Режиссер Фархат Серкебаевтің бас кейіпкер – "Үш Жүздің алдаспаны" "Баха" (Бақытжан Абдулаев) туралы 2021 жылы шыққан "Аға" фильмінде қадірлі адамдарға арналған рулық зираттың көріністері паш етіледі. Қазақстандық атыс-шабыс жанрындағы фильм Павлодар және Баянауыл өңірінде түсірілген.
Алайда биік қоршаулы мазарлар, моладағы зәулім сарайлар барлық өңірлерде кездеседі. Күмбезді ғимарат соғу, алтынмен апталған құлпытас қою тірілер арасында бақталастыққа айналып кетті.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бейіт айналасындағы бәсекеге тоқтау салуға талаптанып көрді. 2017 жылы оның Ғұламалар Кеңесі XV мәжілісінде мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарын бекітті. Онда қабірді қоршау, қабір үстіне құрылыс нысандарын салу, белгітас қою, айналасын тазалау, түзету, тағы басқа мәселелер қамтылған.
"Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, аяққа тапталмас үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі. Қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға шариғи тұрғыдан рұқсат жоқ", – делінген құжатта.
ҚМДБ жанынан ашылған "Қамқор-Шапағат" орталығы 2023 жылы облыстардың мәслихаттарына бейіт басына биік нысандар тұрғызуға тыйым салу туралы ұсыныс жолдады.
Өйткені зираттар жергілікті атқарушы органдардың қарауында. Егер депутаттар қолдағанда, мәслихаттар қаулы қабылдап, бүкіл 20 өңірде зират орналастыру заңдылығы өзгеретін еді.
"Қабірге жерленген кісінің кім екенін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі қоюға рұқсат. Құлпытас биіктігі 1 метр, ені 50 сантиметрден аспауға тиіс. Құлпытасқа марқұмның аты-жөні, туған жылы, қайтыс болған уақыты жазылса жеткілікті. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді", – деді сонда "Қамқор-Шапағат" орталығының директоры Мейрамбек Қабыбекұлы.
Бірақ зираттарда архитектура, сәулет өнерінің туындылары ары қарай пайда болуда. Рулар, әулеттер, отбасылар бақиға аттанған өз өкілінің мазары өзгенікінен еңселі, көркем, айбынды болуына барын салады.
Кейбірінің құны 100 мың доллардан асып кетеді. Мәрмәр не граниттен соғылған құлпытастардың құны 7 миллион теңгеге дейін баратын көрінеді. Бұл қаржыға тірілерді баспанамен қамтуға, сол арқылы аруақтың атына елдің ризалығын алуға болатын еді.
Таяуда Сенат осы саланы ретке келтіруді сұрап, Үкімет басшысына жүгінді.
"Қазіргі кезде жерлеу рәсімдері саласында жедел шешуді талап ететін салмақты проблемалар қордаланып қалды. Бұл ретте заңсыз жерлеу бюроларының қызметіне, сондай-ақ зираттарды күтіп ұстауға ерекше назар аудару қажет. Соңғы жылдары бұл бизнес экономиканың ең көлеңкелі және бақылауға көнбейтін саласының біріне айналды. Бұдан бөлек, зираттарды ұстауды жекеменшікке беру қоғамдық резонанс тудырады және бірқатар әлеуметтік, этикалық және экономикалық проблемалар туғызды", – деді сенатор Андрей Лукин.
Оның айтуынша, Парламент депутаттары "Жерлеу ісі туралы" жеке заң әзірлеу мәселесін бірнеше рет көтеріпті, ұсынысын сол бойы өткізе алмаған.
Жеке заңда өмірден өткендерді жерлеу тәртібі, жерлеу орнын таңдаудың және күтіп ұстаудың санитарлық, экологиялық талаптары, сондай-ақ жеке қызмет түрі ретінде ритуалды қызметтер ұйымдарының жұмысы реттелуге тиіс.
Өйткені бүгінде жерлеудің құқықтық негіздері және жерлеу ісін ұйымдастыру әртүрлі заңнамалық және заңға тәуелді актілер, соның ішінде әкімдер мен мәслихаттар шешімдері арқылы реттеледі. Яғни, ол құжаттарда әрбір әкімқара мен шенеунік не жазамын десе де өзі би, өзі қожа.
Сенаторларды шенеуніктердің ритуалды қызметтер нарығын бәсекелі ортаға беру ниеті шошынтып отыр. Бұл, депутаттардың байламынша, нарықтың монополияландырылуына және криминалдануына соқтырады.
Бұл сондай-ақ бейіт басын алаяқтардың жайлауына өріс ашуы ғажап емес. Жан тапсырған адамның мәйітін ұзақ сақтауға болмайды, егер мүрдені қоятын жер беруге асықпай, сергелдеңге салса, азаматтарға амалсыз, пара беруге, қосымша ақы төлеуге тура келмек.
Сондай-ақ Сенат бір көр орнын бірнеше адамға қатар сату, мәйітті заңсыз қазып алу (эксгумация) қаупі туындайтынын ескертті.
Осының бәрі азаматтардың құқықтарын бұзады және құқық қорғау органдарына қосымша салмақ түсіреді. Оларға елді мекендердің шетінде, шалғай жатқан бейіттерге жиі сабылуға тура келуі мүмкін.
"Мысалы, Астана қаласының қарауында 28 зират және 1 Пантеон бар. Мемлекеттік кәсіпорын жерлеу орындарының орталықтандырылған есебін жүргізеді. Азаматтарға ақпаратты, тарихи мәліметтерді ұсынады. Осы функциялар жеке компанияларға берілсе, дерекқорды жоғалтуы, мәліметтер базасын жүргізуден бас тартуы мүмкін. Оның үстіне, елордадағы жерлеу құны елдегі ең төменінің бірі. Жекешелендіруден кейін жеке компаниялар бағаны міндетті түрде арттырады. Зираттарды коммерцияландыру олардың "VIP-қорымдар" аймағына трансформациялануына соқтырады. Мемлекет бақылауды түпкілікті жоғалтады", – деді сенатор Лукин.
Сенат депутаты кейбір зираттарды иеленіп алған жеке операторлар пандемия кезінде жерлеу құнын 1 миллион теңгеге дейін көтергенін еске салды.
Сенат Үкіметке жерлеу рәсімдеріне қатаң мемлекеттік бақылау енгізуді, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне зираттарда орындарды заңсыз бөлу және сату үшін қатаң жаза енгізуді ұсынды.
Үкімет не дейді?
Үкіметтің бұл ұсыныстарды қабылдаудан бас тартқаны кеше белгілі болды. Оны Сенатқа Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі хабарлады.
Үкімет басшысы зираттардың статусын заң деңгейінде бекітуді қажет емес деп санайды. Бейіттерге арналған жеке заң да болмайтынға ұқсайды.
Олжас Бектеновтың айтуынша, "Мемлекеттік мүлік туралы" заңының 82-бабының 1-тармағына сәйкес, жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікке алаңдар, зираттар және өзге де қоғамдық құрылыстар мен үйлер жатады.
"Бұған қоса, 2021–2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарында бәсекелі нарыққа тапсыруға арналған, ритуалды қызметтер көрсететін және зираттарға қызмет ететін мемлекеттік кәсіпорындар жоқ. Осылайша, зираттардың мәртебесін анықтау мәселесі қолданыстағы заңнамамен-ақ реттелген. Зираттарды жекешелендіру рәсімдерін өткізу де жоспарланып отырған жоқ", – деді Бектенов.
Ол жерлеу саласын цифрландыруға қатысты пікірін білдірді. Мәліметінше, бүгінде елді мекеннің шекарасы аясында зираттарға жер бөлу жергілікті атқарушы органдардың қала салу құжаттамаларын әзірлеу аясында жүзеге асырады.
Барлық жылжымайтын мүлікті есептеу, соның ішінде жерлердің санаты мен нысаналы мақсаты "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесінде (ЖМБМК АЖ) көрсетіледі.
Бұдан бөлек, әрбір әкімдік өңірлік геоақпараттық жүйе мен жергілікті деректер базасын пайдаланып, жергілікті зираттарды сол арқылы басқарады және орындардың есебін жүргізеді екен.
"Сонымен қатар, "Жария кадастрлық карта" да бар. Ол жерге қатысты мәмілелерді өткізу және қамтамасыз ету үшін ЖМБМК АЖ-дан жалпыға қолжетімді деректерді онлайн режимде алуға мүмкіндік береді. Онда зираттағы бос жатқан және бос емес учаскелер туралы өзекті ақпарат ұсынылады", – деді Олжас Бектенов.
Қоғам тарапынан "бейіт басына зәулім сарай салып, тек бір марқұм үшін үлкен жерді алуға" тыйым салу туралы ұсыныс айтылып жүр.
Премьердің мәліметінде, Жер кодексінің 109-бабының 3-пунктіне сәйкес, зиратқа арналған жалпы пайдаланымдағы жерлерден әрбір дүние салған тұрғынды, сол елді мекенде өлген белгілі орны-мекенжайы жоқ адамды жерлеу үшін кем дегенде 6 шаршы метрді құрайтын жер бөлінуге тиіс. Онда не саламын десе де, әр адамның өз еркі, бұл оның құлқының, ар-ожданының ісі.
Үкімет басшысы Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабына сәйкес, жерлеу қызметтерінің, тауарларының тарифтері мен бағаларын кәсіпкерлік нысандары өз бетінше белгілейтінін қаперге салды.
Бектенов заңнама бойынша әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) мен дәрі-дәрмектің шекті бағаларын, сондай-ақ табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін ғана мемлекет бекітетінін еске салды. Жерлеу қызметтерінің бұларға жатпайтыны қадап айтылды.
Соған қарағанда, жерлеу қызметтері ары қарай қымбаттай беретін болса керек. Зират басына зәулім, күмбезді "сарайлар" салуға да әзірше тоқтау болмайтын түрі бар.