Олимпиадада еліміздің атынан шығатын шетелдік спортшылардың кейбіріне 3 миллион теңгедей жалақы төленбек. Бұл жоғарғы айлыққа отандық спортшылар да қол жеткізе алады. Бірақ жаһандық додада жүлде әкелетінін дәлелдеп, келісім шартқа отыруы керек.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі "Жоғары дәрежелі спортшылармен, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды жүзеге асыратын жаттықтырушылармен және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандармен спорттық қызмет туралы шарттар бойынша ақша төлемінің мөлшерін бекіту туралы" жаңа бұйрық жобасын әзірледі.
Әйтпесе, қолданыстағы бұйрық 2014 жылы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының қолымен бекітілген екен. Жаңа құжат "Жоғары дәрежелі спортшылармен шарттар бойынша ақша төлемінің мөлшерін" бекітеді.
Соның ішінде "Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алуға дайындықты жүзеге асыратын үміткер спортшыларға" ай сайын жоғары жалақы төленеді, ол жалақы доллармен беріледі.
Бұл ретте жалақы көлемі спортшының нешінші орын алудан үмітті екеніне байланысты болмақ. Мәселен, 1-ші орын алуға үміттілеріне спорт түрінің басымдығына қарай 700-ден бастап, 7500 долларға (2 миллион 925 мың теңгеге) дейін жалақы ұсынылады.
2-ші орын үшін 500-ден 5500 долларға (2,1 миллион теңгеге) дейін, ал 3-ші орын үшін 300 доллардан 3500 долларға (1,3 миллион теңгеге) дейін төленеді.
Яғни, күнделікті жаттығуына барып жүру арқылы компания топ-менеджменті деңгейінде жалақы ала алады. Рас, егер кейін уәде етілген ешқандай жүлделі орынға ілікпесе, төлем төлеу тоқтатылады және кепілдікте ұсталған екінші жартысы төленбейді.
"Төлемдер Олимпиада ойындары басталғанға дейін ай сайын аталған соманың 50%-ы көлемінде төленеді. Ал қалған 50%-ы келісімшартының шарттарын орындағаннан кейін, яғни Олимпиадалық медальды жеңіп алуына қарай күнтізбелік 30 күн ішінде төленеді", – деп түсіндіреді мәдениет және спорт министрлігі.
Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жарыстарына да осы шарт жүреді, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары аяқталған соң, көрсеткен нәтижесіне қарай ақы төленеді.
Бірақ төлемдері он екі мүшесі сау спортшылардан ерекшеленеді. І-ші орын үшін 700-ден бастап, 3000 мың долларға дейін, ІІ-орын үшін 500-ден бастап, 2000 долларға дейін, ал ІІІ-орын алатын спортшы үшін 300-ден бастап, 1500 долларға дейін төлем төлеу қарастырылған.
Дүниежүзілік бәсекеде жақсы жетістікке жеткен спортшылар дода аяқталғасын далада қалмайды. Ары қарай да жоғары жалақы алуына мүмкіндік бар.
Олимпиада ойындарының чемпиондарына ай сайын 700–5000 АҚШ доллары (шамамен 2 миллион теңге) аралығында айлық төленеді. Күміс жүлдегерлер болса, ай сайын 500–4000 доллар, қола жүлдегерлер – 300-3000 мың доллар төлем алмақ.
Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарынан олжалы оралғандардікі де қомақты: алтын жүлдегер "жалақысы" – 700-3000, ІІ-ші орын алғандар – 500-2000, ал ІІІ-ші тұғырға көтерілгендер 300–1500 доллар аралығында айлық алмақ.
Әрине, айлап мұнша төлем алуы үшін легионер өз Отанына не жақсы контракт ұсынған алпауыт елдерге тайып тұрмауы керек. "Төлемдер спортшы келісімшартқа сәйкес спорттық дайындықты жалғастырған жағдайда келесі Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарына дейін төленетін болады", – дейді министрлік.
Жалғыз олимпиялық жарыстар ғана емес, әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің де жалақысы анықталды.
Олимпиадалық спорт түрлеріне жататын спорт бойынша әлем чемпионатының жеңімпаздарына келесі біріншілікке дейін 700–4000 доллар, 2-орын алғандарына 500–3000, ал қола жүлдені қанағат тұтқандарға 300–2000 долларға дейін айлық төлем төленіп тұрады.
Өз құрлығымызда ғана жеңетін спортшылардың да "жалақысы" қатардағы қазақстандықтан жоғары: Азия ойындарының чемпиондарына 500-1000 доллар (390 мың теңгедей), ІІ-орын алғандарына 300–700 доллар, ал қола жүлдеден әрі аспағандарға 200–400 доллар айлық төлемақы төленіп отырады.
Мәдениет және спорт министрлігі бұл төлемдер жабық ғимараттардағы Азия ойындарының, жасөспірімдердің Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне төленбейтінін ескертеді.
Жанат Ардақ