылған ағылшын тіліндегі көптеген оқулыққа тапсырыс беру қарастырылып отыр. 

Бұдан бөлек, Қазақстандағы ұйғыр, өзбек, тәжік тілдеріндегі мектептерде осы тілдерде оқытуға арналған оқулықтар мен оқу кешендерінің жаңа тізімі құпталыпты.

Жалпы, 588 беттен тұратын үлкен тізімге үңілгенде, онда бір жайт бетке ұрып тұр. Яғни, белгілі бір баспаханалардың өнімі көбірек. Тізімде Атамұра баспасы – 850 рет, Алматыкітап – 723 рет, әзербайжандық Чашыоглу баспасы – 473 рет, Арман-ПВ – 385 рет, Келешек-2030 – 321 рет, Bilim Media Group – 204 рет, Мектеп баспасы – 203 рет, Жазушы – 201 рет, 8&8 – 161 рет, Шикула и К – 102 рет, Бөбек – 85 рет, Көкжиек-Горизонт – 70, Назарбаев зияткерлік мектептері – 52 рет, Астана-кітап – 45, Самғай біл – 32 рет, ӘлНаир – 17 рет, Дәуір-кітап – 9 рет, Шың-кітап – 6 рет, Өлке – 4 рет, Рауан – 1 рет, Дайыр Баспа – 1 рет, Ұлас-Электрон – 1 рет аталады.

Бір қарағанда, баспалардың кең ауқымы қамтылған. Дегенмен, Білім және ғылым министрлігінің кейбір компаниялар мен брендтерге көбірек басымдық бергеніне наразылар да табылуда.

Белгілі қазақстандық педагог, тарихшы Сергей Никулин сын айтты.

"Мысалы, дүниежүзілік тарих бойынша 11 сыныпқа арналған оқулықтар тізімі қалпымен тек Мектеп баспасының оқулықтарынан тұрады. Атамұра және Арман-ПВ баспаларының оқулықтары кірмей қалған. Мен қоғамдық бақылау сайттында ел назарына ұсынылған барлық 3 баспаның оқулықтары нұсқаларын қарап шықтым. Сонда Атамұра мен Арман-ПВ оқулықтарымен бала оқытқан жеңілірек екенін түсіндім. Басқа оқулықтар жарай қоймайды. Жасыратыны жоқ, 2019–2020 оқу жылы көрсеткендей, 10 сыныпта Мектеп оқулығы мұғалімдер мен оқушыларға көп қиындық әкелді. Ата-аналардың да наразылығын туғызды. 11 сынып үшін ұсынылып отырған оқулықтар да сол кеселдермен дертті", – дейді Сергей Никулин.

Оның байламынша, БҒМ мақұлдаған тарих оқулықтарында мәтін көлемі тым ауқымды.

"Кітаптар материалдары ішінара тақырыпқа сәйкес келмейді. Келтірілген тарихи фактілер тіпті өзі дәлелдеуге тиіс жайттарды растамайды. Оқулық тілі шәкірттердің жас ерекшеліктерін ескере бермейді. Ұғынуға ауыр және еш түсіндірусіз берілген терминдермен күрделендірілген. Сондай-ақ оқулықтың әдістемелік аппараты білім берудің жаңғыртылған мазмұнын есепке алмайды. Көркем иллюстрациялар, схемалар, кестелер азайып кеткен. Ал барының өзі көз қылып бере салынған және қажетті ақпарат ұсынбайды", – деді ол.

Әзірге ведомство бұл сындарға жауап қайырған жоқ. Сатып алынатын оқулықтар тізімін қоғамдық талқылау 16 сәуірде аяқталады.

Айтқандай, педагогтер министрліктің қазіргі ісінің өзге олқылықтарына да назар аудартуда. Мысалы, колледж оқытушысы Табысхан Мұхаметхалий БҒМ-ның видеосабақтарға қатысты талабына қарсы.

"Карантинге байланысты үйде отыруға мәжбүрміз. Осыған қарамастан, видео сабақтарға қойылатын талаптар зор. Біз үйде материалдық және техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілмегенбіз. Дистациялық режимде оқу дегеніміз, министр айтпақшы, онлайн оқу емес: тапсырма берсек, студенттер бағдарлама бойынша өтетін тақырыпты меңгерсе жетеді ғой. Кейбір ауылда WhatsApp месенджері әзер ұстайды. Ал министрлік видеосабақтар жасап жіберуді талап етеді. Үйіміз студия емес, шуды басатын жағдай жоқ, керек құрал-жабдықтар да оқытушылардың бәрінде бірдей жоқ", – дейді ұстаз.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептер сияқты колледждер үшін де бейнесабақтар жасалып жатқанын хабарлады.

"65 республикалық оқу-әдістемелік бірлестік колледждермен бірлесіп, өз бағыттары бойынша электронды оқыту контентін қалыптастыруда. Бүгінде "Талап" коммерциялық емес акционерлік қоғамы базасында 1911 бейнесабақ, 1887 электрондық оқулық, 940 түрлі сипаттағы қосымша материалды қамтитын цифрлық ресурстар каталогы түзілді. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады", – деді министр.

Осы жиынтық-каталогта биылғы оқу жылының соңына дейін қарастырылған тақырыптардың бәрін қамту көзделуде екен. Айтпақшы, оны жасауға қатысқан ұстаздарға ақы төленбейді: материалдар ерікті түрде тәжірибесімен бөліскісі келетін белсенді педагогтардың көмегімен дайындалып жатқан көрінеді.

А.Аймағамбетов қашықтықтан білім беру аясында сабақ өткізу барысында колледж оқытушылары осы дайын бейнесабақтар мен материалдарды қолдана алатынын, яғни, бұдан былай әр педагогтен үйінде өз бейнесабағын түсіруін талап етпейтінін мәлімдеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу