Түркі инвестициялық қоры дер кезінде құрылды – сарапшы

1564

Түркі инвестициялық қоры түркі әлеміндегі экономикалық интеграцияға үлес қосады. 

Түркі инвестициялық қоры дер кезінде құрылды –  сарапшы Фото: inbusiness.kz

Өткен айларда Анкарада түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өткен еді. Онда түркі инвестициялық қорын құру туралы құжатқа қол қойылды. Аталмыш қордың түркі мемлекеттері ұйымы үшін маңызы неде? Неліктен бауырлас елдер экономикаға басымдық беріп отыр? Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық қатынастар және сыртқы саясат маманы Гөкберк Дұрмазбен осы жайында әңгіме өрбітті.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі 2009 жылы 3 қазанда Әзірбайжанның Нахчыван қаласында құрылды. Ал 2021 жылы Ыстанбұлда  түркі елдері мемлекет басшыларының қатысуымен өткен саммит барысында атауы "Түркі мемлекеттері ұйымы" деп өзгерді. Жалпы алып қарасақ, әлемде Еуропалық Одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы, Оңтүстік Америка Ұлттар Одағы және басқа да көптеген ұйым бар. Алайда Гөкберк мырзаның айтуынша, түркі мемлекеттері ұйымының оларға ұқсамайтын ерекшелігі мынада:    

– Түркі елдерінің шыққан тегі мен тілі ортақ. Ұзақ уақыт бойы әртүрлі идеологияның ықпалында болса да, бұл ұқсастықтар басталмай тұрып туындауы мүмкін барлық мәселені алдын алуға және оларды ушықпай тұрып реттеуге мүмкіндік береді. Себебі басқа аймақтық альянстарда бір елдің мүддесі жоғары болса, бұл екінші ел тарапынан үлкен реакцияға тап болады. Ал түркі мемлекеттері ұйымында халықтың қалауы да, қолдауы жоғары. Олар бір болуды қалайды. Сондықтан аталмыш ұйымның ғұмыры ұзақ болады деген ойдамын.

2021 жылғы басқосудан кейін ұйым жаңаша серпін ала бастады. Осы жылдың наурыз айында президенттер Анкарада бас қосты. Алдағы мақсат-жоспарды ортаға салып, талқылап алды. Осы саммит кезінде түркі әлемі экономикаға да бірге қадам басты. Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешімге келді. Осылайша әлемдегі экономикалық ахуал құбылып тұрған кезде осы саланы күшейтуге де бет бұрды. Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат маманы Гөкберк Дұрмаз мұның екі себебі бар екенін айтты. Біріншісі, халықаралық экономикалық қатынастың өзгеруі. Екіншісі, түркі елдері 30 жылдың ішінде ауыз толытырып айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізді. Түркия да алғашқы жылдарға қарағанда соңғы 30 жылда дамуын жеделдетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін барлық түркі мемлекеттері экономикалық тұрғыдан маңызды нүктеге келді. Сондықтан бұл елдер ортақ экономикаға дер кезінде бет бұрып отырған көрінеді.

– 1944 жылы Бреттон-Вудс жиналысында алтынға айырбастауға болатын жалғыз валюта ретінде қабылданған доллар индексі күн сайын халықаралық экономикалық жүйеден алшақтап барады. Бәрінің көкейінде біз қандай жүйеге қарай жылжып жатырмыз деген сұрақ туындайды.  Қазіргі жүйе Америка долларының да тұрақты емес екенін көрсетіп отыр.  Ресей, Қытай сияқты мемлекеттер әртүрлі эмбарголармен немесе санкциялармен қыспаққа алынса да, осы елдер бар, әсіресе түркі мемлекеттері, сондай-ақ ислам ынтымақтастығы ұйымына кіретін мұсылман елдері, Африка және Латын Америка елдерінің көпшілігінде қолданыстағы халықаралық банк жүйесіне балама жолдарды табуға бола ма деген ой туындайды. Өйткені Ресейге санкция салғанда, банк жүйесін өз қолдарында ұстау арқылы бұл елдің экономикалық жағынан импортын, экспортын, ақша жөнелтуін Түркияға немесе басқа елдерге шектейді.  

– Демек, түркі мемлекеттері ұйымы экономика бағытын дер кезінде қолға алды ғой?

– Әлбетте, түркі мемлекеттерінің екінші кезең ретінде тілден экономикаға өтуі өте маңызды. Өйткені бұл болашақта жүзеге асатын кезеңдердің қадамдарын да жеңілдетеді. Бұл қандай кезеңдер? Олардың бірі – алдағы болашақта ортақ ақша қоры құрылуы мүмкін. Ал екіншісі - ортақ сыртқы саясат. Өйткені, сізге қауіп төндіретін сыртқы күштер бізге де қауіп төндіреді. Ал керісінше бізге қауіп төндіретіндер Қазақстанға да, Қырғызстанға да, Өзбекстанға да қауіп төндіреді. Осылайша, сыртқы саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ортақ қорғаныс саясаты, ал оны жүргізу үшін жергілікті қорғаныс өнеркәсібі маңызды. Түркияның қорғаныс өнеркәсібі ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті.

Жергілікті БАҚ-та жарияланған мәліметтерге қарағанда 2022 жылы Түркияның қорғаныс және аэроғарыш экспорты 4,3 миллиард долларды құраған.

– Гөкберк мырза, Түркия президенті Ердоған да бұл қордың маңызды екеніне тоқталды. Қор қалай жұмыс істейді?

– Бұл қордың мақсаты, әсіресе, жеке кәсіпкерлердің инвестицияларын жеңілдету. Өйткені инвестиция салу үшін бизнесмендерге несие қажет және кейде оны нарықта табу өте қиын болады. Әрі жоғары пайызбен беріледі. Сол үшін жұмыстың ортасына келгенде олар бас тартып жатады. Сондықтан кәсіпкерлер бір нәрсе жасауға ниеттенгенде оған қолдау көрсету керек. Иә, бұл жерде экономикалық қызмет бар, бірақ бұл экономикалық іс-әрекеттердің түркі әлемінде жүзеге асырылуы саяси мағынада күшті бір нүктеге әкеледі. Бұл ұйымдағы интеграцияны жеңілдетеді деген көзқарас бар.

– Жоғарыда түркі мемлекеттері ұйымы басқа халықаралық ұйымдарға ұқсамайды дедіңіз. Бұл жерде ең алдымен бауырластық бар екенін білеміз. Дегенмен, бұл барлық тарап үшін ұтымды болуы керек емес пе?

– Әрине. Бірақ, бірде Түркия аз, Қазақстан көп, екіншісінде Қазақстан көп, Түркия аз табуы мүмкін. Бұл теңдеу өзгеріп тұрады, ол маңызды емес. Ең бастысы, түркі мемлекеттері ұйымының басқаға тәуелді болмауы, өзін-өзі қамтамасыз ете алуы. Өзін-өзі қамтамасыз еткеннен кейін бұл мүмкіндік қазіргі әлеуетінен асып түседі. Себебі, географиялық аумақ өте кең. Су ресурстары, энергетикалық ресурстар, ауылшаруашылығы саласы мен өнеркәсіп орындары бар. Олардың алдындағы ең үлкен кедергі сыртқы саясаттағы тәуелділік. Мұның себебі қатты күш деп атайтын әскери күшке тәуелділік бар. Енді олар бірте-бірте азайып келе жатқандықтан, түркі мемлекеттері ұйымы тұтастай алғанда Еуропаның ортасынан Азияның ортасына дейін толығымен өзін-өзі қамтамасыз ете алатын жағдайға жетеді. Сондықтан қайталап айтамын, бұл қордың маңызы зор.

Мәселен, Түркия өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы шепте болса, ең маңызды проблемасы энергетика. Ал түркі мемлекеттерінің ең үлкен байлығының бірі – энергетика. Сондықтан Түркияның қажеттілігі осы бағыт бойынша өтелсе, бауырлас елдердің қажеттіліктері біздің жақтан өтеледі. Мүмкін, нарықта инвестициялық байланыс жоқ шығар. Өйткені елдер бірдеңе өндіреді, бірақ оны қайда сатасыз? Тек Түркия емес, Таяу Шығыс елі, Балқан, Ресей және Еуропа елдері бар. Осылайша бүгінгі таңда Қазақстанда бәсекеге қабілетті өнім еуропалық нарыққа түркі мемлекеттері ұйымы және ол ұсынған экономикалық логистика мен саяси артықшылықтардың арқасында оңай шыға алады. Осы тұрғыдан алғанда, түркі мемлекеттері ұйымы аталмыш қорлар негізінде өзара бір-бірінің экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады.

Жақында Әзірбайжан Ұлттық мәжілісі түрік инвестициялық қорын құру туралы келісімді мақұлдады. Енді қалған мемлекеттерден жауап күтілуде. Алғашқы кезеңде қордың капиталы 500 миллион долларды құрамақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу