Үкімет спортшылар алдындағы қарызын резервтен өтемек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5038

Мемлекет шұғыл түрде "ел Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы" шешім қабылдады. 

Үкімет спортшылар алдындағы қарызын резервтен өтемек

Оған сәйкес, 7 жас спортшы мен оның жаттықтырушыларына 54 млн теңгеден астам қаржы аударылмақ. Сыйақы оларға биылғы жазғы Универсиадада медаль алғандары үшін беріледі. Бұл ретте тізімдегі жасөскін спортшыларға және олардың жаттықтырушыларына қанша қаражаттан тиетіні белгілі болды.

"Мәдениет және спорт министрлігіне "Халықаралық спорттық жарыстардың тізбесін, халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командаларының жаттықтырушылары мен мүшелеріне ақшалай көтермелеу төлемдерінің мөлшерін және оларды төлеу қағидаларын бекіту туралы" Үкіметтің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1345 қаулысымен бекітілген мөлшерде осы қаулының қосымшасына сәйкес Италияның Неаполь қаласындағы ХХХ жазғы дүниежүзілік Универсиадада жоғары нәтижелер көрсеткен спортшыларға және олардың жаттықтырушыларына біржолғы төлемдерді жүзеге асыру үшін 2019 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Үкіметінің резервінен 54 152 000 (елу төрт миллион жүз елу екі мың) теңге мөлшерінде ақшалай қаражат бөлінсін", – делінген Үкімет қаулысының жобасында.

Құжат бойынша Үкімет басшысы Асқар Мамин Қаржы министрлігіне бөлінген қаражаттың пайдаланылуын бақылауды жүктейді.

Айта кету керек, 2019 жылғы 3-14 шілде аралығында италиялық Неаполь қаласында өткен бүкіләлемдік студенттер мен жастардың спорттық жарысында 222 медаль жиынтығы сарапқа салынған. Қазақстан намысын онда 9 спорт сайысы түрінен 16 атлет қорғады.

Құжатта айтылған миллиондар ХХХ жазғы Дүниежүзілік Универсиадада жеңіске жеткен немесе жүлделі орындардан көрінген келесі 7 спортшы мен олардың жаттықтырушыларына берілмек.

"Жазғы дүниежүзілік Универсиада – әр мемлекет аса мұқият дайындалатын әлемдік деңгейдегі оқиға. Студенттер арасындағы басты спорттық жарысқа спортшылардың қатысуы және жеңіске жетуі тек мемлекеттің әлемдік қоғамдастықтағы беделін арттырып қана қоймай, сонымен қатар оның әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуының дәлелі саналады. Спортшылар универсиадалардағы өз жеңістері арқылы елдің әлемдік деңгейдегі мәртебесін көтереді және Қазақстанның спорттық беделін нығайтады. Қолданылып отырған шаралар спортшыларды дайындауды жаңа, сапалы жоғары деңгейге көтеруге, жетекші жаттықтырушы-оқытушыларды жоғары санаттағы спортшыларды дайындау бойынша міндетті шешуге жұмылдыруға және әртүрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда отандық спортшылардың табысты өнер көрсетуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп түсіндіреді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Үкіметтің 2017 жылғы 28 қарашадағы №786 қаулысына сәйкес, мемлекет жазғы, қысқы дүниежүзілік Универсиадада жеңімпаз болған спортшыға және оның жаттықтырушысына 15 мың доллардан (5 миллион 802 мың теңге), 2-ші орын алған спортшы мен жаттықтырушысына – 10 мың доллардан (3 миллион 868 мың теңге), ал 3-ші тұғырға көтерілген спортшының және жаттықтырушысының әрқайсысына – 5 мың доллардан (немесе 1 миллион 934 мың теңгеден) ақшалай сый береді.

Осылайша, Неапольдағы Универсиадада біздің атлеттер алған 1 алтын, 5 күміс және 1 қола жүлде үшін Үкімет спортшыларымыз бен олардың жеке жаттықтырушыларына жалпы сомасы 140 мың доллар сыйақы қарыз.

Бұл ретте Үкімет қаулысы жобасын әзірлеген Мәдениет және спорт министрі валюта бағамын 1 доллар = 386,8 теңге деп белгілеп отырғаны анықталды.

Шілдеде өтіп кеткен жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне тиесілі сыйақыны министрліктің қашан төлейтіні әзірге белгісіз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу