Үкімет "жабайы" саудамен күреске жаңа қарқынмен кірісті

3984

Базардағы әрбір саудагер енді QR-кодталады. 

Үкімет "жабайы" саудамен күреске жаңа қарқынмен кірісті

Осы мақсатта еліміздегі барлық өңірде QR-код (штрих-код) жобасы енгізілуде. Жоба елдегі жабық базарларды, жеке дүкендерді, жеміс-жидек және басқасын сататын павильондарды жаппай қамтиды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Өйткені азаматтар дәл осындай сауда орындарының ешқандай чек бермейтініне, саудада алдайтынына көп шағымдануда. Алматы тұрғыны Марина Брянская өңірлер түгіл, еліміздің бас мегаполисінде бұл саланы былық жайлағанына ренжиді.

"Алматыда аяқ басқан сайын, қаптаған базарға кезігесіз. Елімізде сауда саласын дамыту үшін орасан зор қаражат шығындалды, Үкімет тарапынан да, әкімдік тарапынан да өркениетті сауда орындарын құруға қолайлы шарттар, үлкен жеңілдіктер берілуде. Алайда әлі күнге дейін жабық базарлардың өзінде сатып алған тауар үшін ешкім чек бермейді. Соның кесірінен тұтынушылардың құқығы бұзылады. 14 күн ішінде жарамаған тауарды кері тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Мен адал азамат ретінде талай рет чек талап еттім. "Оның саған керегі не?" деп бетіме күледі. Не: "кетші, алмай-ақ қой!" деп тауарды қолымнан жұлып алған кезі де болды. Сауда орындарында Қазақстан өз азаматтарын ғана емес, шетелдіктерді де жұмыспен қамтуда. Неге билік осы саланы ретке келтіре алмайды?", – деп ашынады 

Ол Алматы әкімдігіне шағым да жолдапты, жауап болмаған.

Шынында, жабық базарларда да "сауда сақал сипағанша" қағидасы сол бойы үстем. Саудагерлер ақаулы, жарамсыз, бүлінген тауарларын тездетіп сатып жіберуге асық тұрады. Сатып алушының ақшасы қолына тиісімен, оны қайтармайды. Тауарын кері алмайды, танымаған, білмеген түр танытады, есігін жауып кетіп қалады. Тіпті айғайласып, төбелесуге дейін барады.

Мемлекет биыл осы саланы өркениетті қалыпқа келтіру бағытында жаңа қадам жасап жатыр.

Код астарында қандай сыр жатыр?

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бұдан былай аталған кәсіпкерлердің бәрі QR-код арқылы сәйкестендіретін болады. Бұл бастама – "Шолып тексеру" пилоттық жобасы деп аталады.

"Жоба көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға және салық мәдениетін арттыруға бағытталған. Пилоттық жобаны 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бұл санатқа кімдер кіреді? Жабық базарлардың, сауда үйлерінің, дүкендердің, павильондардың аумағында көтерме және бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлер кіреді, олар Мемлекеттік кірістер комитетінің порталында "Ақпараттық ресурстар" қосымша бетінде штрих-кодты  алуға міндетті", – деді Қаржы министрлігі.

Өз кезегінде, Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) ақпаратынша, штрих-код (QR-код) алу міндеттемесі және тиісті пилоттық жоба – "Салық төлеушілерге шолып тексеруді жүргізе отырып әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың қағидалары мен оны іске асыру мерзімдерін бекіту туралы" Қаржы министрінің 2020 жылғы 24 желтоқсандағы №1232 бұйрығымен күшіне енгізілді.

Аталған штрих-кодты (QR-код) жабық базар саудагерлері, дүкеншілер, сауда үйлері және павильондардағы сатушылар бақылау-кассалық машинаның жанына, көрінетін жерге жапсырып қоюы қажет.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Апиаш Кемежанованың түсіндіруінше, әрбір кәсіпкерге арналған қайталанбас штрих-кодты (QR-кодты) мемкірістер органы түзеді.

Бұл сәйкестендіргіш кодтар "кәсіпкер туралы барлық ақпаратты қамтиды" екен. Әйтпесе, кәсіпкерлер одан құпия-сыр жасап, дерегін тұтынушыға хабарламауға тырысады.

"Бұл кодтар сатып алушылардың кәсіпкерді сәйкестендіруі және көзбен шолып тексеруді өткізу үшін үшін қажет. Себебі, осы штрих-код (QR-код) арқылы тексерушілер ғана емес, қарапайым сатып алушылар да кәсіпкердің толық дерегін – аты-жөнін, ЖСН/БСН-ын, компаниясының атауын, тіркелген мекенжайын, алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясының бар-жоқтығын, кассалық аппаратының тіркеу нөмірін, оның салық төлеуші ретіндегі мәртебесін, яғни істеп тұрғанын немесе лицензиясы тоқтатылғанын біле алады", – деді маман.

Шолып тексеру қалай жүзеге асырылады?

"Шолып тексеру жабық базарлардың, сауда үйлерінің, дүкендердің, павильондардың аумағында көтерме және бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлерге қатысты жүргізіледі. Бұл ретте мемкірістер органдарының лауазымды тұлғалары бейнебақылау мен фотофиксациялаудың арнайы құралдарын қолданады. Олар тексеріске қандай жағдайда шығуы мүмкін? Егер кәсіпкерлікпен айналысатын адамның тіркеуге тұрмағаны, кассалық машинаны қолдану тәртібін бұзғаны, чек бермейтіні, төлем карталары көмегімен төлем жасауға арналған терминалының жоқтығы, арақ-шарап өнімдерін сатуға лицензиясының болмауы туралы МКК-нің аумақтық бөлімдеріне шағымдар түссе, тексеруші шолып тексереді", – деді А.Кемежанова.

Жалпы, 2020 жылы микро және шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жарияланған-тын. Ол 2023 жылғы 1 қаңтарда аяқталады. Осы мүмкіндікті теріс пайдаланып, кейбір кәсіпкер заң бұзуда екен. Ал құзырлы органдар тұтынушылардан түскен шағымдарға жедел ден қоя алмайды. Себебі, кез келген тексеріс Бас прокуратурада тіркеліп, келісім алу процесінен өтуі керек. Яғни, ұзаққа созылады.

"Шолып тексеру" пилоттық жобасы осы олқылықты жоюға қызмет етпек.

Сонымен, әлгі айтылған санатқа жататын кәсіпкерлер МКК-ның ресми веб-порталы арқылы штрих-код (QR-код) алуы керек. Осы сайттағы "QR-кодын қалыптастыру" (https://kgd-qr.kz/) белсенді терезесінде жеке сәйкестендіру нөмірін немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірін, бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірін енгізіп, "код құру" деген батырманы басса болды, төл штрих-кодын (QR-код) алады.

"Мысалы, фискалды чек берілмеген, тауарлар үшін төлемді банк картасымен қабылдаудан бас тартылған, алкоголь өніміне лицензиясы болмаған жағдайда сатып алушы ұялы телефонының көмегімен QR-кодты сканерлейді де, сол арқылы есептелген деректерді пайдалана отырып, мемлекеттік кірістер органдарына шағым жолдай алады. Мемкірістер органдарының лауазымды тұлғалары бейне тіркеу немесе фотофиксация құралдарын қолдана отырып жіберілген шағымдар бойынша ғана шолып тексеруді жүргізеді", – деп түсіндірді комитеттің баспасөз қызметі.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу