Таяуда халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) жекешелендіруге дайындап жатқаны туралы жаңалық қоғамда дүрбелең туғызып, оның дүмпуі жоғарыға дейін жетті. Тіпті "ЦОН" қызметкерлері де өз арасында сондай әңгіме жайылғанын растаған.
Содан AMANAT билеуші партиясының парламенттік фракциясының мүшелері Екатерина Смышляева мен Юлия Кучинская мәлімдеме жасап, шенеуніктердің бұл қадамына қарсылығын білдірді.
Олар Үкіметтің стратегиялық объектілерді жаппай жекешелендіре бастағанын қынжылыспен еске салды.
"Стратегиялық объектілерді жекешелендіруге бағытталған түсініксіз шешімдер қаптап кеткені сонша, оған біз енді бой үйрете бастадық. Сондықтан ХҚКО-ларды жеке қолға табыстау туралы ақпараттың шындығы ешқандай күмән тудырмады. Бұл азаматтардың әділетті наразылығын туғызды. Жаңа туған сәбиден шау тартқан қарияға дейінгі егжей-тегжейлі бүкіл ақпаратты уысында ұстаған бұл орталықтардың жекешелендіруі дербес деректерді қорғау саласындағы сарапшыларды да шошынтты", – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Ол билік өкілдерінің ХҚКО-ларды жекешелендіру сияқты сорақы қадам "заңнамада көзделген, заңдастырылып қойылған" деген дәйектемелерін жоққа шығарды. Дегенмен, оның бірқатар функциясын жекенің – "серіктес ұйымдардың" қолына табыстауды қазіргі Парламенттің өзі заңдастырып берген екен.
"Ия, аталған мемлекеттік корпорацияның қызметі туралы жаңа заңды Парламент биылғы жылдың басында шынымен қабылдады. Бұл ретте ол заңда серіктес ұйымдардың азаматтардың құжаттарын қабылдауы, дербес деректерді қорғауы, қызмет алушыларды аутентификациялауы бөлігінде нақты талаптар енгізілді. Бұл серіктес ұйымдар онсыз да құрылған, жұмыс істеуде. Тек заңда болмады. Бұл қадам жыл басында елде болған 20-дан астам жеке ұйымның жұмысын реттеу үшін жасалды. Өйткені ХҚКО-лар айналасында реттелмейтін, бақылаусыз "помогайкалардың" тұтас нарығы қанат жайған", – деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, мұндай делдал фирмалар түрлі пилоттық жобалардың аясында немесе көлеңкеде жұмыс істеген, оларға ешқандай талап пен ресми ойын ережелері жазылмаған.
Құзырлы органдар анықтағандай, осы делдал фирмалар жүйеде сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына ықпал етті. Олар арқылы сұраған ақысын төлеген адамдарға, компанияларға ХҚКО-қызметкерлері кезектен тыс, тіпті түнде қызмет еткен.
Құжаттарының пакеттерін келмей-ақ жинап беретін болған. ХҚКО қызметкерлерінің сол клиенттеріне бөгде тұлғалардың дербес деректері туралы досье жинап бергені, тіпті ақпараттық жүйелерге заңсыз түзету енгізгені әшкереленді, айыптылардың бірнешеуі сотталды.
Антикор 2020 жылы "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясын "коррупциялық тәуекелдер бойынша лидер" деп атады.
Биылғы 2024 жылғы кезекті ірі жанжал да ХҚКО-ларға қатысты болды. Олар делдалдар арқылы жүргізуші куәліктерін ақшаға сатып келген. Мәселен, Жамбыл облысында ұйымдасқан қылмыстық топ бұл "бизнесті" ұзақ уақыт бойы жүйелі жолға қойып алыпты.
Қылмыстық схеманы ХҚКО қызметкерлері "помогайка" деп аталатындармен бірге жүзеге асырған. Соңғыларынан көмегімен Жамбыл, Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында клиент іздестіріп, оларға оқытусыз және жүргізу практикасын тексерусіз жүргізуші куәлігін белгілі бір ақыға рәсімдеумен айналысқан.
Мәжіліс депутаттары шенеуніктерге елді дүрліктіріп, әлеуметтік шиеленіске итермелегенше, өз жұмысын дұрыс істеуге кеңес берді.
"Қазақта "Аз сөйле, көп істе" деген мәтел бар. Жекешелендіруге қатысты айқайлап, арандатушылық мәлімдемелер жасағанша, мемкорпорация қордаланған проблемаларды шешу жұмысын жандандыруы қажет. ХҚКО-ларды жағалаған "помогайкалардың" саны еш азайған жоқ. Масқара болғанда, олар институтқа, консалтинг фирмаларына айналып кетті. Бұған қоса, ауылдықтар сол бойы мемлекеттік қызмет алу үшін қалаға қатынап, ондаған шақырым сапар шегуге мәжбүр. Дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету түйткілі жойылмады", – дейді депутат Юлия Кучинская.
Мәжіліс Үкіметтен ХҚКО-лардың қызметін, дербес деректерді, халықты құжаттандыру ісін, мемфункцияларды коммерцияландырумен, оларды табыс көзіне айналдырумен әуестене бермеуді сұрады.
Үкімет не дейді?
Үкімет болса, бұрын көлеңкеде жұмыс істеп келген делдалдарды заңдастырып беруге ниетті. ХҚКО-лардың бірқатар міндеті соларға жүктеуді жоспарлап отыр. Мұны Мәжіліске жауап хатында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр растады.
Бірақ депутаттардың мемкорпорацияға тиісуі негізсіз екен, ол тек жоғарыдан түскен тапсырманы орындап отыр. Бағдат Мусиннің бұл мұрасын қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жалғастырмақ.
Склярдың айтуынша, "бекітілген талаптарға сәйкес" серіктес ұйымдарды алда Цифрлық даму министрлігі өзі іріктеп алады. Бұл үшін арнайы комиссия құрады.
"Белгіленген қағидалар бойынша серіктес ұйымдардың функцияларына мемлекеттік қызметтер жөнінде азаматтарға кеңес-консультация беру, олардан өтініштерді қабылдау, уәкілетті органдар әзірлеген дайын құжаттарды беру кіреді. Ал, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы серіктес ұйымдарды іріктеу процедурасына қатыспайды. Қазіргі кезде оның бекіткен бірде бір серіктестік келісімі жоқ", – деді Вице-премьер.
Ол мемкорпорацияны мүлдем жауып, не жекешелендіріп, оның функцияларын жекенің қолына тапсыру жоспары жоғына сендірді.
"Қолданыстағы заңнама және ішкі регламенттер аясында "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының бэк-офистерінің функцияларын жекеге беру, сондай-ақ оның инфрақұрылымын жекешелендіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ және бұл жоспарланған да жоқ. Мемкорпорация жұмысын жалғастырып жатыр. Мемлекеттік қызметтерді ұсынуға жұмылдырылған барлық инфрақұрылымы меморгандардың қатаң бақылауында тұр. Мемкорпорацияның инфрақұрылымы тек қана мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыруға арналған!", – деді Роман Скляр.
Дегенмен, ол жаңа жылдан бастап, бірқатар қызметтерді көрсетуге делдалдардың тартылатынын жасырмады.
"ХҚКО қызметтері халық арасында жоғары сұранысқа ие. Салдарынан, бұл орталықтарда үнемі ығы-жығы халық жиналады. Бұл ел арасында "помогайкалар" аталатын бейресми делдалдардың пайда болуына жағдай жасады. Олардың қызметі бекітілген талаптарға сәйкес келмейді. Олар мемлекеттік қызметтерді ұсынудың қолжетімділігі мен ашықтығына кері әсер етеді. Бұл проблеманы шешу үшін мемлекеттің өзі реттейтін және бақылайтын серіктес ұйымдарды ендіру бойынша жүйелі жұмыс жоспарланған. Бұл ұйымдар мемқызметтерді алуда азаматтарға көмектесетін болады. Бұл механизмді 2025 жылдың І-тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр", – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр.
Сонда бұл жаңа ұйымдардың заңсыз "помогайкалардан" қандай айырмашылығы бар? Склярдың айтуынша, бір айырмашылығы бар: заңсыз араағайындардан ерекшелігі, серіктес ұйымдар стандарттар мен талаптарды сақтайтын көрінеді. Бұл олардың көрсететін қызметінің жоғары сапасын, айқындылығын және заңға сәйкестігін, яғни, азаматтарды алдап соқпауын қамтамасыз етуге тиіс.
Цифрлық даму министрлігінің бұл "халтурасын" Үкімет қолдады және нормативтік-құқықтық актілермен тас қып бекітіп бермек. Яғни, ХҚКО-ларда ұзынсонар кезекте тұрған адамдарға бұрынғыдай "помогайкалар" қырындап, көмек ұсынады. Айырмашылығы: енді олардың қолында куәлік-корочкасы, құжаттары болуы мүмкін.
Роман Скляр көлеңкелі делдалдарды "серіктес ұйымдарға" айналдыру мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыратынына, сондай-ақ бейресми делдалдардың пайда болуы себептерін жоюға мүмкіндік беретініне уәде етті.
Қазіргі кезде депутаттар арасында да "келесі жылы Үкімет ауысады екен" деген қауесет тарады. Солай болса, жаңа Үкімет ескісінің уәдесін ескерер ме екен?