Білім және ғылым министрлігі ел тарихындағы тұңғыш онлайн оқытудың қорытындысын шығарды. Биылғы жылы 6 сәуірден бастап, барлық орта білім беру ұйымдары оқу үдерісін қашықтан оқыту форматына көшіргені мәлім.
Пандемиямен алысқан биліктің бұл шарасы шектеулер аясында әйтеуір бір нәпақа табудың қамымен жүріп, онсыз да күйзелген ата-аналарды тіптен қажытып жіберді. Содан маусым айының басында заңсыз митингке шыққан қазақстандықтардың бір бөлігі биліктен мектептерді қайта ашуды талап етті. Артынша Change.org порталында "Дәстүрлі күндізгі мектептер үшін", "Мектептерді жоюды тоқтатыңдар!" секілді петициялар қаптады.
Білім және ғылым министрлігі де білім ордаларын қайта ашуға ынтығып отыр. Себебі, дистанциялық оқыту жүздеген миллион ел қаржысы шығындалып, жылдар бойы қалыптастырылған E-learning электронды оқыту жүйесінің түкке жарамсыздығын паш етті. Салдарынан, БҒМ-ге дәстүрлі телеарналар қызметіне жүгініп, соны "онлайн оқыту" деп ұялмай атауға тура келді. Мұндай масқара қайталанса, ел беделіне нұқсан.
"Ешкім де дәстүрлі оқу түрінен бас тартпайды. Қашықтан білім беру форматына көшу мәжбүрлі шара болды. Біздің бәріміз үшін үйреншікті мектептегі оқыту – бүгінде ең үздік шешім болып табылады. Келесі оқу жылы мектептер қабырғасында өтеді деген үміттеміз!" – деп мәлімдеме жасады өткенде ата-аналар петициясына жауап берген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Алайда Қазақстанда коронавирустық пандемияның өршуі меморганның бұл жоспарының күлін көкке ұшыратын түрі бар.
Әзірге білім ведомствосы жаппай қашықтан оқытудың алғашқы тәжірибесінің нәтижелерін бағамдап, жаңа оқу жылына дайындалуда.
"Жергілікті жерлерде интернет жылдамдығының әртүрлі болуына байланысты биыл оқушылар мен педагогтарға дистанциялық оқытудың бірнеше түрі ұсынылды. Соның ішінде телесабақтар, радиосабақтар, интернет тұғырнамалардағы видеосабақтар болды. Оқу тапсырмалары кей жерде пошта арқылы жіберілді. Байланыстың мессенджер және басқа да түрлері пайдаланылды", – дейді министр.
Ол қашықтан оқыту форматында тиімді және сапалы білім беру үшін әр отбасыда компьютерлік техника болуы керектігін растады. Дегенмен, мұқтаждардың бәрін толық қамти алмады.
"Оқушыларды құралдармен қамтамасыз ету үшін ата-аналар мен мектеп арасында шарт жасалып, компьютерлер отбасылардың жауапты сақтауына тапсырылды. Бұған қоса, жергілікті әкімдіктер де үнемделген бюджеттік қаржылар есебінен компьютерлер сатып алды. Сәуір айының соңындағы жағдай бойынша елімізде мектептердің балансында тұрған 170 мың 113 компьютер 154 мың 44 оқушының және 16 мың 69 педагогтің уақытша қолдануына берілді. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар 15 мың 239 компьютер сатып алып, таратты. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен демеушілерден көмек ретінде 55 компьютер алынды. Мұның сыртында аз қамтылған отбасылар интернетке шығуы үшін 17 мың 378 USB-модем сатып алынып, үлестірілді", – дейді білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.
Белгілі өнертапқыш Сәбит Жанболған шенеуніктердің бұл тірлігіне таң қалады.
"Білім және ғылым министрлігі оқушылардың бәріне компьютер жетпейтінін айтады. Шынында олар бар. Мысалы, жыл сайын көптеген мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар жұмыс істеуге қабілетті компьютерлер мен ноутбуктарды үлкен көлемде есептен шығарып тастайды. Өйткені құжат бойынша дербес компьютерлердің моральдық тозуы небары 3 жыл болып есептеледі. Тек "Үкімет үйінің" завхозының қоймасында есептен шығарылған, бірақ қолдануға әбден жарамды оргтехниканың жеткілікті көлемі жатыр", – дейді Сәбит Жанболған.
Ол осыны ескертіп, БҒМ-ге хат жолдапты.
Жалпы, министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 2 миллион 991 мың оқушы немесе 90,6%-ы қашықтан оқыту үшін керекті жабдықтарға ие. Мысалы, мобильді интернет жылдамдығы жоғары қалаларда біразы смартфоннан білім алады. Ал 310 мың шәкірттің немесе 9,4%-ының қажетті техникасы жоқ. Оның жүз мыңнан астамына мемлекет компьютерлік жабдық ұсына алмады.
БҒМ келесі оқу жылы үшін барлық сыныптарға арнап 15 мыңдай бейнесабақ түсіруді жоспарлап отыр.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Жанат Ардақ