Бүгінгі таңда Жетісу жерінде 13 сұрып сынау орталығы жұмыс істейді. Соның алтауы Талдықорған өңірінде шоғырланса, қалғаны Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан. Талдықорған сұрып сынау орталығында қант қызылшасы, бидай, соя, жүгері, картоп, күнбағыс, тағы басқа ауыл шаруашылығы дақылдары сынақтан өтеді. Әсіресе, қант қызылшасы, майбұршақ, күнбағыс, жүгері, картоп, көпжылдық шөптерге басымдық беріледі.
1937 жылдан бері жұмыс істейтін Сарқант астық мемлекеттік сұрып сынау учаскесі масақты дақылдардың жаңа сұрпын сынаумен шұғылданса, 1955 жылы құрылған Кербұлақтағы әріптестері де осы бағытта жұмыс атқарады. Басқалары астық өнімдерімен қатар жеміс-жидек, картоп, бау-бақша тұқымдарының түріне ден қойған.
Өңірде қант қызылшасын егуге деген ұмтылыс пен құлшыныс артып отыр. Осыған орай, Ескелді ауданындағы сорт сынау орталығында "Ауантаж", "Роксана", "Крокодил", "Рис" сияқты гектарына 700-800 цетнерден өнім беретін қант қызылшасының сұрыптары сынақтан өтеді. Бұлар шетелдік тәжірибенің өнімі саналғанымен, қазірдің өзінде Жетісу өңіріне жерсіндіруге болатындығы белгілі болды. Осы орталықта сыналған сұрыптар еліміздің әр түпкірінде егіліп, мол өнім беріп келе жатқанын айта кету керек.
Ардагер қызылшашы Ақжолтай Көлбаев ағамыздың айтуынша, 1979 жылы Көксу ауданының Еңбекші ұжымшары қант зауытына 78 мың тонна қызылша өткізіпті. Сол қызылшаның бәрі де жергілікті тұқымнан көктеген өнім еді. Өткен жылы облысымызда қант қызылшасы мол себіліп, ел еңбегі еселенді.
Алайда, әр шаруашылықтың алған өнімі әртүрлі болды. Олар орташа гектар берекелілігін 300 центнерден асыра алмады. Кезінде 600-700 центнер өнім алған жерден бүгінгі күні осыншама аз өнім алғаны түптеп келгенде жер емшегін емген диқанның үмітін сортты тұқым мен жаңа техника ақтайтынын ұғындырды. Сондықтан, жетісулық диқандар келесі жылы қант қызылшасын өндіруде әлеуеті жоғары жергілікті тұқым сортын пайдаланып, оны бағып-баптауға Беларусь елінің тәжірибесін қолданбақ.
Расымен ол елдің қант қызылшасын өсірудегі тәжірибесін әлем жұрты меңгеруге құлшынып келеді. Мысалы, беларусьтер осыдан он жыл бұрын қант қызылшасы себілген суармалы жердің гектарынан 250 центнер өнім алса, бүгінгі таңда суарылмайтын жердің гектарынан 600 центнер өнім жинайды. Ал суармалы жердің берекелілігін 800 центнерден асырды. Олардың осы тәжірибесін үйрену қазақстандық шаруалар үшін ауадай қажет. Оны Отандық сұрыпты тұқыммен үйлестірсе, қамбамыз байлыққа толмақ. Есесіне, Беларусьтің бізден үйренетіні де көп.
Мамандардан білгеніміздей, Беларусь жерінде бидай жақсы өскенімен, одан алынған ұн нан пісіруге жарамайды екен. Бұл жағынан келгенде қазақстандық бидай сорты беларусьтерге таптырмайтын байлық әкеледі. Сондай-ақ, қазақстандық "Арна" атты арпа сұрпы мен алманың бірнеше сұрпы Беларусь елінде сұранысқа ие.
Панфилов ауданында 1958 жылы алғаш рет мемлекеттік жеміс-жидек шаруашылығы ұйымдастырылды. Бұл тұста өңірде жүгері өсіру өндірісі де жандана бастаған болатын. Осы үрдіске байланысты ауданда мемлекеттік сұрып сынау учаскесі құрылды. Жаркент қаласының солтүстік шетіндегі жалпы аумағы 112 гектар жерді алып жатқан шаруашылық 55 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Шаруашылықта сынақтан өткен жеміс-жидек түрі мен жүгері, сорго, судан шөбі сынды дақылдардың жаңа сұрпы комиссияның жоғары бағасын алып, өндіріске кеңінен енгізіліп, ел берекесін еселеуге негіз қалады.
Кейінгі жылдары сынақтан өткізілген 50-ден астам жүгерінің, 2 түрлі судан шөбінің, 2 түрлі "Могар" сұрыпты соргоның жаңа 12 тұқымының мемлекеттік комиссияның жоғары бағасын алып, өндіріске енгізілуі – Тасқын басқарған ұжымның жүйелі жұмысының нәтижесі. Биыл дәндік жүгерінің – 37, сүрлемдік жүгерінің – 30, дәндік соргоның – 6, сүрлемдік соргоның – 3, дәндік могардың – 2, судан шөбінің 2 сұрпы сынақтан өткізіліпті.
Дәнге өсірілген жүгерінің Данубио сұрпы 102 күнде пісіп-жетіліп, әр гектарынан 54,4 центнерден өнім жиналды. Сол сияқты "Мас-38Д", "НС-3014", "Мас-39Т", "МВ-Максима" сұрыптарынан 53,5 центнерден 63,5 центнерге дейін гектар сайын дән жиналды. Бұл сұрыптар болашақта облыстың дәндік жүгері өсіретін аудандарына таратылып, ел экономикасына мол береке береді. Сұрып сынау учаскесінің қарауында қосымша 48 гектар бақ бар. Онда 3 түрлі өрік, алманың бес сұрпы, алмұрт, айва, қарақат өсіріліп, олардан жиналған өнім шаруашылық экономикасын өркендетуге жұмсалады.
Балқаш ауданында күріштің "Бақанас", "Мәдина", "Алтынай" атты сорттары егіледі. Бұлар сапа жағынан да мақтаулы. Мысалы, бұл күріш тұқымы пісірілген кезде бір-біріне жабыспай, тал-тал болып түседі. Пісірілген күйі бір-екі күн тұрса да дәмін жоғалтпайтындығымен ерекшеленетін ақ маржанға деген сұраныс жаман емес. Жалпы, бұл дақыл суды молынан ішкенді ұнатады. Алайда, жиі жауған жаңбыр оның өсуіне кері әсер етеді. Күріш өсірумен ұзақ жылдар айналысқан Ерлан Досаев шетелдік күріш тұқымының Іле өзені жағалауындағы құмдауыт жердің табиғатына үйлесе алмай, құрғап қалатынын түсіндіріп берді.
Қысқасы, облыс диқандары жергілікті сұрып сынау учаскелерінде дайындалған бағасы қолжетімді, қалтаға жүк салмайтын, өнімділігі жоғары жергілікті тұқыммен мол өнім алуға болатынына көзі жетіп отыр. Алайда, олардың ұмтылысын техниканың нашарлығы байлап келеді. Нәтижесінде, диқандар қаржының аздығы, қолдаудың нашарлығынан бағалы тұқымның бағасын асыра алмай жүр. Ал тұқым саудасымен байып алған алыпсатар саудагерлер заманауи техниканың көмегімен шетелдік тұқымдардың ұпайын асырып, олардың өміршеңдігін дәлелдеуге тырысып келеді.