Үкімет Өскемен мен Шүлбі ГЭС-терін сату туралы заң жобасын қайтарып алып жатыр

3279

Үкімет Шүлбі мен Өскемен ГЭС-терін Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнесмендеріне беретін заң жобасын қайтарып алғалы жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Үкімет Өскемен мен Шүлбі ГЭС-терін сату туралы заң жобасын қайтарып алып жатыр

"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясын ратификациялау туралы" деп аталатын заң жобасы қазір Мәжілісте. Оны кері қайтарып алуға қаулы жасалды.

Бұған дейін аталмыш нысандар БАӘ бизнесмендеріне сатылғалы жатқанын, оның сатылуына қарсы 10 мыңнан астам адам петицияға қол қойғанын жазғанбыз.

Сарапшы Петр Своик пен журналист Денис Данилевсикий гидростанциялардың берілуі – "Олимп" шыңының басындағы адамның "бизнесі", бұл ісі арқылы энергия бағасын көтеруді ойлап отыр деген пікір айтқан. Қарсылық білдірген Денис Данилевскиймен сол кезде Президент әкімшілігінің қызметкері "келісімге келуге" тырысқан. Петр Своик бұл екі станция өте табысты екенін, ұлттық құндылық болып есептелетінін тілге тиек еткен.

Ал астанада журналистермен кездесу өткізген ШҚО әкімі Даниал Ахметов ГЭС-тердің қажет екенін, ал Сенат кулуарында тілшілерге пікір білдірген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин аталмыш нысандардың тарифі "өте төмен" дегенді алға тартып, сатуды құптаған.

Айта кетейік, Қазақстан мен БАӘ-нің бірлескен жобаларының құны – $6 млрд астам сома деп көрсетілген. 

Стратегиялық инвестициялық жобалар тізіміне: "Самұрық-Энерго" АҚ, Екібастұз ГРЭС-1, Екібастұз ГРЭС-2, "Мойнақ ГЭС" АҚ, "Шардара ГЭС" АҚ 49% беру, "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ ЖЭО-2 қоршаған ортаға және басқа да объектілерге әсерді барынша азайта отырып жаңғырту кірді.
 
Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу