Сауда секторының көрсеткіштері құлдырап, бизнесмендер дүкендері мен салондарын жабуға мәжбүр болып жатқанда, тұрмыстық техниканы саудалауға маманданған компаниялар керісінше, одан әрі өркен жаюда.
Мәселен, наурыз айының басында "Technodom" бір мезгілде Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Өскемендегі "МETRO Кэш энд Кэрри" сауда орталықтарында ашылды. Осылайша, аталған тұрмыстық техника мен электроника дүкендері желісінің жалпы аумағы тағы 2 мың шаршы метрге ұлғайып отыр.
Күйзеліске қарамастан, осы өнімдердің өтімді болуының бір себебі, олар тұтынушыларға несиеге ұсынылады. Және ол тұтынушылық несиені адамдар табысын растап жатпай-ақ, тез арада рәсімдей алады. Бұл ретте кейбір қазақстандықтар тұтынушылық кредиттің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болатынын да білмейді, білсе, ескермейді.
Нәтижесінде, 2017 жылы отандық нарықтағы несиеге сатылған барлық өнімдердің 45%-ын электроника мен техника саудасы бір өзі иеленген. Сарапшылар бұл көрсеткіштер 2018 жылы сақталады, тіпті әлі біразға өседі деп болжайды.
Өткен жылы осы дүкендерге бас сұққан қазақстандықтар теледидарларды, тоңазытқыштарды, кір жуу машиналарын, компьютерлерді, ұялы телефондарды және басқаларын жалпы алғанда 650 миллиард теңгеге сатып алған. Сөйтіп, бұлардың саудасы алдыңғы жылғы көрсеткіштен орташа есеппен 30%-ға артып отыр. Ең үлкен өсім смартфондарға тиесілі: 44%. Ірі көлемді техника сатылымы – 20%-ға артты.
Айтқандай, табысы жөнінен Қазақстанда "Technodom" көш бастайды. Осы компания желілері саудасының былтырғы бір жылдық жалпы түсімі 200 миллиард теңгеге жетті. Бұл ретте компания электронды коммерциясын да арттыра алыпты. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылдың қорытындысы бойынша "Технодом" интернет дүкен арқылы жалпы құны 7 миллиард теңге тұратын техниканы өткізген. Ұйымның мәліметінше, бұл ретте клиенттердің негізгі бөлігі тапсырысты өз ұялы телефондарындағы ғаламтор арқылы рәсімдеген. Смартфондарды пайдаланушылардың тапсырысы 130%-дық өсім көрсетіп отыр.
Яғни, үйге керекті техниканы қалтафоннан сатып алуға қазақстандықтар бой үйретуде.
"Метро" бөлшек және ұсақ көтерме сауда операторы дүкендерінде де өз саудасын жолға қою арқасында "Технодом" сатылым көлемін биыл барлық сегменттерде 15%-ға дейін арттыруды көздейді.
Аbctv.kz порталына жолдаған ақпарында "Technodom" өз саудасының көлемімен бірге, мемлекет алдындағы міндеттемелері де өсіп жатқанын хабарлайды. Мысалға, 2017 жыл үдерінде ол республикалық бюджетке 13 миллиард теңге салық төлепті.
2002 жылы Алматыда іргетасы қаланған "Technodom Operator" АҚ-ының қоластында қазір 72 дүкен бар. Оның үшеуі Қырғызстан астанасы Бішкекте орналасқан.
Одан кейінгі орындағы Sulpak та бәсекелесінен көп қалысар емес. Бұл сауда компаниясы өз қызметінің шешуші көрсеткіштері бойынша 2017 жылды оң өсіммен қорытындылады.
Нақтырақ тоқталсақ, "Сулпактың" жылдық айналымы да бір жыл бұрынғымен салыстырғанда, айтарлықтай өсімді паш еткен, сөйтіп, 198,3 миллиард теңгені құрады. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіші 151 миллиард теңге болған еді. Яғни, өсім 31%-ға жетті.
Соның ішінде таза табысы 8,03 миллиард теңгені құрапты. Бұл 2016 жылғы осы көрсеткішінен 1,79 миллиард теңгеге немесе 28,6%-ға көп.
Sulpak бас директоры Дмитрий Провкиннің айтуынша, компанияың сатушы-консультанттары мен кассирлері жыл ішінде сатып алушылардың 15,5 миллион сұранысы мен саудасын рәсімдеген.
Тұрмыстық техника мен электрониканың бұл сауда желісі де өзінің географиясын белсенді кеңейтуде екен. Нақтырақ келтірсек, 2014-2016 жылдар аралығында Қазақстан бойынша Sulpak-тың 29 дүкені өз ешігін айқара ашыпты. Бұдан басқа, оның да Бішкекте 2 дүкені бар. Ал жалғыз 2017 жылы ғана Sulpak желісі бірден 16 жаңа дүкенге кеңейіпті. Қазіргі уақытта компания 39 қалада ұсынылған. Оларда 100 дүкені жұмыс жасайды. Енді 2018 жылға арналған жоспарында тағы 20 жаңа сауда залын ашу арқылы өз тұтынушыларына жақындай түсуді көздеп отырған көрінеді.
Ұйым өзінің қоймалары санын да арттыруда. Бүгінде өнім сақтаушы ірі орынжайларының саны 17-ге жеткен. Орталық қоймасының аумағы 35 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылған. Нәтижесінде, тауарларды жеткізудің орташа жиілігі 3 күнге дейін азайтылыпты. "Сулпак" та өз тауарларын кредитке және бөліп төлеуге береді. Сондай-ақ барлық сауданың 85%-ын былтыр клиенттері бонустық картамен жасағанын мәлім етті.
"Үштікті" электроника, цифрлы техника мен гаджеттердің бөлшек сауда желісі "Alser" тұйықтайды. Компанияның бас директоры Сергей Бенедь Қазақстанда ритейл нарығы белсенді дами бастағанын айтады. "Алсердің" жылдық табысы жарты жүз миллиардқа жуық.
Бұл компанияда 2016 жылдан бері өз желісін қарқынды түрде кеңейтуде екен. Сол жылы дүкендерінің саны бұрынғы 80-нен 120-ға дейін өскен. Ал 2017 жылы олардың қатарына тағы 35 дүкен қосылған. Бірақ қолданыстағылары арасынан 14-інің аумағы оңайтайландырылыпты.
Осылайша, қазіргі уақытта "Alser" Қазақстанның 89 қаласындағы 155 сауда нүктесіне ие. Олардың аумағы орташа алғанда 200 шаршы метрді құрайды.
Компания былтырғы жылды 49,5 миллиард теңге жалпы айналыммен түйіндеді. Бір жыл ішінде "Алсер" дүкендеріне 5 миллионнан астам адам бас сұғыпты. Оның шамамен миллионы құр қол кетпей, сауда жасаған. Қазақстандағы электроника нарығына мониторинг жүргізетін GFK агенттігінің дерегінше, ақпараттық технологияға негізделген құрылғылар мен смартфондар нарығындағы сауданың 14%-ы "Alser"-ге тиесілі.
Бір жыл ішінде оның интернет дүкені 197%-дық өсімге қол жеткізді. Сөйтіп, өткен жылы 5,6 миллиард теңгенің тауарын ғаламтор арқылы өткізген.
Қаржыдан қысылу мен үнемдеуден шаршаған қазақстандықтардың несиеге ден қойғаны туралы сарапшылар байламын бұл компанияның дерегі де растайды: "Алсердің" сатылымының басым көпшілігі кредитке жасалған.
Еліміздегі осы нарықтан дәулет жиып жүрген барлық компаниялар оптимизм танытуда: олар отандық бұл сегменттің оң өсім динамикасы сақталарына және былтырғыға қарағанда, биыл сатылымы тағы 15%-ға артарына сенімді.
Жанат Ардақ