Үкімет үй алуға берілетін зейнетақыны көбейту жолын тапты

16367

Президенттің тиісті жаңа Жарлығының жобасы әзір. 

Үкімет үй алуға берілетін зейнетақыны көбейту жолын тапты

Қазіргі кезде азаматтардың БЖЗҚ-дағы 11 миллион 561 мың 161 есепшотында 11 триллион 945,6 миллиард теңге ақша жинақталған. Негізінен валютада, алтында және шетелдік компаниялардың акцияларында сақтаулы. Елге көп пайдасы жоқ.

Осынша қаражат экономикаға құйылса, Қазақстан дағдарыстан атып шығар еді. Осынша қаржы қаншама адамды баспаналы етер еді. Көптеген адам жылдар бойы азабына төзіп келген созылмалы сырқаттарынан құлан-таза айығар еді. Президент Қ.Тоқаев бастамасының ел арасында қызу қолдау тапқаны да содан еді.

Алайда сарапшылардың байламынша, кетіп бара жатқан Үкімет пен Парламент бұл істі жарға жығуы мүмкін. Мысалы, заңгер Ержан Есімханов Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың қайтарған жауабына сілтеме жасап, тиісті заң жобасы 4 қарашада палатаның жалпы отырысында І оқылымда қаралатынын айтты. Жоба болса, шикі екен.

"Мұнда қуанатын түк те жоқ. Өйткені заң жобасының мазмұнына қатысты сұрақ көп. Жобада екі елеулі шектеу бар. Біріншіден, оған сәйкес, бір жолғы төлемнің көлемі зейнетақы жинағының жалпы мөлшерінің 50%-ынан аса алмайды. Екіншіден, зейнетақы мөлшері әлдебір "орташа табысты алмастыру коэффициентінің" ең кемі 40%-ын қамтамасыз етсе ғана ондай төлем төленетін көрінеді", – дейді заңгер, БЖЗҚ салымшысы.

Оның есептеуінше, 10 миллион теңге зейнетақы жинағы бар адам оның елу пайызын, яғни 5 миллионын ала алуы мүмкін. Осы сомадан мемлекетке 10 пайыздай жеке табыс салығын және "Отбасы-банкке" (қазіргі Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі) комиссия төлейді. Қырық пайыздық коэффициент те шегерілмек. Сонда қолда 3-4 миллион теңгедей ғана қалады. Оған бір бөлмелі пәтер де сатып ала алмайсыз.

Жұрт БЖЗҚ-дан қомақты қаражат ала алатынына сенбейді. Сергелдеңге салып, жүйкені жұқартып, тиын-тебен ғана ұстатады деген ойда.

"Мен 2004 жылдан бері ресми жұмыс істеймін. Жасым 36-да. Зейнетақы жинағымды тексере келе, төлем алушылар тізіміне тек 50 жасқа толған шағымда кіре алатынымды түсіндім. Оның үстіне он миллион жинақ деген көпке арман. Баспанасыз жүрген адамдардың көпшілігіне сонша миллион жинау қол жетпес шың", – дейді қаржыгер, сақтандыру компаниясының бизнес-сарапшысы Рима Моисеева.

Халықтың түсіңкі көңіл-күйін түсінсе керек, билік қазақстандықтардың жинағын толтырудың жаңа тетігін енгізуге кірісті. Осы мақсатта "ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы" Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы №841 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Мемлекет басшысының жаңа Жарлығының жобасы жарияланды. Дегенмен, ондағы идея жаңа емес: жұмысшысы үшін жұмыс берушісі де міндетті түрде зейнетақы аудара бастайды.

"Қосымша шартты-жинақтаушы құрамдауыш" аталатын осы тетік 2018 жылы іске қосылуға тиіс болатын. Алайда оған бизнес қарсы шықты. Себебі күйзеліс уақытында бұл кәсіпорын-компанияларды қосымша шығын шығаруға мәжбүрлейді. Зейнетақы жарнасын төлемеу үшін жұмыс берушілер штатты қысқартуы немесе персоналды толығымен аутстаффинг пен аутсорсингке ауыстырып жіберуі мүмкін.

"Экономикалық жағдайдың күрделі екенін ескеріп және жұмыс берушілердің қаржылық жүктемесінің өсуіне жол бермеу мақсатында, Елбасының келісімі бойынша бастапқыда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу мерзімі 2018 жылдан 2020 жылға ауыстырылған-тын. Әйткенмен, 2019 жылдың қыркүйегінде кәсіпкерлік қауымдастықтың қарсылығына орай Президент Қ.Тоқаев өз жолдауында ЖМЗЖ енгізуді 2023 жылға дейін кейінге қалдыруды жүктеді. Сондай-ақ ол бизнес өкілдерімен, сарапшылармен бірлесіп, бұл тетіктің нұсқаларын қайта қарауды және болашақ зейнеткерлердің де, жұмыс берушілердің де мүдделеріне сай келетін, келісілген шешімге келуді тапсырды", – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Билік енді халықты әлеуметтік қорғау үшін бизнестің жауапкершілігін көтермек ниетте.

"Мемлекеттің, қызметкердің және жұмыс берушінің теңгерімді жауапкершілігіне негізделген халықаралық тәжірибеге сәйкес, БЖЗҚ-да жинақтары бар барлық салымшыларға жеке нысаналы шот ашу ұсынылып отыр. Ол шот тек жұмыс берушінің қаражаты есебінен толықтырылады. Осылайша қосымша жинақты қалыптастырудың тұрақты көзі пайда болады. Аталған шот жұмысшының меншігі болады. Ол оның бір бөлігін баспана алуға, емделу ақысын төлеуге және басқа да нысаналы мақсатқа пайдалана алады", – деп түсіндірді меморган.

Сонда жұмыс беруші қанша төлейді?

Президенттің жаңа Жарлығы жобасына сәйкес, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер жұмыскер жалақысының 1%-ы көлемінде жарна аудара бастайды, 2029 жылға қарай бұл көлем 5%-ға жеткізілмек.

"БЖЗҚ-да жеке нысаналы шоттар ашу көзделеді. Жұмыс беруші осы шоттарға міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Бұл ретте жұмыскерге ол жинақты өзінің әлеуметтік мұқтаждықтарына пайдалану құқығы беріледі. Жұмыс берушілер жұмыскердің табысы мөлшерінен есептелетін міндетті 5%-дық зейнетақы жарналарын жұмыскердің емес, тек өз қаражаты есебінен аударатын болады. 2021 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат емделу ақысын төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге құқық беріледі", – делінген зейнетақы жүйесін жаңғыртудың жаңартылған тұжырымдамасында.

Арнайы есепшоттағы бұл жарналарды БЖЗҚ қаржы құралдарына инвестициялайды. Тиісінше, оның кірістілігі инвест-қызметтің нәтижесіне, сондай-ақ қаржы нарықтарының жай-күйіне қарай қалыптасады.

Мемлекет оған өтемақы қоспайды. Мысалы, БЖЗҚ-дағы жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысынан жиналған жинақтың инфляция жеген бөлігін кейін мемлекет жабатыны мәлім.

"Жарналардың инфляциядан сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдіктер шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қолданылмайды", – деп көрсетілген тұжырымдамада.

ЖМЗЖ шотына түскен ақша азаматқа кем дегенде 5 жыл жұмыс істесе ғана беріледі: "Ең төменгі еңбек өтілі 5 жылды құрайды, сонда салымшының жынысына қарамастан, 20 жастан бастап оған зейнетақы төлемдерін алу құқығы беріледі". Яғни, егер ата-анасы ең кемі 5 жыл жұмыс өтілін жинаса, оның шотын мұрагер баласы да ала алмақ.

Айта кету керек, 2018 жылы енгізіледі деп күтілген ескі тетікте жұмыс берушілер аударған зейнетақы жинағы жұмысшыға тек зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана төленетін. Егер ол жасқа жетпей, көз жұмса, ЖМЗЖ оның балаларына мұраға қалдырылмайтын.

"Жинақтар шартты саналады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды", – дейді ескі тұжырымдама. Ал жаңа жобада бұл енді жұмысшының жеке меншігіне айналады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу