Үкімет жаңа облыстарды тез құра алмауы мүмкін

10378

Жаңадан ашылмақшы өңірлердің орталықтарында әлі күнге шешімін таппаған проблемалар жетерлік. Министрлер кабинеті мен әкімдіктерді қандай мәселелер күтіп тұр?

Үкімет жаңа облыстарды тез құра алмауы мүмкін

Президенттің таяудағы жолдауының басты сенсациясы Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру болатын. Жолдаудың жарияланғанына екі аптаға жуық уақыт өтті. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар бұл тапсырманың орындалуы кешіктіріліп жатқанына назар аударып, оның мәнісін білмей, дал болуда. Тіпті Мемлекет басшысының тиісті жарлықтары да шықпады.

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, қазіргі кезде жаңадан ашылатын облыстарға қандай қала, аудан, кент, ауыл және ауылдық округтер кіретіні, олардың қанша гектар жерге, жайылымға, егістікке және басқасына ие болатыны "халықтың пікірін ескере отырып", пысықталып жатқан көрінеді.

Еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровтың дерегінше, Мемлекет басшысының Жарлығын дайындау жөніндегі жол картасы және оны іске асыру жөніндегі Ұйымдастыру шараларының жоспары әзірленуде.

Осы орайда Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарды ауқымды жұмыс күтіп тұр. Атап айтқанда, оған:

  • қазіргі Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарын бөліп, әкімшілік-аумақтық тұрғыдан қайта құру;
  • облыстардың, қажет болса, өзге елді мекендердің атауларын өзгерту;
  • облыстарды және олардың шекараларын бөлу туралы Президенттің жарлықтарын және Үкіметтің қаулыларын әзірлеу және қабылдау;
  • жергілікті атқарушы органдардың және орталық меморгандардың аумақтық бөлімшелерінің штат санын өзгерту, қысқарту;
  • коммуналдық меншікті бөлісу және қабылдап алу;
  • барлық деңгейдегі заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу;
  • жаңадан құрылған облыстарда әкімдіктерді, мемлекеттік органдарды құру;
  • жаңа облыстардың мәслихаттарын құрып, оның депутаттарын сайлауды өткізу;
  • жаңа әкімдіктерді жасақтау және басқасы кіреді.

Айтқандай, кейбір сарапшылар, блогерлер өз бетінше жаңа облыстардың шекараларын белгілеп, облыстардың "жаңа картасын" жариялауда. Бұл әлеуметтік желіде сол өңір тұрғындарының наразылығын туғызған. Мысалы, Балқаш тұрғындары өздерін Ұлытау облысына қосуға қарсы екенін білдіріп, Қарағанды облысында қалдыруды сұрап, петиция жазуда.

Алайда Ұлттық экономика министрлігі ғаламтордағы карталардың бәрі фейк болып есептелетінін, оларды мемлекет жасамағанын, себебі дәл қазір жаңа облыстарға нақты қандай территориялар кіретіні туралы айтуға ерте екенін жеткізді.

"Арнайы комиссия құрылды, ол әрбір облыс бойынша жағдайды жан-жақты зерделейді. Облыстардың қандай аумақта орналасатынын, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар көлік жолдарын, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму мәселелерін пысықтайды. Қазіргі кезде облыстардың нақты территориялары туралы айтуға әлі ерте", – деген түсініктеме берді министрлік.

Ведомство "ҚР әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңына сәйкес, Үкіметке осы мәселе бойынша ұсыныстармен жергілікті әкімдіктер және мәслихаттар шығуға тиістігін еске салды. Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге атау беру, оларды қайта атау туралы да жергілікті тұрғындардың пікірін анықтауды жергілікті атқарушы органдар іске асыруы керек екен.

"Өңірлер ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстарын жүргізіп, түрлі деңгейлердегі әкімдер шешімдерінің, әкімдіктер қаулыларының және мәслихаттар шешімдерінің жобаларын "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығаруы және қабылдауы қажет. Бүгінде Ұлттық экономика министрлігі екіге бөлінетін 3 облыстың әкімдіктері өкілдерімен осы бағытта тығыз жұмыс істеп жатыр. Аталған рәсімдер белгілі бір уақыт алады. Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы әзірлену үстінде", – деп түсіндірді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, мәселе 3 облысты жай ғана бөле салуда емес, әңгіме Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру жөнінде болып отыр. Егер жаңа облыстардың құрылуы жергілікті тұрғындарға қиындық әкелсе, президенттік бастама өз мақсатына жетпес еді. Сондықтан әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту жұртшылыққа тек игілік әкелуі шарт.

Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының ашылуы осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, бүкіл экономиканың дамуына оң әсерін тигізгені жөн.

Оның үстіне жаңа облыстардың орталықтарында шешілмеген мәселе көп. Кеш түсе қараңғылық құшағына енетін, жете жарықтандырылмаған, қоғамдық көліктері жөнді жұмыс істемейтін, орталық көшелері де ойдым-ойдым күйге жеткен, дамуда біраз кенжелеп қалған Семей (Абай облысы), Жезқазған (Ұлытау облысы) қалаларын айтпағанда, Талдықорғанның өзінің жағдайы мәз емес.

Президент Қ.Тоқаев Алматы облысының орталығы енді Қапшағай қаласы болатынын (алда атауы Қонаев деп өзгермек), ал Талдықорған – Жетісу облысының орталығына айналатынын мәлімдеген болатын.

Талдықорғандықтар бұл өзгеріс қала шаруасының түзелуіне ықпал етеді деп үміттенеді. Өйткені Алматы облысы болғанда, проблемалары шешіле қоймады. Жергілікті белсенді, педагог Игорь Скоромный өзге қалалардың тұрғындары сенбес бір жайтпен бөлісті.

"Билік облыс орталығының және онымен жапсарлас жатқан аудандардың жағдайына назар аударса дейміз. Талдықорғандықтардың ұзақ жылдардан бері айта-айта аузы жауыр болған, әбден ығыр еткен проблема сол бойы шешімін табар емес. Нақтылай кетсем, Талдықорған қаласы – жолаушылар пойыздары қатынамайтын Қазақстандағы жалғыз облыс орталығы! Яғни, бізде теміржолмен жолаушылар қатынасы мүлдем жоқ. Сонымен бірге бізде осыған қажетті инфрақұрылымның бәрі – темір жолдар да, вокзал да бар. Тек бізге өзге өңірлерден бірде бір пойыз келмейді. Бұл ретте облыс орталығының да, оған іргелес жатқан аудандардың да халық саны тез өсіп келеді", – дейді И.Скоромный.

Демек, егер алда мемлекет Талдықорғанға тікелей теміржол қатынасын жолға қойса, онысы жолаушылар ағынымен қамтамасыз етілер еді.

"Себебі, бізге пойыздар қатынамаса да, оларға деген сұраныс жоғары: теміржолмен сапарлау үшін талдықорғандықтар облыс орталығынан  50 шақырымда тұрған Үштөбе станциясына сабылады. Кейбірі Алматы қаласына барып, сол жақтан пойызға отырып, айталық, елордаға бет алады. Мұның бәрі бұқараға қиындық келтіреді, шығыны елдің қалтасын қағады. Бәрінің бірдей жеке көлігі жоқ қой. Облыстың бұрынғы әкімі біздің Жетісу өңірінде туризмді дамыту қажет әрі тиімді деп, барлық биік мінберлерден қоймай-қоймай қайталаумен болды. Алайда облыс орталығына тіпті ең қолайлы әрі қолжетімді көлік – пойыз келмейтін болса, оны қалай жүзеге асырады?!", – дейді ол.

Талдықорғандықтардың айтуынша, теміржол қатынасының жоқтығы тек туризмді дамытуға ғана тұсау болмайды. Сонымен қатар, мысалы, Талдықорғанда спорт жарыстарын, олимпиадаларды, фестивалдарды өткізсе, өзге өңірлерден қатысушылар пойыз бармайтынын біліп, бас тартады екен. Алматы немесе Үштөбе жақтан бір көліктен екіншісіне қайта отырып, кімнің титықтағысы келсін.

Жергілікті тұрғындар 90-жылдардың басына дейін облыс орталығына теміржол көлігі тоқтаусыз, ұдайы жүріп-тұрғанын еске алады. Қазір тек жүк пойыздары ғана ерсілі-қарсылы заулайды.

Белгілі бір кезең бойы жолаушылар пойыздары іргедегі Текелі қаласына да қатынапты. Қазір онда да барлық қажетті инфрақұрылым сақталған. Бірақ түгендеу-ревизия жүргізілмегендіктен, оның қандай жағдайда екенін белгісіз. Қалай болғанда, оның бәрін қалпына келтіру бәрібір қосымша шығынды қажет ететіні сөзсіз.

Жаңа Жетісу облысы орталығының тұрғындары Үкіметтен әсіресе, Нұр-Сұлтан және Түркістан бағытында жолаушылардың теміржол қатынасын қайта қалпына келтіруді, субсидиялауды сұрайды. Жаңарған өңірдің жұртшылығы алғашқы жолаушылар пойызының қалаға келетін күнін мерекедей күтетінін, тайлы-таяғы қалмай, қуана қарсы алуға дайын екенін айтады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу