Түркия сыртқы саясатта Батысқа қайта бет бұра бастады

1235

Ердоған Ресейдің қарсылығына қарамастан, "Азов" командирлерін еліне қайтарып, Швецияның ғана емес, Украинаның да НАТО-ға кіруін қолдайтынын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Түркия сыртқы саясатта Батысқа қайта бет бұра бастады Фото: Henrik Montgomery / TT News Agency / Reuters

Түркияны батыстық одақтастарынан алшақтатқан президент Реджеп Тайып Ердоған енді АҚШ-ты қуантып, Ресейді ренжітетіндей сыртқы саяси позицияға көшіп отыр. Сондағы мақсаты - экономикалық құлдырауды тоқтатып, еліне шетелдік инвестицияны көбірек тарту.

Ердоған Түркияда инфляцияның шарықтауы мен ұлттық валютаның құлдырауы үшін айыпталған дәстүрлі емес қаржылық саясаттан бас тартып, экономиканың да бағытын өзгертіп жатыр.

Ердоғанның Ресей президенті Владимир Путинмен ұзақ жылдар бойғы жақын байланысы Түркияның Батыстағы дәстүрлі одақтастарымен қарым-қатынастарын нашарлатып жіберді.

Бірақ дүйсенбі күні Ердоған Швецияның НАТО-ға қосылуын ақыры мақұлдады. Бұл шешім Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін одақты нығайтуға ұмтылған Батыс мемлекеттерінің жетекшілерін қуантқаны хақ.

Өткен аптада Анкара президент Владимир Зеленскийге Түркияда тұтқындарды алмастыру келісімі бойынша ұсталған бес украиналық қолбасшыны алып кетуге рұқсат берді.

Бұл әрекет үшін Мәскеу Түркияны делдалдық келісімді бұзды деп айыптады. Сонымен қатар Кремль Анкараның украиналық коммандирлерді Түркияда қалдыруға уәде бере отырып, оларды еліне қайтаратынын Ресейге алдын-ала хабарламағанына шағымданып отыр.

Бірқатар сарапшылардың пайымдауынша, Ердоғанның бұл шешімдері мен Украинаның НАТО-ға қосылуын қолдауы кездейсоқтық емес.

"Соңғы жылдары Түркия-Ресей қатынастары шектен шығып кетті деген пікір бар. Бұл жағдай - Түркия сыртқы саясатындағы баланстың жоғалғанының нақты көрінісі", – дейді Chatham House талдау орталығының зерттеушісі Галип Далай "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Далайдың ойынша, Түркияның Батыспен тайталасы оның экономикасын әлсіретіп, инвестиция ағынын бәсеңдетіп жіберді. Ал Парсы шығанағындағы араб елдерінен тартыла бастаған қаражат аздық етіп отыр.

"Анкара түрік-орыс қатынастарының қатты бұзылғанын қаламайды.  Бірақ Түркия сыртқы саясатының өзгеруі бұл байланыстарға міндетті түрде әсер етеді", – дейді Далай.

F-16, визасыз саяхат

Анкара Швецияның НАТО-ға қосылуына келісім бергеніне бір күн өткенде Вашингтон Конгресспен кеңесіп, F-16 жойғыш ұшақтарын Түркияға беруді қайта жалғастыратынын мәлімдеді.

Кейбір болжамдарға қарағанда, Америка осы ұшақтарды беруге келіскендіктен, Түркия Швецияның Солтүстікатлантикалық альянсқа өтуіне жол ашып отыр. Алайда түрік шенеуніктері де, Байден әкімшілігі де екі шешімнің арасында байланыс барын жоққа шығарып келеді.

Түркияның жоғары лауазымды өкілдерінің бірі "Рейтерге" берген сұхбатында айтқандай, Түркияның Батыспен байланыстарының қайта жақсаруы, Ердоған үкіметінің Ресеймен қатынастарына зиян келтірмейді.

Ердоғанның Путинмен сыбайластығы Украинадағы соғыс төңірегіндегі дипломатияда маңызды рөл ойнап, Украинаның Қара теңіз порттарынан астықты қауіпсіз экспорттау жөнінде мәміле жасауға көмектесті.

Бірақ қазір Ресей өзінің астық және тыңайтқыштар экспортына Батыс кедергі жасап  отыр деп есептейді. Сондықтан Мәскеу шілденің 17-інде мерзімі аяқталатын астық келісімінен шығатынын ескертіп отыр.

Дүйсенбі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің Ердоғанмен осы келісімді жаңартуды талқылау үшін кездесуі жоспарлап отырмағанын және Ресей президентінің Түркияға қашан баратыны белгісіз екенін атап өтті.

Анкараның Мәскеу үшін маңызы зор. Өйткені Ердоған Батыстың Ресейге қарсы санкцияларына қосылған жоқ. Екі ел арасында әуе сапарлары мен сауда-саттық жалғасып жатыр, сондай-ақ Түркия ресейлік газды тұтынатын бірден-бір мемлекет.

Ресей де – Түркия үшін үлкен саудалық серіктес әрі туристік табыстың негізгі көзі ретінде өте маңызды мемлекет. Сонымен қатар РФ мамандары Түркияның алғашқы атом электр станциясын салып жатқаны белгілі.

Тағы бір айта кететін жайт мамырда Түркияда өткен президенттік сайлау қарсаңында Мәскеу Анкараға газ үшін 4 млрд доллар берешекті кейін қайтаруға рұқсат беріп, Түркияның онсызда ортайып бара жатқан валюталық резервіне түсетін салмақты жеңілдетті.

"Қызғылт көзілдірік"

Кремль "барлық келіспеушіліктерге қарамастан" Ресейдің Түркиямен қарым-қатынастарды әрі қарай дамытуға ниетті екенін мәлімдеп отыр.  Мәскеу еуропалықтар түріктерді өз қатарына қосуды қаламайды деген пікірде.

"Түркия Батысқа бет бұруы мүмкін. Бірақ ешкім Түркияны Еуропада көргісі келмейді. Біздің түрік серіктестер осы мәселеде қызғылт көзілдірік тақпағаны абзал", – дейді Песков.

Түркияның Еуропа одағына өтуі жөніндегі келіссөздер 2005 жылы басталып, тоқтап қалды. Кейбір сарапшылардың болжамыншпа, соған қарамастан Ердоған түріктердің осы одақ аумағында визасыз жүруін және ЕО-мен жақынырақ сауда келісімдерін жасауды бәрібір қалап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу