Бірнеше күн бойы жақ ашпаған Ухань зертханасы Батыс таққан кінәға алғаш рет жауап қатты. Коронавирусты жеңген қаланың аса құпия зертханасы мәлімдегендей, жұмбақ вирустың бұл мекемеден шығып кетуі мүмкін емес.
Қазір Бейжің пандемиямен күресте көп жайтты жасырды деп айыпталып, сол үшін әлемде үлкен қысымға ұшырап отыр. Құрама Штаттар болса, коронавирус Ухань Вирустану Институтының биологиялық зертханасынан тарады ма деген мәселені тергеуге кірісті.
Қытай ғалымдарына сенсек, бұл инфекция жабайы табиғат базарында жануарлардан адамға жұқса керек. Дегенмен, кейбір конспирологиялық теорияларға жүгінсек, жаңа індет Ухань Вирусология Институтының қауіпті вирустарды өңдеуге арналған P4 зертханасынан "қашып кеткен".
Сенбіде осы зертхана директоры Юань Чжимин "бұл вирус бізден кетуі мүмкін емес" деп мәлімдеді. "Қызметкерлеріміздің ешқайсысы ауру жұқтырған жоқ. Институтымыз коронавируске қатысты жан-жақты зерттеу жүргізіп жатыр", – деді ол ағылшын тілінде хабар тарататын CGTN мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, бұл институт осы теорияны ақпанда да жоққа шығарып, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымына қатерлі патоген туралы ақпаратты қаңтарда-ақ жібергенін мәлімдеген еді.
Құрама Штаттар "коронавирус Уханьнан тарады" деген қауесетті күн тәртібіне өткен аптада шығарды және мемлекеттік хатшы Майк Помпео мәлімдегендей, оның елі коронавирустың әлемге қалай кетіп қалғанын кеңінен тергеп жатыр.
"Вирустық зерттеулер жүргізіп жатқан біздер институтымызда қандай жұмыстар атқарылатынын және вирустар мен олардың үлгілерін қалай басқаруды нақты білеміз. Р4 зертханасы Уханьда орналасқандықтан, адамдар коронавирус эпидемиясын бізбен байланыстыруы мүмкін. Бірақ кейбір ақпарат құралдары аудиторияны әдейі адастыруға күш салып жатыр", – дейді Юань.
Таяуда "Вашингтон пост" газеті мен "Фокс ньюс" телекомпаниясы анонимдік ақпарат берушілерге сүйене отырып, коронавирустың абайсызда Ухань Вирусология Институтының зертханасынан тарап кетуі мүмкін деп хабарлады. Алайда Юаньның сөзінше, бұл хабарлар дәлелдер мен білімге емес, болжамдарға ғана негізделген.
Алғашында Ухань басшылығы эпидемияны жасыруға тырысып, инфекцияны жұқтырғандар туралы ресми мәліметтері көп күмән тудырды. Сонымен қатар, үкімет ауру өршіп тұрған шақта, коронавирусқа шалдыққандарды анықтау критериясын қайта-қайта өзгертті. Ал, өткен аптада жергілікті билік коронавирустан қайтыс болғандарды санауда қателік жіберілгенін мойындап, Covid-19 құрбандарының санын бірден 50 %-ға көтерді.
"Қытайлық вирус"
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға "біліп тұрып, коронавирус пандемиясына жол бергені" үшін зардабын тартқызатынын ескертті. Бірақ Америка лидері Бейжіңге қандай шара қолданатынын ашып айтқан жоқ.
"Мұны әу баста Қытайдың өзінде тоқтатуға болатын еді. Қазір одан бүкіл әлем жапа шегіп отыр", – деді Трамп Ақ үйде өткен брифингте.
Осылайша, әлемнің алпауыт экономикалық державалары арасында сөз соғысы қайта өршіп отыр. Дегенмен, көптеген бақылаушының ойынша, коронавирус дағдарысы ушыққан шақта Вашингтон мен Бейжіңге бұрын-соңды болмаған ынтымақтастық қажет.
Трамп пен оның көмекшілері Қытайды өткен жылдың соңында Уханьда қауіпті эпидемия өрши бастағанда өзге әлем ашық болмады деп айыптап, жақында Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымына "қытайшылдығы" үшін көмек беруді тоқтатты. ДДСҰ да, Бейжің де, олар таққан айыптарды жоққа шығарып отыр.
Трамп бір сөзінде Covid-19-ты "қытайлық вирус" деп атап, соңғы күндері өз әкімшілігімен бірге Қытайға қарсы риториканы күшейтіп отыр. Ал, кейбір қытайлық шенеуніктер коронавирусты америкалық әскерилер таратты деп есептейді.
Кейбір америкалық демократтардың ойынша, Қытай коронавируспен алғашында нашар күрескенімен, АҚШ президенті бұл кемшілікті вируспен күресте өзі жіберген ағаттықтардан қоғам назарын басқа жаққа аударуға қолдана бастады. Трамп күздегі сайлау қарсаңында антиқытайлық мәлімдемелерімен халық алдында ұпай жинағысы келеді деп сынға ұшырап отыр.
Дегенмен, Ақ үй Бейжіңмен арадағы қатынастарды тым шиеленістіруге мүдделі емес. Өйткені америкалық медицина қызметкерлеріне коронавируспен күресте Қытайда жасалған өзін-өзі қорғау құралдары ауадай қажет. Сонымен қатар, Трамп Қытаймен тайталаса берсе, әрең дегенде қол жеткізілген сауда келісімін бұзып алады деген қауіп бар.
Айта кетсек, Құрама Штаттарда коронавирусты 720 мыңнан астам адам жұқтырып, 37 мыңдайы қайтыс болды. Бұған қоса, мұнда карантиндік шектеулер салдарынан бизнес тұралап, өткен айда 22 миллиондай америкалық мемлекеттен жәрдемақы сұраған.
Арыс Әділбекұлы