Үкімет "цифрдың" не беретінін білмейтін болып шықты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5730

Көркем тілмен айтқанда, бүгін үкімет дүниежүзілік тарихтың "цифрлы" дәуірі бойынша сынақтан сүрінді.

Үкімет "цифрдың" не беретінін білмейтін болып шықты Фото: akorda.kz

Астанада цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтегі жауапты министрліктер әзірлеген жаңа "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасына көңілтолмастық білдіріп, қатаң сын айтып, қабылдаудан бас тартты және қайта пысықтауға кері қайтарды.

Өйткені бағдарлама біз ұмтылған озық "отыздықтағы" елдер түгіл, санкциядан соры қайнаған Ресейдегі баламасының да "қолына су құюға" жарамайды екен.

Алдымен елбасы іс-шара алдында арнайы әзірленген көрмені аралап көрді. Онда түрлі бағыттар бойынша 30-дан астам ІТ-жобалар қойылған.

Содан кейін үлкен залда жауапты шенділер мен олар жалдаған мамандар "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы жобасының тұсаукесерін өткізді. Бұл қызықты тамашалауға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың жетекшілері, парламент депутаттары, шетелдік ірі кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері шақырылыпты. Олар алдында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялар саласындағы сарапшылар баяндама жасады.

Содан кейін мемлекет басшысы микрофонын қосты.

"Ресейде мысалы, бұл мәселелермен қазір Алексей Кудрин мырза айналысып жатқанын білемін. Оның мәлімдеуінше, Ресейді цифрландыру 2024 жылға қарай жалпы ішкі өнімге қосымша 5-7 триллион рубль өсім бере алады екен. Осы мақсатта олар осы іске 1,5 триллион рубль салуды жоспарлауда. Ал біздің бағдарламаны әзірлеушілер одан қандай пайда табуды жоспарлауда? Ол туралы ештеңе де естімедік. Жарайды, 2021 жылға қарай жоба бойынша 251 миллиард теңге шығындайық. Қайтарымы қандай? Цифрлар жоқ. Егер дәл осылай жұмыс жасайтын болсақ, бұл ақшаны желге шашу болмақ, немесе ол қаржы тағы ұрланады. Сондықтан біз өз мақсаттарымызды нақтылап алуға тиіспіз", – деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы жаппай цифрландырып шығу деген мақсат еместігін, ол тек экономикалық өсімге қол жеткізу құралы ғана болып табылатынын атап өтті.

"Егер біздің бағдарлама әзірлеушілер мен кеңесшілер қайтарым-эффектіні дұрыс жоспарламайтын болса, онда олар қандай да бір себеп не ниетпен біздің дамуымызға тежеу салғысы, тіпті тоқтатып тастағысы келеді деп санауымыз қажет. Мен бұл жерде "олардың ойлағаны сол" деп отырған жоқпын, бірақ солай болуы да мүмкін", –  деп кейіді мемлекет басшысы.

Сондықтан ел президенті үкіметке "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын айтылған ескертпелерге орай қайта пысықтауға, шынында зерттеулер жасап, қайта жазуға 2017 жылдың соңына дейін уақыт кесті

"Бағдарлама пысықталсын, нақтыландырылсын. Жыл соңына дейін уақыт беремін. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір ай сайын қайда бара жатқанымызды мен жеке өзім бақылап отыратын боламын", – деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұдан бұрын хабарлағандай, "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы төрт негізгі жұмыс бағытын – инфрақұрылымды дамытуды, адами капиталды жақсартуды, экономика салаларын цифрландыруды және мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіруді қамтиды.

Мамандардың айтынша, қазіргі уақытта адамдар өмірін өзгертетін "цифрға" құрылған бес негізгі технология бар, бұлар – интернет, жасанды интеллект, блокчейн, 3D-баспа және "үлкен деректер" (big data). Озық елдер осыларға үлкен инвестициялар құюда.

Мәселен, Германия  заттардың өнеркәсіптік интернетін және 4,0 индустриясын дамытуда, бұл оған заманға икемді өндірісті құруға көмектеседі. Германия осының арқасында өз экономикасының өнімділігі 150 миллиард еуродан артыққа өседі деп жоспарлауда. 

Швецияның кадастрлық қызметі болса, мүліктер бойынша барлық мәмілелерді блокчейн арқылы жазуды тестілеуден өткізуде. Бұл осы елдегі салық төлеушілердің қаражатын жылына 100 миллион еуроға үнемдеуге мүмкіндік береді екен.

Ал Қазақстанда "Цифрлы Қазақстанның" қандай экономикалық, қаржылық тиімділік әкелетінін осы секторларға жауапты шенеуніктер әлі күнге айта алмай отыр.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын дамыту үшін цифрлық технологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

"Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады", – деді президент.

Елбасы цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы өкілетті органдар мен кәсіпорындар тарапынан ерекше мән беруді қажет ететін цифрландырудың жекелеген бағыттарына тоқталды.

"Мемлекеттің, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын жолға қою маңызды. Бизнеске цифрлық технологияларды кең ауқымда енгізуі үшін жағдай жасау керек, – деді Қазақстан президенті.

Сонымен қатар, елбасы біліктілігі жоғары мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталып, білім беру саласындағы саясатты қайта қарау қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының базасында, сондай-ақ инновациялық кластерлер аясында құзыреттілік орталықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды.

Қазақстан президенті ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің жаңа технологияларды әзірлеу мен оларды енгізу мәселесінде басты рөл атқаратынын айтты.

"Еліміздің қаржы секторы озық технологияларды мейлінше сезінетін сала болғандықтан, цифрландыруға қатысты шешімдерді кеңінен қолдана бастады. Ол алдағы уақытта да осы үдерістің басында болуы керек. "Астана" халықаралық қаржы орталығының алдында жаңа қаржылық технологиялар мен құралдарды дамыту міндеті тұр", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев белгіленген міндеттерді шешіп, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ынталандыру үшін нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді тапсырды.

Соңында мемлекет басшысы болашақтағы жаһандық сын-тегеуріндер мен технологиялық трендтерді зерттеу қажеттігін атап өтті.

"Бүгін айтылған мәселелердің барлығы еліміздің Үшінші жаңғыруы аясындағы маңызды міндеттер саналады. Үкімет оларды мемлекеттік бағдарламада ескеруі қажет. Сондай-ақ, ортақ мәселелерді шешу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында арнаулы комиссия құру керек. Сонымен қатар, бағдарламаны жетілдіре түсу үшін президент жанынан комиссия құруды тапсырамын", – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу